Дидар АМАНТАЙ

ЕҢ МАҢЫЗДЫ УАҚИҒА
әңгіме

Күн – қапырық. Пәтер іші қоңыр салқын. Тау жақтан құлаған жібек самал перделерді әлсіз қозғап, бетіне жұмсақ тиеді, қападар жүзін сипай майда еседі. Кейде ептеп күшейгенде, жеңілдің бәрін қопарып, ілгері-кейінді сырғытып, желпіп орнынан көтеріп, жайлап соғып тұрады да, қапылыс, іле-шала жойылып кетеді, өзгерген ештеңе жоқ, ауа ғана – саф, мөлдір, таза.
Тек әредік, тесік-саңылаудан ентелей кіріп, бөлмеге құйылады, босағадан табандап енеді, сосын, төрге озып, сатылап жоғары көтеріледі.
– Жалғыз шықтың ба?
– Иә.
Есік-терезелер түгел ашық-шашық, жаңбырдан кейін шатыр үстінен асқар-асқар шың-құздар көк тасы жалтырап анық көрінеді, шыңырау-шатқалдар шалқасынан үңірейіп ашық жатыр, төбесіндегі, ұшар басынан қысы-жазы бір кетпейтін қалың қар-мұздың ызғары самалдан ептеп білінеді. Төменде – ыстық, төбеде – суық.
– Көшеде абайла.
– Әрине.
– Құлап қалып жүрме.
Ол бәтеңкесін киіп жатып басын шұлғыды. Көп ішетін дәріден жүрегі айныды. Бірде шипа, бірде кесел. Төмен қарап, бауын байлаған сәт көзі қарауытып, басы айналды.
Дерт. Түнде ұйқысынан айырды, күндіз – күлкісінен. Сырқырағаны көшпелі, бір кез аяқ-қолы қақсап тұрса, келесі уақ тізесі бастырмай қалады. Қалтырайды. Еті ауырады. Түңіледі. Бойын немқұрайдылық жаулайды. Құлазиды. Жүйкесі тозады. Әйтеуір тыным жоқ. Тәнінде де, жанында да. Құса. Тұтқаны басып, есікті ашты, баспалдақпен төмендеп бара жатқанда:
– Екі баланың біреуін ертпедің бе? – деді.
– Қайтемін.
– Сүйеу болады.
– Таңғажайып жазғы маусым – демалыс күндері.
– Иә, бақыт кешер уақыты.
– Мазасын алып…
– Байқа өзің.
– Бала жайма-шуақ мезгіл жан рақатын кешуі тиіс, бақытты балалық шақ сонда ғана есінде қалады.
– Екеуі де әлі жас екені рас.
– Қыдырсын, өмірдің қызығын көрсін.
Ол іштен есікті жапқанын естіді. Баяу қозғалып, баспалдақтың қос қанатынан кезек-кезек ұстап, қыбырлап түсіп келеді.
Түс әлетінде кіреберістен көрінді. Қос бүлдіршін ойын алаңында жүріп, кенет үйде отырған әкесін сырттан байқады. Есік алдына сүйретіліп шықты. Қалт-құлт.
Бұл ауру – қорлық. Тынышыңды алады. Мазаңды кетіреді. Түбінде арбаға байлайды. Қара да тұр. Қазірдің өзінде халы нашар, құрсанған дене піл сауырындай ауыр, қиын қозғалады, қимылы бәсең, белсенділігі төмен, біреу-міреу байлап-матап тастағандай. Троллейбус аялдамасына қарай аяқ басты. Қалт-құлт.
Ит-өмір. Қалт-құлт. Енді жақсылық жоқ. Күтпе. Төз. Шамаң келгенше күрес, қарсылық көрсет. Бірақ, бәрі біткен тәрізді. Қызық таусылды. Ешкімге қажет емес. Басқаға тәуелді. Тірлігі – тозақ.
Тамұқ. Қайда қашасың, көтересің. Ол бағдаршамда жолдан өтті. Үлгере алған жоқ, қаптап қаңтарылып тізіліп тұрған автомобильдер шетінен пепілдетіп шулай бастады. Бір-бірін дыбыстап қолдап, жақтаса жөнелді. Жол сұрап жұлқынады. Жүріп келе жатып өзін қор сезінді. Қалт-құлт. Не өмір бұл. Кім көрінген ар-намысына тиеді. Шіркінге қайрат көрсетер күш бар ма. Ертеде болса, топ еткізер еді. Баудай түсірері анық. Қазір күш жоқ. Бойында күш жоқ. Әлсіз. Кешегі он адамға қарсы тұра алатын баһадүр жігіт бүгін біріне де шамасы жетпейді. Бұл дерт ердің күшін жояды. Науқас тез әлсіреп қалады. Әрбір төрт сағатта – бір дәрі. Күніне – бес мезгіл.
Көлік келді. Ол ішіне кірді. Бір жас бала орнын ұсынды. Намыстанса да, отыруға мәжбүр. Бұрынғы жағдай қайда, мүгедексің, масылсың, екінші дәрежелі пендесің.
Ел саған екінші дәрежелі пенде ретінде қарайды. Бүтін адам емессің. Жартысың, бөлшексің. Көзіне жас келді. Құдай неге мені сорлатып қойды. Қателігім көп болды ма, қиянатым асып кетті ме. Бірақ, кімге қиянат жасаппын. Адал жолмен жүрдім.
