Дидар АМАНТАЙ

МЕН КӨРГЕН ТӘҢІР
Кино/Эссе

Біз сақарада Құдайдың белгілерін көрген ескі заманда өмір сүрген жоқпыз, бірақ, иманды таныдық.
Таң іргеден атқанда, Тәңір көрінді, кеш батқанда, көзден тасаланды.
Бала кезінде адамзат барлық күшке табынды, алайда, сол құдырет көп жұрттың арасында жүр еді, уақыты келген жоқ, жаңа низам, терең сенім өз тура жолында, түпкі мақсат образында біздің дәуірге келе жатты.
Ұлыға иланған кез еді. Көшеге пайғамбарлар шықты, бірақ, көштің бағыты өзгерген жоқ.
Он сегіз мың ғаламды жүз жиырма төрт абыз басқарды. Тәңірдің сөзі таңбаланды, тағдырдың пешенеге жазғанын адамзат екі ғасырдан астам уақыт үңіліп оқып келеді, мүмкін, үш, төрт, бас ғасыр, кім біледі, танық кезең таныс мезгілден әлдеқайда көп.
Тезаурус. Тегіміздің жадқа түскен көлемі. Таным қамтыған әлемнің ұмытылған тұсы да бар.
Бетпақ түздің Тәңірден Аллаға қараған мерзімі туды. Тәңірлік ұғым-түсініктер бойымызда қалды, ойымызда тұрды, архетипке айналды, рухани негіздің үстіне ислам нұры қонды, сәулесі түркі ұлыстарына, қыпшақ даласына шашырады, оғыз Хазар теңізін айналып, Анадолы өлкесіне, Византия жеріне жетіп, Константинополь түбіне шатыр тіккенде, қаптаған жорық күркелері маңдайшасында, найза бойы, көк байрақтарға жасыл жалаулар араласып, желмен сытырлап, желбіреп тұр еді.
Ұлы дала перзенті, Шыңғыс хан немересі, Жошының үшінші ұлы, Бату ханның туған бауыры, Алтын Орданың айбарлы билеушісі, Бейбарыс сұлтанның одақтасы, Берке хан сақарадғы тұңғыш мұсылман еді, бағынышты елдер ислам, шариғат талаптарына мойынсынды.
Тұран өңірі Тәңірден Аллаға өткен өткел – Шыңғыс хан жорықтары, шапқыншылық жолдарында жатыр, өзге діндегі ұлыстар, өз пұттарына табынған тайпалар бірте-бірте мұсылман үмбетін құрады.
Сайыпқыран қаған немересінен басталды, әкесінен жұқты, атасынан аруақ бітті, жын-шайтанды жеңді.
Ұлы Тәңірдің уақыты өтті, бірақ, мәні қалды. Бойымызда рухы, санамызда мағынасы, жөн-жоралғыда мазмұны тұр. Ғасырлар бойы көшпелі жұртқа сүйеу болды, жаңа асыл дін келгенде, қарсыласпады, қайшыласпады, санадан ауысып, түпсанаға көшті, рухымызға тереңдеп сіңді, жанымызды ислам әлдиледі, тәнімізді тәңірлік дәстүр үш күн үйге қондырып, отбасымен қоштасуға ерік берді, қара жерге арулап қойды, басына тас орнатты, төрт құлақ бейітін көтерді, марқұммен байланыс үзілген жоқ, жеті күн аза тұтты, қырық күн ойын-сауық тоқтады, малға қара белгі тағып, сырыққа қара жолақ байлады, жылқыдан құрбандық атап, жал-құйрығын қырықты, шыныға алаша ілінді, айнаға кілем жапты, өлік шыққан үйден ешқайда соқпай, тура өз үйіне тартты, өлім әкелуге, қаза таратуға болмайды, жылында тағы көрісті, асында қара шешілді, арнаулы мал сойылды, қайғы тарқады, әулет шерден айықты, жоқтау іште, жаназа сыртта, жамбасы жерге тиген соң, Құран аяттары үздіксіз бірінен соң бірі оқылды, жылдың өтуі қазаны жеңілдетті, ағайын-туыс қайғыны бөлісті, сауын айтып дүйім жұртты шақырған ағыл-тегіл асы қаралы күндерді аяқтады, енді қапаға орын жоқ, жарты толды, ауыл-аймақ, сынық жазылды, үзік жалғанды, жыртық жамалды, десті, ойсыраған, үңірейген, өмір заңы, бауыры бүтін ел бар ма, жаратылысы осы, адам табиғатынан асып қайда барады, бүгін туды, ертең өлді, елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан.
Өлікті жөнелту – өнер, халықтық өнер, зады, елдің танымын айқындайды, ескілігін білдіреді, бұл рәсімде халықтың таным-түсінігі жатыр, өмір/өлім қарсылығы мен бірлігі жұмбағын шешкен, түйінін тарқатқан ой/қағида бар.
