Дидар АМАНТАЙ

КАЛЛИГРАФИЯЛЫҚ ӘРІПТЕР

Он сегізінші тарау

Енді, көремін бе, жоқ па, белгісіз. Үш жолаушы мініп баратын автомобиль таптық. Бояуы оңған, талайды көріп, жақсы күні өткен ауыл машинасы, әбден тозығы жетіп, шашылғалы тұрған көне техника екен, тіпті, сызат түсіп, жарылып-жарылып сыры, сыны қашқан дәу қаңқасына қызғылт қоңыр дат қонып, шет-шетінен тотығып, жан-жағына, төңірегіне жайыла бастаған, кеңес өкіметінен бері келе жатқан көлік сүйегіне әзер ілініп тұрғандай күйге ұшыратады, тежеуішті шұғыл, қатты басқанда, сырғып, сыпырылып түсіп қалатындай көрінеді.
Ескі көлік аудан орталығынан кешеуілдеп шықты. Кеш, бірақ, суыт. Машина табылған соң, ілесіп кете бердік. Ойымыз, қараңғылық түспей, елге аман-есен жетіп алу. Ұзақ сапардан шаршап, құлазып, жаурап келемін. Күн суық, қақап тұр, саршұнақ аяз желге қарсы жүргенде аямай бет қариды, оның үстіне қар ұшқындап, сырма жүріп, күшейгенде ат құлағы көрінбейтін, ақ түтек боранға ұласып барады. Қауырт қимылдаған үшеуміз тез жиналып, жолға шығып кеттік.
Шығаберістегі бағдаршам алдында ескі көлік жалғыз өзі қарайып сәл тұрды да, жасыл түстің жануын күтпей, орнынан ытқып қозғалып, жанталаса, ілгері ұмтылды. Енді, бірқалыпты баяу жүріп келеді. Әредік қою қара түтініне қақалып, сілкініп-сілкініп, тоқтап қалады, моторын қайта қосқанда орнынан жұлқынады. Жанар-жағар майы нашар ма, таза емес пе, әлде басқа себеп пе, әйтеуір өз басын өзі зорға сүйрейді. Жол үстінде қалқып, біресе жоғары көтеріледі, біресе күрт төмен құлдилайды. Екпіндеп, алға ентелеп, зымырап отыратын тақтайдай тегіс, қарамай асфальт төсеп, жарқыратып қойған биік грейдер жоқ. Боран кабина ішіне бұрқыратып қар шашып, оқтын-оқтын өкпе тұстан, өңірден, қолтықтан үрлеп, бойымызды мұздатады. Жол бітеліп қалмаса игі еді. Қалың шашын алдымызды бөгеп, жолымызды байлап, көлденең көміп тастай береді. Суық сүйегімізден өтеді. Көп саңылау, әр жыртықтан қар үйіріліп кіреді, үйіліп жатады.
– Тонған жоқсыздар ма? – деді жүргізуші.
– Ештеңе етпейді.
– Мақсұт, сонда бұл ағамыз кім болды?
– Жазушы.
– Қазір өзі жазушы қалды ма, бәрі шетінен бизнесмен.
– Қалыпты. Осы. Жалғыз өзі.
Күліп жібердім.
– Есімі – Хафиз.
– Сайлауға не қатысы бар?
– Дафнаға бара жатырмыз.
– Дафнаға?
– Иә.
– Сайлаудың немере қарындасына ма?
– Дәл үстінен түстіңіз.
Сосын, сілтідей тыныштық орнады. Бәрі үнсіз. Тіпті, боран да тоқтап қалғандай.
– Е, Дафнаға деңіз, – жүргізуші қоңыр дауысы саңқылдап шығып, тыныштықты қайта бұзды.
– Иә, Дафнаға.
– Бұрын, жаз айларында, осында келіп жүргенде, жас кезі, ажары, сымбаты қандай еді, шіркін!
– Дафна ма?
– Иә.
– Қазір қандай, – Мақсұттың дауысы жарықшақтанып ақырын шықты.
– Бағы ашылмай қойды.
