Дидар АМАНТАЙ

ОТБАСЫ КІТАБЫ
Кенжехан Ісләмжанұлының “Қазақтың отбасы фольклоры” атты кітабы жөнінде
(Алматы, “Арыс” баспасы, 2007, Алматы, 332 бет)

Эссе

Жалпы, кітап жарықтық – жұмбағы көп, құпияға толы, тылсымы терең, танымы кең, сыршыл әлем. Кітаптың түрі де сан алуан: әдеби-көркем, дәйекті-деректі, іргелі ғылыми, қолданбалы, түсініктеме сөздік, анықтама сөздік, аударма сөздік, тіпті, мақал-мәтел жинағы, бата-тілек топтамасы, ән кітабы, сосын, танымдық, сауықтық, асыл ойлар тізбесі, мазмұн-тақырыбына қарай, мақсат-мұратына орай салаланып, жіктеле береді.
Бұрын оқырман қалың еді, қазір қатары сиреді, бірақ, өрелі, саналы, ақылды оқырман қауымы жоғалған жоқ, олар қай заман болмасын, азшылықты құраған топ, ешқандай мүсіркеуге жатпайды, бірақ, әрдайым елеп-ескеріп, есте сақтап отырған жөн, көп кітаптың тұрақты оқырмандары, елдің интеллектуалдық шоғыры.
Біздің назарымыздағы еңбек жоғарыда аталған көп сипаттың тоғысы тәрізді. Күнделікті тұрмыста да пайдалы, ұзақ күткен тойға да қажет. Әмбебап кітап.
Фольклор – әрі тылсым, әрі реал дүние. Көрнекті құрал, алтын қазына, асыл мұра. Қазақ рухани кеңістігінің қақпасы, есігін ашатын тұтқасы. Қоғамдық-ғылыми тұрғыдан танымды, әдеби-көркем дәрежесі жағынан биік, сонымен қатар, философиялық, экзистенциалистік әрі метафизикалық сипаты тағы бар.
Бұл кітап фольклор туралы. Кіріспесі мен күрмеуін қоспағанда, алты үлкен тараудан тұратын салмақты кітап: “Тақырыптың тарихнамасы”, “Жанр табиғаты”, “Әлпештеу фольклоры”, “Үйлену фольклоры”, “Азалау фольклоры”, “Тарихи поэтика мәселелері”.
Автордың ойы анық, жинақы, тілі шұрайлы, түсініктемелері ғылыми. Көтеріп отырған мәселелері жүйелі, сатылап шығады, баспалдақтап түседі.
Бұл – шымыр логикаға құрылған еңбек. Жан Бодрийярдың бүгінгі тоғышар, тұтынушы қоғам, қала өркениеті, жаңа салт туралы ойларынан, дәстүрлердің процестен технологияларға айналғаны жайлы қалам тартқан философиясынан әсте кем емес.
Қазақ авторы дәстүр мағынасынан айырылғанда қандай күйге түсетіндігі жөнінде топшылағанда Тэйлордың, Леви-Стросстың тұжырымдарына туыстығы байқалады, бірақ, Кенжехан Ісләмжанұлы аталған екі ойшылға қарағанда дәлірек, нақтырақ, дәйектірек. Батыс философтары жалпылама қорытындылар жасауға құмар, жалпыадамзаттық салдарларға жетелейді. Алаш ойшылы ұлт шеңберінде қарастыра отырып, бәріне ортақ пассаждарға қол созады.
“Әлқисса” тарауында қалыптасқан жағдайды “реконструкциялап”, “құрылымдық” ізденістер арқылы сипатын, мәнін, қасиетін табуға тырысады.
Фольклор – кез келген ұлт мәдениетінің қайнары (1), тарихи жады (2), дәстүрлі дүниетаным қоры (3), рухани жан дүниесі (4).
Демек, фольклор – кенен қазына (5), құнды да, құнарлы дерек көзі (6). Әрі – тамыры (7), ұлттық келбеті (8), темірқазығы (9).
Сонымен қатар, өткеннің елесі ғана емес, бүгінгі өмірі де (10), қазіргі көркемөнерінің нәрі де (11). Мұра (12).
Ол жаһандану заманында жағаласқан қауіп-қатерден сақтайтын қорған, пана, сақшы. Автор ойынша, ұлт бәйтерегі. Бұл бәйтеректің бір бұтағы – отбасылық ғұрып фольклоры.
Қазақ отбасы фольклоры туралы этнографиялық және фольклорлық зерттеулер, ізденістер баршылық. Оның ішінде, алайда, “фольклорлық шығармалардың отбасылық тіршілікпен тікелей байланыстылығы” жөніндегі еңбетер жоқтың қасы, көп зерттеле қойған жоқ.
Біздің санауымыз көне түркі жазба ескерткіштерінен басталуы тиіс. Автор көне жайттардың тереңіне бойлаған сайын этнографиялық деректер мен фольклорлық үлгілердің арасына шек қоюдың өзі қиындап бара жатқанын алға тартады.
Кең мағынасында отбасылық фольклорлық үлгілер қатарына сөзбен жеткізілетін проза-поэзиялық (арбау, ұшықтау, аластау, байлау, бата, алғыс, қарғыс) және драмалық (ойын-сауықтық) шығармаларды енгізуге болатынын автор асқан әсемдікпен, үлкен дәлдікпен жеткізеді. Адамның туғаны, өмір сүргені, қазаға ұшырағаны, бәрі белгілі бір фольклорлық салт-дәстүрлерге бағынатыны сөзсіз.
