Дидар АМАНТАЙ

ЕРКІН ПРОЗА
(Думан Рамазан шығармашылығы жөнінде)

эссе

Фолкнер тәрізді. Кітаптары қалың, сөйлемдері ықшам. Әңгімесі повесіндей, повесі романындай – ұзын. Жазғанда ірі жазады. Бостан қалам иесі. Кеңістігі кең, уақыты көп. Детальға ұқыпты. Тарихи қаһармандары – соқтадай. Соқтықпалы, соқпақты тарих жолдары – автордың шексіз әлемге енетін қақпасы. Көркем образдары, әсем детальдары, қуатты ойлары деректі проза талаптарымен үндесіп жатыр.

Бірақ, Думан – еркін прозашы. Қаламы төселген, тақырыбы айқындалған, қолданатын сөз қоры қалыптасқан қаламгер.
“Шаңырақ көтерді, бала сүйді, немере көрді. Жалынды шығармаларын да осында жазды. Ақ адал еңбегінің арқасында атақтың да бал дәмін татып, даңқ тұғырына көтерілді”.
Немесе, екінші бір тұсында: “Сарала қаздай сарыла іздеп таптым ғой!”

Бірақ, ескіні ұмытпаса да, автор жаңалыққа құштар. Кеңістік пен уақыт модерндегідей тарихи категориялар емес, ауыстыруға, жылжытуға, әлемді қайта, еркін құрастырғанда пайдалануға болатын құралдар: кейіпкерлері бір дәуірден екінші бір дәуірге оп-оңай өте салады. Өзі де белгілі бір тарихи тұлғаны көркем персонаж, жаңа міндет жүктелген образға айналдырып жібереді.

Демек, постмодернистік тәсілді пайдаланады. Бұның жазу мәнеріне еш қатысы жоқ.
Думан классикалық әрі модерндік үлгіде жазады, алайда, постмодерндік мүмкіндіктерді қалт жібермейді.

Бұл не деген сөз: автор модерндегідей, шығармасында реалды дүниені анық, нақты, дәлме-дәл немесе қаз-қалпында бейнелеуге ұмтылмайды, ол постмодернистік жолмен кетеді – жаңа дүние жасайды.
Постмодерн – ситуация. Ол өзінің жазу тәсілін қалыптастырған жоқ, постмодерн – жағдайдың құрбаны.

Өре ойыны, автордың көптігі, қабат-қабат сюжеттер, уақыт/кеңістік дербестігі, мәдениеттер тоғысы, теріс қалжың, кертолғау, пастиш, коллаж, синкретизм – салдары. Өзі емес. Себеп: mass media мен жоғары технологиялар. Біз салдарды алға жіберіп, себепті соңына қойдық. Салдарын негіз деп теріс түсініп жүрміз.

Жалпы, ғылыми-техникалық табыстардың жай емес, іргелі өзгерістері, тектоникалық, парадигмалық жетістіктердің тұрмыста жаппай қолданылуы, өндірісте кеңінен енгізілуі қоғам өміріне, адам санасына қатты әсер етті.
Өндіріс пен ғылымның арасы жақындай түсті. Тіпті, екеуі бірігіп, бір үдеріске айналды. Ұзаққа созылған үдеріс. Бұрын ғылым бір басқа, өндіріс бір басқа еді. Екі бөлек құбылыс-тұғын. Енді жағдай өзгерді. Қарым-қатынасқа түскен екеуінің байланысынан технологиялар пайда болды, жай технологиялар емес, жоғары, тіпті, аса жоғары.
Бұқаралық ақпарат құралдары коммуникациялық дүмпуге алып келді. Содан бері адамзат үздіксіз сөйлесіп жатыр. Пенде баласының тілдесуге деген осыншалықты қажеттілігі қайдан, неден туғандығын түсіну қиын.
Тіл қатамын, яғни тірімін, деген сөз.

