ЖАРЫҚ ДҮНИЕ

Эссе

 

Гүлдария Мақыпбекқызы емшіге!

Пенденің қалағаны – ризық. Ризық бейнет жолында, мехнаттың түбі – ризық. Ырыстың алды – еңбек. Еңбекті азапқа айналдыратындар, шын мәнінде, оның бақыт екенін, қуаныш екенін, құт екенін білмейтіндер.

Себебі бар: еңбек дегеніміз адамға аса қажет, кісі шексіз тәуелді, рухты көтеріп алып жүретін әрекет, күш, дәстүр. Күштің өзі рух!

Ар-ождан, есті сана, сағыныш пен жұбаныш атаулы дене бойында емес, дене бойында туатын бір сәттік, үнемі өзгеріп, қайталанып тұратын, рухани құбылыстар, сана жарықтықта тоғысатын, көрінетін, әсерін байқататын бүтіндер, немесе “гельштаттар”, бәлкім, дәлірек, психикалық тумалар, өмір дегеніміз тірілік, импульс-толқындар (тірлік/тіршілік – екінші төмен саты, салдары).

Импульс-толқындар самалдан басталады. Жайлап соғады, қозғалтады, қажетінде қопарады, керегінде әлсіз өтеді. Құйын да, тыныштық та бола алады.

Өзін-өзі қозғап тұрмаған күштің тыныш жағдайда өмір сүретін қуаты жоқ. Кез келген объект өз уақытымен келе жатса да, жылдамдығын абсолюттік тұрғыдан тани алмайсыз, оның лездігі салыстырмалы түрде ғана беріледі, айқындалады.

Демек, осы ой-толғаныстарды сараптап көрсек, бір тамаша тұжырымға тоқталамыз; өмір дегеніміз дем.

Құдайдың үрлейтіні есіңізде ме, сыңғырлап кепкен, қаңсыған топырақтан адам жасап, дем береді. Бұл дем жүз жылға, тіпті, сан ғасырға созылуы мүмкін.

Адам дәм-тұзы таусылған соң емес, демі біткенде дүние салады. Өлім аузындағы пендеге дем салудың мағынасы да сол: өз демімен бөлісіп, өлімді тежей тұруы керек. Даты бар!

Атау-кере – бір ажалдың аяғы, бір ажалдың басы. Екі түрлі ажал. Бірі ақырын айқындайды, бірі қайнарын белгілейді. Адамның ақыры ақырын келеді. Демі ішінде, ол – өлейін деп немесе біртіндеп өліп бара жатқан пенденің демін бірсін-бірсін жұтып, тұншықтыра бастайды. Бірақ, бұл тұншықтырудың жөні басқа: адам тұншықпайды, оның демі үзіледі. Бұ дүниеде тұншығады, о дүниеге аттап, аттанып келе жатқанда тынысы тоқтайды.

Құдай берген дем – ғұмыр. Көпке жетеді. Пенде оны көп жұмсайды. Бір деммен салмақ та көтереді, жүк те артады, ауыртпашылық та теңгереді. Құдайдың демі естілмейді. Кісі алқынғанда, демді көп сұрайды. Сабыр – демнің үнемшісі.

Дем жаратылыс бойында өмір сүреді, жаратылғанда кіреді, жаратып мөлшеріне жеткенде, жаратылыс бойынан шығады. Демнің қуаты таусылғанда, Құдайға қайтады, пенде бойында қалып қоймайды, сондықтан біз жанды көрмейміз. Жан – демнің көрінбейтін көрінісі. Тірісінде, жан дем алып тұрады, өлісінде – білмейміз, о дүниеде қандай сапар күтіп тұр, біз оны білмейміз.

Сондықтан, емшілер үшкіріп емдегенде Тәңір құдыретіне (Алла) еліктейді, бірақ, ем қона ма, жоқ па, Жасаған Ие қолында, ем-дом деген сөздің өзінде дем ұғымы жатқан сияқты көрінеді.

Дүниеде артық дем жоқ, демнің бәрі өлшеулі. Өлшеусіз дем Алла тағалада ғана.

Дем бар жерде ғана өмір бар. Деміміз таусылмасын.

О дүние де, бұ дүние де шексіз.

Дем – күш. Демнің әлсізі – құйындай шығар, кім білсін. Бірақ, дем тыныш қалпында да қуатты. Тыныш жағдайдағы күштің күші – орасан зор. Орасан зор да емес, шексіз орасан зор.

Бүкіл әлемде, ғарышта, тіпті, ғаламның түрлі кеңістігінде (ірі масштабты физика мен кванттық физика) күш бар. Бәрі күшке бағынған. Біз қайда барсақ та, алдымыздан күш шығады.

Бірде, дем күйінде, бірде, қуат түрінде. Екеуі де шексіз… алайда біздің қарамағымыздағы, қол жететін дүниенің бәрі шектеулі, демсіз. Демді Құдай береді. Бізді Құдай ғана демейді. Де, деме – дем еді, демеді…

 

21.07.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here