Дидар АМАНТАЙ

ҚАРАҒАЙЛЫДА-2
Новелла

Дәуіт немересі, Жұман ұлы –
Асқатқа!

Қарағайлы десем, көз алдыма Асқаттың ақбоз үйі елестейді. Жол аузында тұрған еңселі, биік үй еді – бөлмелері кең, дәлізі ұзын, перделері қалың. Терезелері – үлкен, қалтарыстан атқан күн таңертеңгілік мезгіл дөңгеленіп, тас төбеге сатылап көтеріліп бара жатып, қарсы келгенде, нұрлы жарық көктен аңдыздап құлап, жақтауға, қабырға іргесіне, төрге, сосын, ілінген түкті кілем, он екі өрім бұзау тіс қамшы, Абай ұстаған қалақ домбыраға молынан құйылатын.
Әуелі қазақ ауылынан жоғары, желке тұста, тауға қарай, етекте қымтанып жатқан, үркесоқ, шағын елді мекен, оқшау жерде тұрды. Кейін қала жаққа көшіп келді. Мен Асқатпен танысып, оқудан Қарағайлыға, демалысқа бірге қайтқанда, керегелі әулет жүк тасып, жаңа көшіп жатқан болатын.
Сол жылы, жазда, сыртын әктеп, қора тұрғызып, есік алдына ит байлады, қатар-қатар жеңіл көлік қойылды, сылағы енді кеуіп жатқан алып үйдің көркі өзгеріп, құлпырып шыға келді. Бұл үйде мені бәрі жақсы көретін еді. Батыр ағалары көп, шетінен спортшы, ірі денелі, жаужүрек жігіттер, Асекең кенже бала, ақсақал да, апа да бірде оқудан елге келіп, көліктен түсіп жатқанда, әйнектен қуана қарап, жақсы көріп, елжіреп тұрғаны есімде.
Екеуміз үнемі бірге жүретінбіз. Қарағандыға келгенде, тобымызға Құрмет, Рамазан қосылатын еді. Қоңыр салқын көшеде даурығып келе жатқанда, Арқаның жібек самалы маңдайымыздан сүйіп, шашымызды қозғайтын, жүзімізді сипағаны қызық, майда, жұмсақ, әр жерімізден түртіп ойнап, қытықтағанай әсерге бөлейтін.
Пәтерде бос ыдысқа тегіс ернеуіне дейін шүпілдетіп толтырылған, банкі-банкі сыра тізіліп қалатын еді. Бейтарап әңгімеден басталған басқосу қыза-қыза көп жұрт қатысқан қызық-думанға ұласатын. Кісі қаптап кететін еді. Жұрт аяғы басылғанда, сопиып-сопиып өзіміз қаламыз, бірақ, кешіміз жалғасын тауып, түн ортасы ауғанша созылатын. Қойын дәптерімізге түсірілген қарағандылық номерлер көбеюші еді.
Бәрінен таңертең оянғанымыз ғажап, тамаша. Ерекше бір көңіл-күймен оянып жатамыз. Дүние нұрға бөленіп тұратын еді. Жаз болса, терезеден күн сәулесі түседі, қыс болса, қырау шалып, шыны бетіне қаптатып ою-өрнек салады. Көрші бөлмеден достарымыздың, жора-жолдастарымыздың ашық-жарқын дауыстары, іле-шала күлген күлкісі естіле бастайды. Біз – Қарағандыдамыз.
Екі-үш күн бұрын пойызға отырып, Алматыдан аттанған біздің саяхатымыз әлі аяқталған жоқ, алдымызда тағы бір сапар бар, ол – Қарағайлы.
Әуелі ағаш бақтарын, гүл көшеттерін жағалап, Қарағанды көшелері бойымен жүріп, қаланы екіге жарып, теңселіп келе жатамыз. Көлік қаланы тастап, қарамай жолды қуа отырып, Бұқар жырау ауданы орталығына жетеді, әр жағынан Шешенқара, Мақат, Көктас ауылдарын басып өтеміз. Мақаттан аса бергенде, мұнартып жарықтық Қарқаралы тауларының сілемі көрінеді. Жетіқарақшы, Шаңкөз қарауытады. Қарқаралыға қарға адым қалғанда, Бұғылы, Тағылыны көзіміз шалады.
Қарқаралы. содан соң, Қарағайлы. Кідіргеніміз – ескі кент, шалғай жұрт, шағын автобекет. Автобус тоқтап, жолаушылардың тең жартысын түсіріп, сапарын одан ары жалғастырады. Біз мінген көлік жақпар-жақпар тас қораларды, ескі қарағай үйлерді басып озып, қалтарыстарға жасырына бере, екі-үш бұрышты, бұрылысты айналып барып, қала сыртындағы үлкен даңғыл жолдан байқалады.
Қарағайлы Қарқаралыға тиіп тұр. Жарты сағат ішінде бетпақпен келе жатасыз да, бір сәт дөң басына шоқытып шыға келгенде, төменде жатқан, шамдары жарқыраған Қарағайлыны көресіз.