Әдетте, тұрмыстық мән көңілді тербеткен лирикалық астарға егіз әрі негіз, екеуі жұптасып келеді. Лирика – ғұрыптық шығармалар перзенті. Отбасы фольклоры он тоғызыншы ғасырдан бастап хатқа түсе бастағанда, қызық бір тенденция қалыптасты, тәуелсіздік пайда болды, аталған поэзиялық/прозалық/драмалық нұсқадағы сөз өрнектері басы босап, ғұрыптық тегінен алыстап, ажырай бастады, көркемдік/лирикалық сипаты күшейді, өз алдына дербес өнерге айналды.
Ғұрыпсыз орындала беретін бесік жыры енді салтынан айрылды, жар-жар, сыңсу, жоқтау ғұрыпқа қатысты болса да, лирикалық сипаты алға озып шықты.
Бұл құбылысты белгілеу үшін Мұқтар Әуезов “сыршылдық салт өлеңдері” деген атау енгізді. Бұл формадан көшпелі жұрттың сыры, сезімі, толғанысы анық көрінді.
“Тақырыптың тарихнамасы” атты бөлімінде: “Фольклордың өмір сүру ортасы – халықтың тұрмыс-тіршілігі”, деп атап көрсетеді автор.
Қазақ фольклорының бай екендігіне таңданыс білдіреді, ғұрыптық тұрғыдан да, лирикалық сипат тұрғысынан да деректер мол, кесек-кесек туындылар көп.
Батыс өнер/мәдениет танушылары, тарих бастауында тұрған, үзік-үзік Шумер жазбаларына қарап-ақ, жаңа бір сөз тапса, таңырқап, үлкен-үлкен еңбектер жазып жатады. Қазақ халқының мұрасы сол бастапқы қалпында, мөлдіреген беті, цивилизация мансұқтамаған, заманауи культура күстәналамаған күйі, тап-таза кейпінде, өмір салтында, санасында, ұжымдық жадында зерттеушілерін шақырып, жаңғырып тұр.
Автор бұрнағы зерттеушілерді де ұмытпайды, реті келгенде, есімізге сала кетеді, ежелгі жиһангерлер жазбаларынан басқа, В.В. Радлов, Н.И. Гродеков, Ә. Диваев, Мәшһүр-Жүсіп Көбеев жазбаларын келтіреді, екінші бір абзацта Ә. Марғұлан, Х. Арғынбаев, Ә. Төлеубаев, А. Затаевич, А. Жұбанов, Б. Ерзакович, Т. Бекхожина есімдері, еңбектері аталады. “Бар жазба деректерінде, фольклорлық мәтіндер мен этнографиялық деректер тоғыса көрініс тауып отырады”, деп тұжырымдайды автор.
Отбасылық ғұрып фольклоры үлгілері туралы автор көптеген мысалды алға тартып, салыстырмалы-құрылымдық зерттеулер жүргізеді.
“Жанр табиғаты” бөлімінде: “Ең алдымен, адамның отбасылық ғұмырын біріктіретін үш сатыдан тұратын “туу – ержету – өлу” циклі”, деп жазады. Келесі бір тұстарында: “Шынында да, халықтың қуанышы мен қайғысында ғұрып пен өлең-жырдың үнемі қатар жүретіні қалай? …Мұның барлығы, айналып келгенде, кейіннен үш циклге ажыраған ғұрыптардың бір тамырдан тарағандығында. Олардың мазмұн-мәнін ортақтастыратын бастау-бұлақ халықтың ғұмыр жайлы дәстүрлі дүниетанымында”.
“Отбасылық ғұрыптарды мазмұндық жағынан туыстырып, қызметі жағынан ұқсастырып, сол ғұрыптарға кіндік бауы байлаулы фольклорлық шығармларды поэтикалық жағынан бір циклге топтастыратын алтын өзек те осы дәстүрлі дүниетаным”.
Автор қазақ фольклортану ғылымында қолданылып келген отбасылық ғұрып фольклорына қатысты терминдік атаулар жүйесін келтіреді. Өзінің кестесін жұрт назарына ұсынады: “Түйіндей келгенде, отбасы фольклорының жанрлық сарасы мынадай болып шығады:
1. Әлпештеу фольклоры (бесік жыры, сәбилік салт жырлары, мәпелеу жырлары, уату-алдарқату жырлары).
2. Үйлену фольлоры (той бастар, жар-жар, сыңсу, аушадияр, беташар, неке қияр).
3. Азалау фольклоры (арыздасу, естірту, көңіл айту, жоқтау)”.
Автор дәстүрлі дүниетаным мен фольклорлық сана – поэтикалық бейнеліліктің бастау-бұлағы, деп көрсетеді.
Метафораға, эпитетке, теңеуге, символдық бейнелеуге, құбылту құралдарына бай жанр.
Кітап автордың өзге де еңбектері тәрізді шұрайлы тілмен жазылған. Оқығанға қызық, қызыққанға жеңіл. Күрделі ғылыми терминдерді барынша қарапайым, ұғынықты, орынды қолдануға тырысқан.
Көптеген салт-дәстүрдің, ырым-жоралғының, әдет-ғұрыптың мән-мағынасын осы аталған кітаптан таба аласыз.
Бұрын да қозғаған мәселелермен туыстас, тақырыптас, өзектес туындыларға қалам тартып жүрген автордың бұл еңбегі жаңашылдығымен, батылдығымен, интеллектуалдық дайындығымен оқырманды бірден өзіне баурап алады. Алғашқы сөзімен-ақ әрі шеберлігімен арбап алатын әлем әдебиетінің шоқтығы биік шығармалары сияқты.

03.06.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here