ҚАРАҒАЙЛЫДА-1
новелла

Дәуіт немересі, Жұман ұлы –
Асқатқа!

Мен Қарағайлыны жақсы көріп қалдым. Көшіп барғалы, көңілімізге қаяу түсіп, жас қалаға кенет, шұғыл көшкенімізге бір сәт өкінген емеспін. Бұл жақта екі қолға жұмыс көп, бірақ, баспана жоқ, пәтер кезегі ұзақ, көнеден келе жатқан ескі ауыл бар, жергілікті халықтың қонысы, бөлек отырады, сыртта, екі жақтың жастары арасында соңғы жылдары қақтығыстар жиілеп кетті, бөтен жұрт адасып, кездейсоқ өтіп жатса, бәрібір, шекараны бұзғаны үшін жазасын алады, аккад тілінде жеткен эпос қаһармандары тәрізді, Гильгамеш пен Энкиду күресі, отырықшы мен көшпелі, гуманитарлық танымның жұп категориялары, цивилизация/культура, кейін қала жермен-жексен, дала аңызақ желдің кеңістігіне айналғанда, кеш болады, жалпы, кен байыту комбинатына жұмысқа іліккендер жатақхана бөлмесіне зар.
Ол үнемі жібектен самал байланып, ақша бұлттан тәж киіп, өзіне шақырып тұратын еді. Түсіңде, өңіңде, өмір бақи. Кеншілер тереңде жатқан кен орнын қазбастан бұрын іргесіне қап-қап дәрі қойып, атып, көк тасын грейдерге айналдырып жарып жібереді, ұдайы дүмпу-дүрсіл естіліп жатады, сөйтіп, топырағын қопарып, руданы бетіне шығарады, шағын қоныс аумағы жота-жота тау-топырақ, төбеңнен, үстіңнен қатар-қатар төніп, зәреңді ұшырады, аспан баспалдақтары тәрізді, өзіңді қалаға алғаш келгенде, басқа планеталық әлемде жүргендей сезінесің.
Кезінде, ғимараттар құрылысы іркес-тіркес қаптап бірінен соң бірі қалқиып жылдам өсті. Басында, іссапар барысында, тоқсанына қатынаған сайын тоқсан тоғыз үй бой көтеретін еді. Қазақ ауылы шегіне-шегіне төрден тықсырылып, тысқа орналасты, жаңа қала жан-жағына қанат жайып, екі мектеп төртеу болды, оқшау мәдениет ошағы салынды, тротуарлар жүргізіліп, жұрт қыдыратын алаңдар жасалды, субұрқақтар атқылады, жағалай бағаншамдар тізілді.
Қырға мәдениетін ығыстырып, өркениет белгілері жетті. Кенттің қылмысы да көбейді, қызығы да артты. Түн сайын – бір өлім. Не жаралы тентек пышаққа ілініп, ауруханаға түсіп жатады.
Несі керек, топтасқан банда түрлері түнгі қаланы билеп-төстеді. Кеш батқан соң бір үйден екінші бір үйге кіріп-шығу қиындады, жол торыған қарақшылар жортуылға шықты, тоғышар орта қалыптасты, бірақ, Қарағайлы, керісінше, елдің қызығушылығын оятты, магнитше өзіне тартты, күнәсі мен пайдасы, залалы мен зауалы қатар өмір сүрді.
Чикагоның өткен белесі, Нью-Йорк гангстерлері елесіндей, атылған оқ, жарылған автомобиль, әрбір ересек бала қалтасына кездік салып жүретін. Күндіз бейбіт елді мекен түн қараңғылығына қарай адам танымастай өзгеретін еді.