Ғайыптан пайда болған ертегі елі тәрізді. Сізді қарсылап, шақырып тұрады.
Құдайға шүкір, елдесіз. Сіз келдіңіз. Сіз Қарағайлыға келдіңіз. Үйге соққан соң, Асқатқа барамын, не ол жолдан мені ала кетеді.
Біз Қарағайлыға келген күн – той. Күткен қыздарымыз жиылады, жеткен шампанымыз құйылады. Мөлдір дүниелер. Сезім де, көңіл де, уақыт та мөлдір. Бәрі – мөлдір.
– Есіміңіз кім?
– Мөлдір.
– Көркіңіз де мөлдір екен.
– Рақмет.
Жұрт билеп жатыр. Қол ұстасқан, құшақтасқан, жымыңдасқан. Біз Қарағайлыға мереке әкелдік. Той да, тойшыл жұрт та – біз кеткенше тарқамайды. Әр күніміз – мейрам. Сірә, аяқталмайды. Қуаныш бізбен бірге көшіп-қонып жүреді. Біз жүрген жер – сауық-сайран. Би, шаттық, рақат. Таңғажайып дүние – болмысы ашылады, мәні көрінеді, мәні – би, шаттық, рақат.
Ғұмырды бақыт, бақытты уақыт деп түсінетін заман. Дәуреніміз таусылмайтындай. Шексіз жалғаса береді. Боксшылардың ортасында болмыс та спортшы.
Күндіз кітап оқимыз. Әңгіме жазамын. Асекең келіп кетеді. Екеуміз Қарағайлыда өтіп жатқан асыл кештерді еске аламыз. Жазғы маусымның жанды жылытар мамыражай шақтарына тамсанамыз. Біз тауға баруға, орман ішінде орналасқан демалыс үйінде жатып қайтуға уағдаластық. Жұпар ауа, танауды қытықтаған қарағай иісі, төмен аққан майы, топ-топ теректер, шоқ қайыңдар, ескі сүрлеу сиқырлы ертегі еліне енгізіп жібергендей әсер етті. Аунап-қунап, сергіп, жұтынып қайттық.
Қарағайлыда қашанда қызық. Асекең достыққа адал еді. Елгезек, қамқор, жанашыр. Мені геологияға тартпақ болды. Өзім де ниет білдірген едім. Ол Абыз өңіріндегі көптеген барлау жұмыстарына қатысты. Кен орындарын іздеді, руда жыныстары қалың жатқан қабаттарды тапты. Қарағайлы тау-кен комбинаты өркендеп тұрған кез еді.
Асқаттың үйіне жиі баратынбыз. Кейде өзім жалғыз, кейде бір топ дос-жаран боп. Қонақты жақсы күтетін. Шай ұзақ ішіліп, бокс, күрес, штанга спорты жайлы әңгіме қозғалатын, қисса-шежіре, ескі аңыз-әфсаналар жиі айтылатын. Бокс – ерекше тақырып, соңы дауға ұласатын. Әр боксшы шеберлігіне, қорғанысына, қайтара ұрған соққысына тамсанатын едік. Кросс, свинг, хук, апперкот қалай тиді, кім жасқанды, қайсы қайратты, бәрі түгел жеке-жеке талданатын.
Бұл үйде білім насихаты жоғары болды. Сол кездің өзінде Асқаттың бөлмесінде, төсегінің бас жағында Алашорда қайраткерлерінің фотосуреттері тізіліп қаптап ілініп тұратын. Еңбек, бейнетқорлық – екі бастан берік орнаған тәртіп. Ашық-жарқын, ақ еділ жұрт, мейманды сыйлай білетін, намысын қорғай алатын, бір-біріне сүйеу, қорған, айрандай ұйып отырған ұйымшыл әулет. Босағадан көрінсем, қуанып қалатын.
Асекең екеуміз қатты дос болдық. Маған талай жәрдемі тиді. Жоғары оқу орнында оқыған жылдары, тәлімгер кезімізде жақсы бір дәстүріміз болатын. Елге қайтарда, бір-бірімізді үнемі емтихандарымыз аяқталғанша тосып жүретінбіз. Жалғыз қайтпаймыз.
Бір күні пойыз дүрсілдеп елге әкеле жататын. Біз жол бойы даурығып әңгіме айтып, елмен танысып, түн ортасы ауғанша сыр бөлісетінбіз. Кейде таныстарымыз да кездесіп қалады. Әдемі қыздарды байқап, қалай жақындарымызды білмей, әуре-сарсаңға түсетінбіз.
Қызықты шақ қашанда есіңнен кетпейді. Мен шын бақытты едім. Түс көрсем, түсімде түтіні будақтаған жүрдек пойыз темір доңғалақтары дүрсілдеп мені жастық шағыма, бақытты жылдарыма, Асекеңнің үйіне әкеле жатады.

18.06.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here