Кез келген әдет-ғұрыптың өмір сүретін мезгілі – осы шақ. Тәңірі – осы шақтың құдайы.
Себебі, пенде қызығын да, қылмысын да бұ дүниеде жасайды, бұ дүниеде алғысына бөленеді, бұ дүниеде зауалын да тартады.
Қарғыс жібермейді, обал алдыңнан шығады. Жетім-жесірдің дүниесіне қызықпа, қол сұқпа, ырысы талан-таражға түспесін, берекесін қашырма, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесін, әлсізге күш көрсетпе, жақсыға күйе жақпа, зорлық-зомбылық жасама, тізең батпасын, табаныңа салмасын, жалған сөйлеме, ақиқаттан адаспа, шындықтан көз жазып қалма, бейбақты қорлама, белгісіздіктен қашпа, өзіңді айыпқа бұйырма, өзгені қиянатқа байлама, басқаны бауырыңа бас, жатты сыйла, бөтенді сүй, бір Тәңірдің балалары.
О дүниеде жаза жоқ. Бәрі – иманды болғыр, бәріне – қара жер хабар бермесін, бәрі – жарықтық.
Тәңір қабілет берсе, еліңе жұмса, еңбегіңді бұлдама, қайырымыңды қарызға жасама, жәрдеміңді жария қылма, көмегіңді айтып істеме.
Бойыңда қасиет бар ма, емде. Бала – жан емшісі. Ұрпағың көп болсын. Жалғыздық дауасы, құса дәрігері.
Суықтың да, ыстықтың да қайтарымы – жақсының күші. Аялы алақан ақырын сипаса, ем қонады, пейіл жайлап сөйлесе, дерт кетеді. Сырқат – көңілдің бұзылғаны, науқас – ниеттің бұзылғаны, түзелгені – тілеуқор тәуіптің жылы сөзі.
Жылы сөз, жылы көңіл – ем-дом. Түсі жылыдан түңілмейді, жылы қабақ танытқан көңілдегі мұзды ерітеді.
Қазақта дерт екеу: көз тиген немесе суық тиген. Бұл – анық белгі. Көз тигенді ұшықтайды (төбесінен қорғасын құяды, үстінен құстың қанын ағызады), суық тигенді ыстықтатады (жаңа сойған малдың терісіне орайды, қайнаған адыраспанға салады, алдына ыстық сорпа, салқын қымыз қояды, қазы-қартасы мол бір табақ ет тартады).
Көл жағасын батпақтап, балшық қазып, көміліп жататын да ем болады. Сордың тұзын байлайтындар да бар.
Қарға тамырлы қазақтың барлық амалы да – шипа. Бәрі тәңірлік таным-түсінікпен тығыз байланысты.
Тәңір адамзатқа ауруды емін қосып, жұптап жібереді. Яғни, сырқаты болса, сыры да анық. Бар. Ізде. Әдетте, іздеген табады.
Еңбек, бейнетқорлық – Тәңірдің сүйген ісі, сондықтан, көшпелі тұрмыстың ауыр өмірі, қиямет-қайым тіршілігі қазақ жұртына салмақ болған емес.
Қазақ – еңбексүйгіш халық, бір Тәңірдің балалары.
Еңбектің өзі – дертке шипа.
Бірақ, дерттің тағы бір түрі бар – сөз тиген, әлбетте, сөздің ауыры төсекке таңады, тәбетін қашырады, уайым-шерге көміп, қайғы-мұңға қамайды, ақыры – ауыртады, тәнді қинағанды емдеу оңай, жанға батқаннан айығу – азап.
Қаралы салт егізінің сыңары – жарқын дәстүр. Бірақ, тәңірлік наным-сенім – жасампаз да жарқын дүниетаным. Тәңірлік ғалам пішіні – дүниеге деген жайдарман көзқарас.
Тәңірлік ұғым-түсінік аясында өмір сүрген көшпелі жұрт ұрпағы – бақытты ел. Бұл – жақсылыққа құрылған, ізгілікке ұмтылған пейіл-ниет. Шапағат, пенде несібесі.
Тәңірі – қуаныш көзі, шаттық жолы.
Дін емес, мүмкін, бала дін. Бала қалпында қалған, сәби шағында жүрген ой-сана.
Алла әмірімен біз мұсылман үмбетіне кірдік. Бірақ, кешегі өткен өміріміз есімізден кетпейді.
Қазақтың көрген бейнеті көп, кітаби халықтар бастан кешкен қиын-қыстау күндердің қасіретінен бір кем емес, бәлкім, пайғамбар туғанда… қазақ дін тудыратын ел еді.
24.06.20

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here