Қалада жаз. Бітік шалғын, қалың қау, дендеп енген жасыл желек. Бұрында артық біткен ағашты шаһарға қарай ентелеп, төніп бара жатқан жерінде, ақтық сапар жолында тоқтатып, аралап кесіп не балталап шауып тастайтын. Қашықтан көз жіберіп қарағанда, ғажап өлке алақанда жатқандай анық көрінетін, қаңтарда қар баспаса, сәуірде ернеуінен аспайды, су жайылып белдеуді алмайды, дере тасқын ашық, дереу жылғадан жүлге, жүлгеден атырау, атыраудан арна салаланып, ағып, басқа алыс жақтарға, бөтен аймақтарға құйылып, құтылып кете баратын. Енді қазір ойық-ойық жалаңаш бөктерлер толы қарағай-қайың – топ-топ. Қадау-қадау. Жазғытұрым, ірге сөгіліп, күртік бұзылып, қар суы жүрген сай-сала, шіркін, қыр бетіндей ала қанат. Кешегі ырыстың бөлігі, береке шақтың көрінісі, биік-биік көп қабатты ғимарат-пәтерлер қалалық пейзаждың ландшафтына айналғалы қашан.
Қарағайлы үйлері есік-терезелері үңірейіп, таңғы мезгіл жайма-шуақ маусым бейнесін бұзып, түн қараңғысынан бөлініп қалған қорқыныш елесіндей тұс-тұстан қаптап қарауытады.
Жаңа оянып келе жатқан Қарағайлы күн шұғыласына бөленіп, көктен аңдыздап түскен сәуле көлеңкелі қуыстардың ішіне құлап, түнекті тігінен тіліп, жарып өтіп, түбіне шейін жетеді. Көлденең тартылған көк торғын жібек жіптей, жіптігін білдірмей, әуеде асылып тұрады. Жел ұшырған, әлсіз самал қозғап, жоғары көтерген шаң-тозаңға толы жарық фотондары көз алдыңызда ақтарылып жылжып, ағып-көшіп жатқандай.
Нұр, таза қалпы, салқын түн ауып, алагеуім шақта таң қылаң беріп, шапақ шашып атқанда тұнық, өзге күндері, ыстық көтеріліп, аспан айналып жерге түскен уақтары, жапырақтар сыбдырлаған мезет, қолма-қол қоңырқай түс тартып, кірлеп шыға келеді, манағыдай, мұнтаздай емес, қапаланған жан, жанарға толған мұңдай әрлі.
Елді мекен елең-алаңсыз, марғау, жайбарақат, емен-жарқын, маңдайы жарқырап тұр. Қиылыстан белсебед мінген екі бала көрінді. Жартылай қираған аялдамаға жете бере қайыра кері бұрылды. Бірінен бірі жарыса озып, қапталдаса, көз ұшында жоғалды.
Қоғамдық көліктер, ел арасында тұрақты жүретін, күніне сан қатынайтын автобустар тоқтағалы біраз уақыт болды, көшелер бос, асфальт жолдар тұс-тұсынан ойылған, қазылған, бұзылған, ойдым-ойдым. Жаңбыр жауған күндері іркіліп қақ тұрады. Иіріліп су жатады. Төселген қарамай жылдар өте келе тақырланып, желініп, жұқарып, грейдерге жеткен. Грейдер жайыла-жайыла жан-жағына жазылып кеткен.
Қалаға жеңіл автомобиль кірді. Соңынан шаңы бұрқырап, жан-жағына ақ ұлпа топырақ шашып, алысқа ұзап барып, түкпірде оң қапталына бұрылып кетті.
Жолда қара торы бір келіншек келе жатты. Қолында тор сөмкесі, ішіне салған екі бөлке наны, сіріңке қораптары, қағаз қапшық қанты бар. Көшеде бейсауат кісі жоқ, бірақ, жаз тіршілігі, қыс қамы бар, бұйрық қысқа түседі, жылдам орындалады, түкпір-түкпірден түрлі-түрлі дауыс біресе жаңғырып, біресе құмығып, шуласа шығады, топырақ терең қазылып, үйінді түбінен қопарылып, елдің күрек бөлшектеген, сауыт қалыптаған қара кірпіштерді ентігіп күн көзіне жайып жатқаны естіледі, қырқылған, түзеген, шапқан дыбыстар әредік таңырқаған, қалжыңдаған, бір-бірін қағытқан, дауырығып сөйлеген дабысқа ұласады.
