Дидар АМАНТАЙ

ЖАҒАЖАЙ МАУСЫМЫ
Эссе

Таулы ландшафт. Шың-құздар құмға айналады. Құм пейзажға, пейзаж жағажайға, жағажай – жағалауға ұласады, әрі қарай – шалқар көл, құлама жартас, жер мойны қашық қарсы қабақ, көк аспанмен астасқан ақша бұлттар, тік шатқалдар, мәңгілік мұздақтар.
Қарауытып тұрады, сағымданып жетеді. Ұшар басы – қысы-жазы қар, күн ыстықта еріп, күн суықта – қатады. Бірде қалыңдап, бірде жұқарады.
Жүзінде бақыт, жүрегінде – сыр. Бізден жасырады, себебі, біз туралы. Ұнатқан жақсы көргенге, жақсы көрген ғашықтыққа, ғашықтық сүйгенге, сүйген некеге әкеледі.
Телегей теңіз тәрізді. Майда құм беті, құрғақ күйінде, ойнап, ары-бері құйылып, сусып тұрады. Үйіледі, жазылады. Жұрт жалаң аяқ жүргенде, жал-жал толқынды кешіп, жазыққа айналдырады. Кейде қазып түседі. Басқан жері ойылады, ойық келесі мезет ернеуінен толады. Тобықтан көмілгенде, бұрқырап кетеді. Қарсы жақтан бұзып-жарып, екпіндеп, ентелеп, алға, ұмтыла көтерілгенде, қос қапталдан төгіліп қалып жатады. Іркіледі, сосын, іле сүйрете жүреді, малтып ілгері жүзгендей, төңірегіне ұсақ, майда тас моншақтай жауып түседі. Тақта бетіне құлап, жан-жағына шашыраған жаңбыр тамшылары секілді.
Көсіледі. Уысына сыймай, жерге ағады. Сырғи басып өткенде, табан астында езіледі, шұңқыр толы дым, ылғал, дымқыл, қатар-қатар жүрген жұп-жұп аяқтар жаншып, бөлек-бөлек із тастайды. Тыным жоқ. Таңның атысы, кештің батысы – не жоғары, не төмен қозғалып, қимылдап жатады. Жағажайды жиылған жұрт кілемдей таптап, алашадай аударады. Төсейді. Төңкереді, келесі мезет ішіне қотарады. Толтырады. Төсегіндей көреді. Күнге қыздырынған жалаңаш тән мекені.
Құм-тіршілік.
Тегі, арасында тесік, саңылау жоқ, түйіршіктелген тұтастық. Бекиді, бітеледі, бітпейді. Ой-шұқыры жамалып, үңірейген ор – көз алдынан лезде ғайып болады. Жойылады.
Елдің аунаған орны тез қызады. Су жылығанша, күн ысығанша – шай. Емін-еркін, емен-жарқын дауыстар ашық терезелерден анық естіледі, құмығып алысқа кетеді. Шат күлкі. Кейде саяқ, кейде тобымен, дастарқан мол, әзіл көп. Әлдекімді құшақтағың келеді, қол ұстасқан қандай жақсы, біреу қызығып қараса деп ойлайсың.
Ішіне шоқ түсіп, түсіне сен еніп, түн ортасы шырт ұйқыдан шалт оянса, шіркін, арман таусылмайды, қиял тоқтамайды, дәметіп көзбен көріктілерін іздейсің, әдемісі жетеді, соңынан ергені соңыра қасында жүреді, махаббат жұмбақ, бақыт шексіз, бақ, шынында, кездейсоқ.
Бас айналады – бақыттан, қуаныштан, биіктен. Бірақ, жүзі әрлі, мінезі әртүрлі, бірде кіші, бірде ірі, таулар – асқақ, жағалау құмы ұсақ. Көл үлкен, жүрек те үлкен. Бәрі сыяды, бір күндік те, өмірлік те, тосын танысқан да, кенет табысқан да, тағдыр айырған да, таңға дейін қыдырған да.
Күмән туады. Сөзі де, өзі де күдікті. Жүріс-тұрысында жұмбақ көп. Мінез-құлқында – пафос. Пафостың дауысы шыққанда – фальш. Үнсіз тұра алмайды. Қашанда сөйлегісі келеді. Тұман сейілгенде, із қалмайды.
Күні ұзақ жағажайда жатқан дене тез тотығады, қызарады, сосын, қараяды. Қызылкүрең тартып немесе қара күреңденіп жүресің. Бақыт. Уақыт – дәулет, мезгіл – кезең. Әлде үзіліс.
Тән салтанаты. Су жағасы – шеру. Ту ұстаған туыс сезім. Тұнық әлем. Бояуы қанық пейзаж. Ғұмырдың мәні жоқ, тіршілігі бар. Өмір – рақат кешу.
Күн ысыды. Қайықтар шыға бастады. Жүзіп бара жатқаны, жағада қалқып тұрғаны – қай-қайсы да сапарға дайын, серуендейтіндер кезекке тұрады. Түйе жетектеген фотографтың табысы азайды, жұрт қолында әйнегі жарқ-жұрқ еткен айфон. Бір өзіне бүкіл дүние жүзі сыйған қалта байланыс құралы.
Фотография жүрді, кино дыбысталды, экран ілінген қабырғадан – былғары сөмкемізге көшті.
Әлемді сөмкемізге салып алдық.
Қажет емес хабар-ошар қоры қордаланды, ашып қалғанда – тең жартысынан астамы бізге қатысы жоқ, пайдасыз ақпар-мәлімет.
Көл – атақты. Көзі – терең. Түбі көрінеді, түсі мөлдір. Түнде шалқып жатқан көлдің жағаны шайып, құз-шатқалын ұрған дыбысын естисің, өзі жоқ. Қараңғыда қалың толқын шылп-шылп етеді, кейде шолп ете қалады.
Суға адам түсті. Қараңғының бір жерінде су жалдап барады, жүзе жөнелді, құлашын сермейді, қорықпайды екен, көлге сенуге болмайды, кез келген уақыт адасып, жағаны таба алмай қалуың мүмкін.
Ыстықкөлдің шыңырауында қала жатыр. Батқандар су асты патшалығына барып құлайды екен, бірақ, басыбайлы, еріксіз ірге бекітіп, қоныстанып жатқан жұрт бір-бірімен тіл қатыспайтын көрінеді, себебі ешқайсысы да бір-бірінің тірі екендігіне толық сенімді емес.

31.05.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here