Дидар АМАНТАЙ

ЕМШІ

әңгіме

Гүлдария Мақыпбекқызына!

 

Қападар жүзіне босағадан жарық түседі, түскен шақта көзінде – нұр. Көңілінде – жеті түн, тылсым, жұлдыз, сосын, шексіз аспан.

Бөлме іші – алакөлеңке, білте шам сығырайып жанып тұр. Өлеусіреген көмескі жарық жан-жағына әлсіз тарайды. Емшінің қолы жылдам, алдына еңкейіп, төсек тартып жатқан адамды әрі-бері аударыстырып, аяқ-қолын шығарып алып, бірде жоғары, бірде төмен, кейде өзіне тартады. Сырқат аунатып-қунатып алғанда, қайыра аяқ-қолын бауырына жинап, қозғалмай қалады. Шипагер қолына құтыдан май құйып, көмектесіп тұрған жас тәлімгер ұстазына болысып, науқастың сыртына, мойын омыртқадан бастап өкшесіне дейін түгел майлап шығады, сосын, бар күшін салып қайта ысқылайды. Буын-буынына келгенде ауырсынған дыбыс шығарады, қиналғанына қарап жатқан жас емші жоқ, араб тілінде, қазақ тілінде сүрелер оқып, аяттар айтып, бір Тәңірден көмек сұрап, төңірегіне құптап қарап-қарап қояды.

  • Гүлдария апа, қойдың терісі дайын, әкеле берейік пе дейді.

Үнсіз.

  • Дерті асқынып кетіпті.

Пештен қу ағаштың сытырлап жанғаны естіледі. Әредік, шырпы атады, сосын, бір-біріне ілініп тұрған отын сау етіп төмен құлайды. Жас тәлімгер отынды үстемелеп қояды. Үй тар, оқшау тұрған жеке жай, шағын лашық. Ниет ақ болсын, бүгін шипа қонатын күн, Алла қаласа, төсектен тұрып, жүріп, сауығып кетуі тиіс.

  • Кіргізсін.

Хан үкіміндей үні баяу шықты, әр сөзін аңдып жүрген жұрт лезде сапырылысып кетті, есік ашылып-жабылды, білте шам көбейді, жалыны жанынан жылдам өткен жұріс-тұрыстан, белсенді қозғалыстан жан-жағына жалп-жалп құлайды. Ел шапшаң, ыдыс-аяқ ағылып-төгіліп келіп жатыр, табақта есеп жоқ, кісі де толған, бәрі жанашыры, қамқор, алаң жұрт, шағын үстелді көздеп сорпа, жас саумал, ақырған қымыз, жал-жая, қазы-қарта, шұжық, қуырдақтың түр-түрі кезек-кезегімен тасылып, тасымалданып жатқанына қарап, бала жігіт танырқап, тамақпен емдей ме, деп ойлап қояды. Күлді. Кенет ішіндегі ең әлдісі, балуаны оны көтеріп алды, емші бұйырып тұр, нұсқауы қысқа-қысқа, науқас қой терісіне тыр жалаңаш жатты, үсті-басын тағы жылылады, асты бергізбеді, соңыра, әйтпесе дәретке тұра береді.

  • Қалқажан, сен оқи ғой.
  • Жақсы.

Тегіс дастарқан басында. Ет үстінде әңгіме тиегі ағытылды, аймақтың тарихындағы барлық тәуіп еске түсірілді, жекелеген әулиелердің тылсым дүниелері, әрекеттері, ем түрлері айтылды.

  • Қалайсың, жақсысың ба, – Гүлдария емші ақырын күлді.
  • Терлеп жатырмын.
  • Қазір тұзы кетеді.
  • Суығанда ауыстыра ма?
  • Жоқ, суымай тұрып.

Ол алаңдап қалды. Ауыстыратын киімі дайын ба екен, жылы ма екен, күзетте кім.

  • Cізге рақмет, – деді бозбала.

Емші қайта күлді.

  • Тәуір боп кетесің.
  • Кәдімгідей ме?
  • Кәдімгіей.

