Дидар АМАНТАЙ

ЕКІ МӘРТЕ БАЛАЛЫҚ ШАҚ

Новелла

Қаз-қаз басып келе жатқан – мен, қалқайып қатты жүргенде, өзіме-өзім ие бола алмай қаламын. Төңірегімді мұқият шолып, жалғыздығымды аңғарсам, бойым мұздап кетеді.
Үрей билеп, зәрем ұшады. Қалт, ешкім жоқта, оқшау – қауіптенемін. Жат, қарадайы – қарқарадай, орта.
Тып-тыныш мезет. Сөз күтеді, қасыма тақап, тізерлеп, жүзіме қарайды, бетімнен сүйеді, сөйлегенімді қалайды. Қорқыныштан көз жасым дайын тұр.
Қоя береді. Сірә, адасып, қайтар жолдан аутқып барамын. Қайда бәрі. Суық. Ұшты-күйлі жоқ. Қорқынышым күшейді. Қапелімде, жарма қақпа көзіме оттай басылды. Далаға, өзенге қарай шығып кетіппін. Қарға адым жерде – Жарлы.
Қарқаралы етегі, қарағайлы-қайыңды орман шеті, бірақ, көзге түспейді, кішкентаймын, әлем үлкен әрі шексіз – уақыт, Күн, аспан. Бірақ, көкжиек еңіс пен биіктің аралығында қаңтарылған, қиырда Жермен астасады.
Жан-жағыма алаңдап қараймын, көзге түскендер ішінен аула есімде, сосын, әжем, атам, зәулім үй, еңселі қора-қопсы, шегесі тотыққан шарбақ, жайдақ жол, ұзын, қысқа, бұрылысты ұмытқан жоқпын, ойық-ойық, күлкі. Күліп жүргендер бірнешеу, бөтен. Дүниені әлі танымаймын. Ұстап көремін, аузыма саламын, әжемнің қыздары, апаларым саусағын тығып, алып тастайды, демек, жеуге болмайды, селкілдеп жүгіре жөнелемін, құлаймын, анық құлаймын, топ ете түстім, топы сырғып, алдымды жатты.
Қарап тұрмын. Көзімді ашқалы төңірегім – жап-жарық. Қараңғы түсе бастаса, үйге алып кіреді. Таң-тамаша. Ертең қайта көремін.
Көргенімді түсінбейтін кезім. Күндіз емен-жарқын дауыстар кеш батқанда, ымыртта, қызыл іңірден бастап, күбір-күбір, қатты шықса, түн жарады, терезелер биік, әсем, бойым жетпейді, әр тұстан жылтыраған шам жарығы жоғарыдан перде тұтқан әйнек алдында өлмеусіреп өшеді, шыныға соғылып, жан-жағына шашырап қараңғылыққа сіңеді, жарық қаза болды, ажалы тосын, алайда, көрмеймін, оны жұтқан қара түнек алыста, қолымды созсам, гүл ыдыстарына ілігеді, төбемнен екі-үш рет құлағаны бар.
Дүние көп түсті, жұпары сан түрлі. Сеземін. Бір-бірінен оңай айырамын. Иісі келеді. Шатасқан кезім жоқ, бауырсақ, дәл өзі, ыстық бауырсақ, мені отқа жолатпайды, қуады, күледі, ойнағым келсе, қашамын, жорта соңымнан түседі, екпінім қатты, құлаймын, анық құлаймын, топ ете түстім.
Жыламаймын. Орнымнан тұрып, бейтаныс әлемге тағы қараймын. Қараған сайын тылсымы көбейеді. Неткен жұмбағы таусылмайтын дүние. Атамды байқаймын, балғасын тықылдатып, бір нәрсе жөндеп жатыр. Қалт-құлт басып, бар күшімді салып, жүгіремін, ол құшақ жайып қарсы алады, бар әлемді құшақтап тұрғандай жібермейді. Мен көзілдірігіне тиісемін. Ол маған кигізеді. Шын әлемді енді көргендеймін.
Шілде ортасы, жаз мерекесі, қаланы көрдім, бір-бірімен байланыспайтын жері көп екен. Қаланы түсінген жоқпын. Кісінің көптігі таң қалдырды. Сеңдей соғылысып, арпалысып әрі-бері жүреді де жатады. Тоқтамайды. Сансыз, салқын дүкендер, есепсіз тамақ, қисапсыз ақша, теледидар тілінде сөйлеген жұрт. Көліктер, көліктер. Әрдайым асығыс, енді қалаға бармаймын деп шештім.
Есімді жисам – ауылдамын. Шаң бұрқырап келеді. Маған ескі машиналар ұнайды. Үнінде даланың дүбірі бар.
Оң-солымды айыра бастадым. Әуелі әжемнің жүзін көрдім. Қасымда тете ағам жүр, әкемнің інісі, екеуміз бірдей киінеміз, кейде бір-бірімізден жасырын сыйлық аламыз, сұрағанда айтып қоямын, алдағым келмейді.
