Дидар АМАНТАЙ

ЖЕЛДЕЙ ЕСКЕН АРҒЫМАҚТЫҢ
АҒЫЗЫП ШАУЫП КЕЛЕ ЖАТЫП ӨЛГЕНДЕГІ
ЖҰЛДЫЗДАЙ АҚҚАН СӘТІ
Әңгіме

Күні бойы тау етегін сағалай шапқан арғымақ соңынан қуған көк бөрілерге жеткізбей қойды. Ұдайы оқ бойы озық отыр. Әлі де, араға елік адым жер тастап, жан-жағына үрке қарап, кісінеп, елеңдеп, қара үзіп келеді.
Бұл – оның соңғы бәйгесі.
Кәрілік дерті меңдеп, қайратын алса да, қайран заманын, жалынды уақытын аңсап еді. Сәл ұзап кетіпті. Жамырай үргенге мойын бұрып қарағанда, қасынан, ши түбінен арланды таныды, қапелімде, іргеден шықты.
Көп жыл бұрын, иесі екеуі, керісінше, оның ізіне түсіп еді. Бірақ, ұстатпай кетті, алайда, біраз қорқытып-үркітіп алды, әйтпесе жылқыда тыныштық жоқ, түн сайын жортуыл, шапқыншылық, жылқыны кейде үйірімен айдап әкетеді, кейде, жай, әшейін, жаралап, шығынға ұшыратады.
Бір-бірін қоштап, ауыл иттері алыстан әупілдесіп жатыр. Елді әбігерге салып, үріп, шулатып, абаданына қора түбінен шәуілдеп, ажары әлемтапырықтанып кетсе де, жүйріктің көздері шырақтай жанып, қанталап, қырынан бәрін көріп тұр.
Кенет, жер тарпып-тарпып жіберіп, тұра қашты. Жотадан, жон қабырғасынан елеусіздеу, бөлектеу жортып, екеу қосылды, сосын, үшеу – төртеуге айналды, төртеу – бесеу болды,  дәл есінде жоқ, кейін, тұяқтары жерді ойып, соңынан жентек-жентек топырақ шашты, кесек-кесек тас атып, қиыршық құм лақтырды, алдынан да, артынан да жолатпады.
Қасқырдың көздегені – шаужайы. Бір тартса болғаны, ішек-қарны ақтарылып түседі, шұбатыла береді.
Шұбатылса, аяғына оратылады, жылқы үркіп қашқан сайын әр тұсынан үзіледі. Ең соңында қайран арғымақ өзін-өзі өлтіріп шауып келе жатып құлайды.
Бағанада, басында бес-алты қасқыр еді, енді қазір қатары көбейген, шоғыры қалыңдаған – үйір саны он шақты қарадан асып, ірілене бастаған, ілгері атылып, ұзын қарғып жүгіреді.
Сұңғыла ойлы-тұғын, сайыпқыран мінезі бар еді, үнемі үстел басында үнсіз, жылқы қорада көсем, сабырлы.
Биыл – аса қападар, кезінде жыра-сайды паналап қырда жыл жататын, қазір ауыл маңындағы ақсақ-тоқсақ, кәрі-құртаңға бір-екі айлық бақташы. Басында, несібесіне малдың жақсысы тиіп еді, маңдайына түліктің асылы бұйырған-ды, жылқышылық елде – абыройлы кәсіп, қол жете бермейтін атақ, бірақ, өмірі өтті, жасы келді, тастаған құрығы шатасатын болды, не асып кетеді, не ерте құлап жығылып жатады.
Бәрінен жанына қатты батқаны – асаулар оны мойындамай қойды, жылқы біткен көпе-көрінеу басынды. Баяу жүрісінен, әлсіз кейпінен қайраты семіп, қажыған адамның қарт бейнесін көрді.
Иесіне жаны ашыды. Көктем кезі, сәуір тұсы болса керек. Ол екі атын жетектеп, үйге қайтты. Жылқыға кілең жастар келді. Жарау аттарын әрі-бері ойқастатып, қосты бұзып кете жаздады. Жалын атқан жастық шақ ат үстінен Алпамыс батырдай көрінді. Жас бар жұмысқа жарасады. Сенің кезің бітті, кезегің өтті. Ол енді немен айналысамын деп ойланып келе жатып, кенет, қасына ерген балаға қарамай, еңкілдеп жылап қоя берді. Заман соныкі еді ғой, қалай тез бітіп қалды, тасыған өзен үстімен жүзіп суда қалған аруларды тасығаны есінде, ауыл батыры өзі еді, жағада оны асыға күткен арудың біреуін допша қағып алып, екінші жағаға апарып тастайтын, қияқ мұрты, шалт қимылы, ерде жайғасқан, қияға қонған құстай тіп-тік отырысы оның әлі жас екенін, бар өмірі алда екенін, Қарқаралы қыз-қырқыны оны қатты жақсы көретінін білдіріп тұратын.
Жаяу қос атын, бірі тұлпар, бірі қазанат, кешегі байлықтан қалған ризық, қатар жетектеп келе жатқан жылқышы артына бұрылып, ауылдан ұзап бара жатқан жылқыға тағы бір қарады. Өмірі де алыстап ұзап бара жатқанға ұқсады. Ол соңғы рет қарап тұрған еді. Үйге жеткенше кемсеңдеп жылап келді. Бір аптадан кейін құсадан қайтыс болды. Жасынан жылқыны сүйіп, жылқы арасында өскен жылқышы адамдар арасында ұзақ тұра алған жоқ. Қолына ер-тоқымын алып, жүгенін сылдыратып, көлеңке іздеп, аула кезіп жүретін.
Енді кезек өзіне келді. Қазанат қартайып өлді. Өзімен жылқышы дәуірі бітеді. Екі ауыл арасына автобустар жүре бастағалы қашан. Көлік сөзі техникаға қаратып қана айтылатын болады.
Оның ажалы жетті. Қасқырлар алмай қоймайды. Тек сүйегі далада шашылып қалатын болды. Сол – өкінішті. Бүгінде арғымақтарды соңынан іздеп шығатын ұрпақ бар ма. Бірақ, арғымақтар қайта айналып келеді. Тағалы аттар тас көшелерді тұяқтарымен жаңғыртып ұлы қалаларға ту көтеріп кіріп келе жатады. Сонда, лаврға оранған көп күймелердің бірінде, өзі жардан тасыған арулардың ортасында жылқысын мақтап жылқышы да отырады.
Көк бөрілер қуып жеткенде, жүйріктің шелектей танауына таң қалды, қатар келе жатып бәрі шаужайына жармасып, қауып тістей берді. Бірі ілініп қалуға тырысты. Ақыры жүйріктің қарны жарылды, ішек-қарны сыртқа ақтарылып түсті.
Ол ұзын сирақтарымен өз ішектерін өзі бырт-бырт үзе бастады. Бірақ, тоқтамады, шауып бара жатып жан тапсырды. Қаптаған, жан-жақтан анталаған қасқырлар өлі күйінде шапқан жылқыны бірінші рет көрді. Бұл оның жұлдыздай аққан жұлдызды сәті болды.
Қас пен көздің арасында жүйрік тауға қарай шауып, жоғары шығып кетті. Көк бөрілер іздеп көп жүрді. Қазіргі күндері жарықтық Қарқаралы жаққа барған адам қызыл іңірдің соңын ала Шаңкөздің шыңдарына шықса, шауып жүрген арғымақ жылқының елесін көреді екен, жолын кесуге, тізгінін іркуге болмайды, қасқырдан құтылудың басқа амалы жоқ.

15.07.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here