Цитатаның көбеюі тырнақшалардың жойылуына әкеп соқты, бұл өз тарапынан мәтіннің мәтінге кірігуіне ықпал етіп, интертекст пен гипертекстің тууына жағдай жасады. Әлбетте, цитата көшіру, үзінді келтіру оңайланды, оңтайланды. Бұрын кітап оқып отырып бетін бүктеп белгілеп кете беруші едік, енді қазір кез келген жерін гуглдан іздеп, тауып аламыз да, желкесінен бүріп ұстап, жазылып жатқан мәтінге қондыра саламыз.
Бүгінде білім – ғаламторда, басымызда емес, сондықтан білім ойлау процесіне араласпайды.
Ал, дүниені мәтін санаған теория де Соссюрдің лингвистикалық төңкерісінен туды. Ол тілді екіге бөлді: түсінік және акустикалық образ. Ертеде тілді сөз деп білуші еді. Соссюр түсінікті белгіге сыйғызды, ал акустикалық образ дыбыстық үлгіден тұрды. Мысалы, Күн. Әрі түсінік, әрі белгі. Күн деп дыбыстасақ, Күнді іздеп, аспанға қараймыз. Белгіден оқимыз. Түсінік те, акустикалық дыбыс та белгіде тұр. Тілде белгі/таңба дыбыстан озды, алға шықты, демек тіл дегеніміз белгі немесе дәлірек – белгілер жүйесі. Белгілер жүйесі – мәтін. Кез келген мәтін тілге айналды.
Белгі – белгілер жүйесі – мәтін – тіл. Сонда, математикалық тіл, архитектуралық тіл, бағдарламалық тілді байқаймыз. Мәтіннен тыс ешетеңе жоқ, дейді Жак Деррида.
Сонда төмендегідей формула шығады: белгілеуші/белгіленуші. Яғни, айтылу жөні/мазмұндық жөні. Күн деген дыбыстық үлгі дыбысталғанда немесе айтылғанда біз Күн деп түсінеміз, түсінік пен дыбыс екеуі тілде біртұтастанады.
Киноның да тілі бар, прозаның тілі – стиль. Ол өз алдына жеке бір әңгіме.

Бұл – постмодернизмнің алғы шарттарының бірі. Қара шаруа зиянға ұшырап, шаруасынан айрылғанда, басы бос, ерікті болса да, қолында ештеңе жоқ еді, сондықтан ол жұмысшы атанды, тапқа айналды, капитализмнің алғы шарттарының бірі болды, себебі, бәрібір, капитал иесіне тәуелді.
Сондықтан, мен постмодернизмді әдеби тәсіл емес, ситуация деп қабылдаймын.
Қазір білмейтін категория-түсініктерді оңды-солды қолдану індетке айналды.
Қазақстанда постмодернизм – фарс, постмодерн – жасанды, тіпті табиғи күй кешіп отырса да, өзін-өзі постмодернистпін жариялай бастады. Бұл – күнде суға түсіп жүрген адамға өзенді барып көрсетіп, бұл өзен деп таныстырумен бірдей.

Десек те, Думан Рамазанға оралайық.
Автор “Көш” атты бір әңгімесінде: “Өскенде мен де сарай ақыны боламын. Жақсы ат мініп, зерлі шапан жамылып, құндыз бөрік киемін! – дейді іштей күбірлеп, – Есек мініп, тепеңдеу есі бар жанға жараспайды. Менің есуас болғым келмейді!..” Кенет, желке тұстарынан бас уәзірдің аюдай ақырған ащы айғайы естілді:
– Мына жап-жасыл жазыққа қараңдаршы! – деді ол қу тақырға көз тігіп”.
Тарихи шығарма бүгінгі күнмен байланысып жатыр, жоғарыда айтылған сөздерімізге куә.
Бейбарыс, Құтыз, Құлағу және Кетбұға туралы шығармасы да әсерлі сомдалған, тарихи деректерге ұқыпты, бірақ, қолбасшылардың психологиялық портреттері еркін, автор бұл жерде қиялына ерік береді.
“Алдымен парсы жұртын тізе бүктірді, содан соң Бағдатты бағындырды. Іле-шала Иерусалимді алды. Дамаскі мен Шам шаһарының билеушілері бұлардың қаһарынан қорқып, қорғандарының қақпасын өздері ашып берді. Мұсылман жұртынан аман қалғаны Мысыр ғана болатын. Екпіні ерек мұздай қаруланған қалың қол Египетті бетке алып келе жатқан. Дәл осы кезде Мөңке қағанның қазасы жайлы суық хабар жетті. (…) Енді міне, Құтыз бен Бейбарыс ұрымтал тұстан түре шауып, жер қайыстырар қалың қолмен қылыштарын жалаңдатып қарсы алдында тұр”.

Автордың тілі – бай тіл. Мұқтар Мағауин бірде айтып еді: ұлы ұстазым Мұқтар Әуезовтің мына бір сөзі есімнен кетпейді, мен, деп еді ол, қазақ әдебиетіне Абайдың сөйлеу мәдениетін әкелдім.
Екі ұстаздан естіген сөз. Сол Думанда бар. “Құса”, “Ажал келген күн”, “Көкжал”, “Дауыс”, “Жар астында”, “Арғымақ”, “Алланың әмірі” атты әңгімелерінен байқай аламыз.

Сыни эсседе талдап отырған шығарма мазмұнын қайталағанды жөн санамаймын.
Сюжетті емес, жазу мәнерін түсіндіру керек. Мазмұнға емес, қаламгерлік табиғатына түсініктеме берген жөн.
Жиырмаға тарта әңгіме-повесін оқығанда түйген ой: Думан Рамазан шығармашылығы өрлеу үстінде, ізденіс үстінде, жан-жақты дамып, кемелденіп келеді, бірақ, ең жақсы туындысы жазылмаған шығармалары екенін автор жақсы біледі, сондықтан жаңа туындылар күтеміз.

12.05.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here