Бала жігіттің көңілі көтеріліп қалды. Емші орнынан тұрып еді, қарбалас қайта басталды. Тіпті, адамнан бастап жансыз заттарға дейін қозғалысқа келді. Бәрі асығыс, байсалды, үнсіз. Артық ауыз сөз жоқ. Мәселеге байланысты ғана дауыстар шығады. Бұйрық түрінде түседі, түскен бетте орындалады. Жүздері қараңғы, жүгіріп жүрген кезінде жарықтан бірін бірі көлегейлейді.

От жанып жатыр. Қу ағаштар қозып жанады. Біреуі отқа жауапты. Пеш алдында от аңдып отыр. Ертең таң ата, елең-алаң мезгілде науқасты Күнге қарата, сәлем бергізіп, тізе бүкітіріп, бас игізеді.

  • Армысыз, Күн!

Күн күтеді.

  • Ару Күн, армысыз, – дейі тағы.

Күн де амандасады. Солқ етіп түсіп кете жаздайды. Қалт тұра қалады да, аспанға өрлейді. Түстен кешікпей, тас төбеде тұруы керек. Оның қолы бос емес, жүретін жолы ұзақ, сапары қашық, кешігіп жеткені көрініп тұрады. Қашанда ел арасында, халық ішінде.

Осы Тәңір жарықтық Күнге айналып кетті ғой деймін, деп ойлады ол. Сабырлы болса, онда нақты Күн, жүзі нұрлы болса да, сол. Сәулелі құдай тек Тәңірі ғана. Хақ Алла қадым заманнан көрінбейді, көзге түсетін – жаны ашитын, шипасын жіберген біздің Тәңірі.

Тәңірге Алла жар болсын!

Ол жартылай жалаңаш омырауын Күн нұрына тосып, жалаңаяқ шалғын кешіп келе жатты. Қасында – Гүлдария емші, жас тәлімгер, сосын, түні бойы от көсеп шыққан қойшының бейнетқор баласы.

Ем болсын, десті бәрі.

Бала жігіт жүгіре жөнелді. Ол көкжиектен рауандап атып келе жатқан қызыл Күн астынан көрінді. Күн – үлкен. Діттеген жеріне тез жеткеніне сенбей, әрі қарай, тоқтамай, біраз шапқылап, көз ұшында қарайып ұзап бара жатты. Ол қазір Күн астына кіріп, жоғалып кететін тәрізді. Күнге жетті. Жан-жағынан шұғылаға көмілді.  Кенет Күннің өзі алдарынан бетпе-бет қарсы жолықты. Қырқаны аса беріп, тағы нұр шашып көрінді.

Бір жағында – қыр гүлдеріне толы жыра-сай, жылға-жүлгені жағалап өскен қалың қау, көк шалғын, биік, бітік, екінші жағында дария көл жатыр екен, дейді. Төңірегі… тау-орман, кең жазира өлке, шалқар дала, күркіреген өзен, қабақты, ұзын, ағысты.

  • Оян, түс көрдің, болды, далаға қара – бұның бәрі…
  • Бұның бәрі – сен үшін.

Ол қайта ұйықтап кетті. Түсінде Тәңірді көрді. Бірінші рет.

  • Армысыз!
  • Қайырлы таң!

Көп нәрсе айтқысы келіп еді, қапелімде есіне ештеңе түспей қойды. Тәңірі жоқ болды.

Жарқ етіп келді, жарқ етіп кетті.

Айтатынын қойшы, сұрайтынына – обал. Бұ дүниеге қажет о дүние бар ма екен өзі? Әлем – жұптық ұстынға тәуелді. Екі-екіден өмір сүреді. Қосарланып. Жұптың бірі жақ, бірі қарсы. Екі тақ – бір жұп.

Тақ сан – Құдай ғана.

  • Күн жалғыз емес, – деді ол, – бір жақта Айы бар.

Ол кері жүгіріп, Күн астынан шықты. Тәңір де сыңарлы. Бәрі бір Алланың қолында.

 

19.07.2020

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here