Сосын, атам. Үнемі қасына ертіп алады, әңгімесін тыңдаймын, арбаға ат жегуді үйренемін, балта сабын жонамын, аты ғана, сүйретіп-сүйретіп тастап кетемін, өз атымды өзім түсінетін жасқа жеттім.
Кейде адасып қаламын, ертегі әсерінен ағам екеуіміз көшеден Алдар Көсе мен Қожанасырды іздейміз, ол ұдайы кездесіп келеді, мен таппаймын, не айтқанын жеткізеді, әредік маған сәлем жолдайды екен, бірақ, ағам оны кешігіп, ертеңіне сөйлеп отырғанда, есіне түсіп кеткенде ғана айтады. Мен қашанда Алдар Көсені бір көрсем екен деп армандаймын, Қожанасыр екеуі дос екен деп келді бір күні, қатты қуанып қалдым.
Бірде, таңертең мені оятып алды, жүр, кеттік, Алдар Көсе күтіп отыр, деді. Неге сонша асығамыз деп ойладым, ауылдың сыртына шықтық, күн көтеріле қоймаған мезгіл, дала салқын, ептеп жел соғып тұр, жолға қарап отыр деді, ұзақ қарадым, ешкім жоқ, ағамның өзі де дегбірсіздене бастады, алдап кетті, деді ол, алдап кетті, үлкен кісі, неге, қайтіп, алдайды, қайғырма, тақауда қайта айналып келеміз, көңілсіз, үнсіз үйге қайттық, бір жетіден соң, таң атқан мезгіл, тағы келдік, көрші үйдің қызы өріске мал айдап барады, пейіліміз күмәнді көрінді, мен күдіктене бастадым, бұл жолы Қожанасырды өткендегідей көп күткен жоқпыз, құрбымыздың соңынан қарап отырдық та, ол көз ұшынан жоғалғанда, қап, алдап кетті, дестік, бізді жақтырмай жүр ме екен, кездескілері келмесе, неге жөнін айтпайды, деп ойладық.
Сосын, ол екеуін ұмыттық, кейін мектепте оқып жүргенде қайта жолықтық, есімізге түсті, оқулықтың бетін ашып қалсам, Алдар Көсе мен Қожанасыр тұр күліп, маған күліп тұрғандай, аңыз-әфсана қаһармандары – типтік образ, қиял-ғажайып тұлға, әр адамның әзіл-оспағы һәм ой-парасатынан туған, арман-қиялынан қалыптасқан жиынтық персонаж, деді мұғалім, содан бері ағамның сөзіне сенбейтін болдым, бірақ, жылдар өте келе кездескен сайын күлеміз.
Тез есейдік. Әлемді танып-біліп, төңірегімізді шырамыта бастадық, жыға танымасақ та, Алдарды да, Қожаны да қатты жақсы көретін едік. Бала кезімнің куәгерлері.
Біздің ғұмырымыз ұзақ та үлкен жол үстіндегі кішкентай бір уақиға секілді көрінді. Немесе қысқаша тарих. Қаракет санасыз ғұмырдан саналы көңілге дейін созылады, әрі қарай, жақсы мен жаман атаулы өмірдің ар жағында – ажал тұр, бұйрық күтіп төсекте ойланып-ойрандалып жатқан – сен, көзің ілініп кетпесін, біздің жанашырымыз жоқ, қаза науқастың ең бір қайраты қайтқан, ең бір әлсіз мезгілі, түн ортасында, ұйқы үстінде келеді, сағат тілі түнгі немесе таңғы төртті көрсетіп тұрады, бұл мезгіл – аралық уақыт, дәм-тұзы таусылғаны/таусылмағаны анық көрінеді, бесінге ауған күндізгі төрт шамасында, екі аяғына қаз тұрып, жаңа жүріп үйреніп келе жатқан сәби баладай, қайратыма сеніп, қалт-құлт басып, тебіреніп, толғанып кетемін, арагідік топшылап қоямын, енді құламауға тиістімін, таяғым тротуардың жиектеріне оқыс тарс-тұрс тиеді, сүрінгенім жоқ, алайда, опық жегенім аз емес, қолымдағыны жүк қылмай жерге тастай салдым, аялдамаға қарай таяқсыз, жаяу кеттім.
Кеш қарайғанда, бағдаршамда тоқтаған көп автобустың алдын қиып, жалғыз қарайып, жолдан өтіп бара жаттым. Екі қолым бос, тек жүрісім ғана мандымай – таяқ сұрайды.

29.05.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here