Жер үйдің күтімі күшті. Сенделіс жоқ, елдің бәрі тегіс аулада, есік алдында, қора ішінде, шаруа қаузайды, тесік жамап, саңылау бүтіндейді, шатыр жөндеп, тынымсыз, мазасыз, жарғақ құлағы жастыққа тимей, қысқа қамданып жатыр. Отын жарады, бөрене аралайды, қораның кіреберіс бұрышына әсемдеп шөрке, қиылған бұтақ, шапқан, жарған ағаш тізеді, ақ сирақ қу ағаштар уақытын күтіп қара суық түскенше, қараша күшейгенше қаңсып, қурап, кеуіп, отқа салуға дайын тұрады. Мұқият қаланған отында өмір бар. Кейбір жылдары күз мезгілі жаз айлары бітпей, тамыздың соңы, қыркүйек ішінде, іле-шала, ерте басталады. Сол кезде қаланған отын іргесі бұзылады, ағаш отынға Қарағандының тас көмірі үнем береді. Маздап жанады, ұзақ қызып жатады. Әрі қызуы күшті. Қарқаралының қарағайына Қарағанды тас көмірі қосылып үйді жақсы жылытады.
Үй жылынғанда, бойымыз жылынады. Қазан қойылып, май шыжғырылады, қамыр иленіп, бауырсақ пісіріледі. Әдетте, Арқаның бауырсақтары ірі келеді, таудай боп дастарқанда тез үйіліп қалады. Ағалар қорадан үйге кіреді, жеңгелер үстелге тағамның түр-түрін тасып, таңсық ас, тамаша дәм қойып, жайнатып жібереді. Әуелі биылғы жылдың қызықтары еске түсіріледі, ара-арасында кен өндіру комбинатының мүшкіл жағдайы, елдің азып-тозып бара жатқаны, кезінде Қарағайлы қала атанғанда, кәсіпорын дамып, баспана көп салынып, өркендегені, тоқсаныншы жылдарғы тоқырауда бәрі тегіс құлағаны, ойрандалғаны, құрығаны, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені, ақ адал еңбектің рәсуа, ел-жұрттың қор болғаны әңгімеленеді.
Ендігі үміт – жас ұрпақ, дейді. Сол бір күйзелген, құлазыған уақыт қызық-думанды жастық шағымызға тап келді ме, әлде шын дағдарыс екені жалған ба, ойыма түскенде, керісінше, құрбы-құрдастарым керемет кез, шат заман кешкен сияқты көрінеді.
Қазақ әулетінде үйдің ер-азаматтары шетінен палуан, боксшы, спортшы келеді. Әңгіме үстінде чемпиондардың есімдері аталып, кім, қашан, қандай жағдайда жеңімпаз болғаны, таңғаларлық нәрсе, күніне шейін дәл айтылады.
Кешегі Ленин даңғылында жан жоқ, қала манаурап, шілденің ыстығына қайнайды, биыл ерекше, жауын-шашын аз, өңір күйіп тұр, аптап ыстық жалғаса берсе, өртке ұласуы мүмкін, соңғы жылдары Қарқаралы бірнеше рет жанды, асыл орманның көп бөлігі өртеніп кетті, обалы не керек, қаншама жыл аспанмен таласып-тармасып, жармасып-жағаласып өскен ұзын-ұзын қасқыр құйрық қарағайлар ұшты-күйлі жоқ болды, орман-тоғай сиреп, етек-жеңі кесіліп, көлем-аумағы кішірейіп, сидиып-сидиып қалды.
Бүгін естелік кешіп, Қарағайлы көшесімен келе жатқан маған өмір өтпейтіндей көрінді. Бәрі тура кешегідей тәрізді, әр нәрсе өз орнында тұр, қаз-қалпында, көңіл айнымаса, сезім де өзгермейді екен. Біз Қарағайлы қыздарына ғашық едік, бой жазып, серуен құрдық, биге шақырып, жаз қыдырдық, әйтеуір қалтқысыз сүйдік, бәрі тегіс әдемі болатын, қалаша киініп, шаштарын карэ тәсіліне келтіріп қиып алған бойжеткендер, қара көзілдірікті сән қуған жас арулар – танысқан күні, қызыл іңір кеште, шай ішіп отырған, кіреберіс сенекті жағалап, терезе жақтан келіп тұрғанда – жайма-шуақ күліп, қуанып, қарсы алдымыздан ашылған сырлы есіктен сызыла басып шығып келе жататын.
Біз Асқаттың үйіндеміз.

27.05.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here