Әділ жолмен. Күнәға баттым ба. Бірақ, күнә мен зауал арасында байланыс бар екеніне сенбеймін. Бар екендігі – жалған. Басыма туған күн, жазам да, сазайым да емес, кездейсоқ дерт. Рухани негіз іздеудің қажеті шамалы, меніңше, физиологиялық себептің нәтижесі.
Троллейбус ақырын жүріп келеді. Ойдан шаршады. Кейде күлкіні іздейді. Күлген жақсы. Күле бергенде өмір салтанаты бар. Өлімді о дүние мен бұ дүние арасындағы қақпа көрсек, аттап ішіне енгенде, табалдырықтан кернейлетіп-сырнайлатып өту қажет. Сән-салтанат үзіліп қалмауы тиіс. Өткел – өмірді ғана емес, өлімді де екі жаққа жалғап, мән-мағынасын ағыл-тегіл тасып жатқан, аласапыран жол. Екі дүние де қарбалас. Бірінде күнә жасалады, бірінде – айығады. Жұмыс көп, пенденің бәрі күнәкар. Борхес алға тартқандай, “нынче вечером, не произнося ни слова, ты, Абрамович, открыл мне, что в смерть подобает вступать как в праздник”.
Ол жолдан, аялдамадан түсіп қалды. Шешімін өзгертті. Қым-қуыт үйлер арасымен келе жатыр. Мақсаты айқын. Ғұмырындағы ең үлкен шаруа. Ең маңызды шаруа. Орындаса, орнын табады. Беймаза ойлар тегіс жоғалады, әуелі күрт тоқтайды, сосын, ұшты-күйлі жоғалады. Жанына тыныштық іздейді. Бәріне тойды.
Кенет алдынан автомобильдер қорасы көрінді. Сәл қиғаштап барады екен, бағытын түзеп алды. Келмегелі көп болды. Ескі үйлер ауданы. Кір жайған жіптер көп. Гараждар тізіліп тұр.
Қалтасына қолын сұғып, кілтін іздеді. Тапты. Бояуы оңған жарма есігін сықырлатып айқара ашты. Ескі автомобиль шаң басқан қалпы. Мінетін адам жоқ. Ол шамды жағып, есікті жапты. Мотор гүр ете қалды. Алдыңғы орындықта отыр. Салон ішінен алқаракөк телпегін тауып алды. Тағы, бірнеше кітаптары жатыр. Көк түтін түкпір-түкпірге толып, жан-жағын бірсін-бірсін жайлап, көтеріліп, қалыңдап келеді. Бір сәт тұңшыға бастады. Жөтелді. Тамағын қышыта береді. Келесі мезет ауа тарылды. Ол жүгіріп барып, жарма есіктерді шалқасынан ашып жіберді.
Өле алмайды екен. Өмірді шексіз сүйеді. Балаларын қимайды. Ол машинада отырып, басын рөлге қойып, маңдайын рөлге тіреп, кенет солқылдап, құмығып, ақырын ғана, үнсіз жылады. Көзінен жас тамып жатыр. Сордан құтылайын деп еді, жоқ, бейнетін толық кешуі керек екен, азап-мехнаттың дәмін түбіне шейін татуы тиіс екен.
Жұрт таңертең оны гараждан тапты. Ортада асылып тұр. Әдемі қалпында, мойнына байлаған көк ала орамалы бар, басында алқаракөк телпек. Үсті-басы мұнтаздай таза, киімі бүтін, көңілі жайдары. Сөреде беттері ашылған бірнеше кітаптары жатыр. Сірә, түнде, кетер алдында оқыса керек. Телефоны қасында, шыр-шыр етеді. Таңғы төртке дейін байланыста болған екен. Фейсбуктегі парақшасы ашық. Қуаты өшпейтін ұялы байланыс құралы.
Елгезек, көрші шопыр бала, оның телефонынан әйеліне хабарлама жіберді, аға қайтыс болды, гаражға тез жетіңіз. Әйелі қалжың деп ойлады, қай қатында түнедің, сол жәлептің үйінде қал, деп шорт кесіп, қысқа ғана жауап қатты.
Ол түнеп шыққан төсектің құшағында тұңшықты. Түнектен келді, түнге аттанды.
Телефон сығырайып барып сөнді. Енді оны ешкім қоспайтын шығар. Реалды дүниеде ажал да реалды. Виртуалды әлемде адамдар өлмейді. Спиритуалды, ғаламтор кеңістігі аруақтар мекені тәрізді, бұ дүниеден аттанып кеткен соң, о дүниеден бұрын, интернеттен көрінеді. Екі жақтың тілдесетін орны. Біз іздеген өткел осы ма, кім білсін.
Бір Құдайдың қолында.

22.05.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here