– Бағалай алмадық.
– Бағалағанда, үйленетін бе едің? Мақсұт, сен де қызықсың, қатырасың-ай.
– Пенде баласы арман-мұратынан айрылғанда, күресе де алмай қалады екен.
– Иә, кім көрінгенге жем боп кетеді дейді.
– Өзін өзі кембағал санап.
– Кем бағалап…
– Жарықтық әкесі жақсы адам еді.
– Мынау анасына тартып кеткен.
– Хафиздің мақсаты не, сонда?
– Шаңырақ құрмақшы. Дафнаға сөз айтуға бара жатыр.
Жүргізуші аңтарылып қалды. Сосын, бұрылып екеумізді шола қарады, машина екі бүйірімізден қыспақтап келе жатқан тау-тау, кесек-кесек күртік қарға соғылып қала жаздады.
– Азамат екен!
– Несі азамат, екі жас бір-бірін ұнатты, енді қосылады.
– Ол түсінікті, алайда…
– Жастың меселін қайтарма.
– Қайдағы жас, Дафналар отыздан асып, қырықты жағалап қалды.
– Бар өмірі алда.
– Енді, Дафна, қалай айтсам екен, арбада отыр ғой, естіп пе едіңіз.
Басымды изей салдым. Көз алдым күңгірттеніп, санам тұманданып кетті. Отырған орнымнан құлап қала жаздадым. О, сұмдық! Сонда, тараған қауесет, жұрт айтқан өсек-аяң рас екен-ау. Селк ете түстім. Жүрегіме шаншу қадалды, не істедім мен, әбден құртқан екенмін.
– Білсеңіз, азамат екенсіз.
– Рақмет.
– Дафна бақытқа лайықты.
– Ауылға да тақап қалдық.
– Жолайырықта түсіріп кетейін бе?
– Иә.
– Ел-жұртқа, ауылға соқпайсыңдар ма?
– Жоқ.
– Онда, жолдарың болсын.
– Соғымың шүйгін болсын!
Біз қар омбылап келеміз. Алдымыздан қарайып қоржын үй көрінді. Қос мұрын жай. Қатар-қатар қара шоғырланып қоралар қарауытады. Жылқы жайылып жүр. Соңымыздан шұбатылып қалып жатқан ізімізді сырма жел бұрқыратып қар айдап қолма-қол көміп тастап отырады, аяз шынылтыр, бет-аузымызды жұлмалайды. Боран күшейген сайын аяз әлсірей түседі.
Теміржол бекеті үстінен түтіні будақтап пойыз өтіп барады, айнала бетпақ түз, ми дала, қар жамылған шексіз дүние, қашықтан қараған адамға – асыға адымдап, көлеңкесі қар бетінде аунаған, жылдамдатып келе жатқан екі қара ноқат дақтан басқа – ештеңе көрінбейді, күртік қар ақсақ ойылып, тізеден байлайды, жүрісіміз маңдымай қойды, жанымдағы серігім сәл кейіндеп, соңымнан ере, сөйлеп келеді:
– Алла жар! Алла жар!
– Тондыңыз ба?
– Жоқ.
– Түзде күн суық екен.
– Хафизжан, ораза кезі, айлардың сұлтаны, қуанышқа көрінді, бұл боран – ырыс-береке, жақсылық нышаны, қоңырау шала алмасақ та, үстінен түсетін болдық.
– Сіз анық осы үйде отыр деп ойлайсыз ба?
– Отырғанда қандай!
– Сан мәрте алдандым, айшылық, алыс жолдан шаршап жетіп, нысаналы жерге келіп, маңдай тірегенімде, бар бейнет-мехнатым ақталды-ау дегенімде, баяғыда бір қонып, қонақ боп кеткен жері боп шығады.
– Жүрегім сезеді, – деді ол ентіге сөйлеп, – Дапына дәл қазір дастарқан басында отыр, кеше құмалақ салдық, бәрі келіп тұр, Құдай тағала екеумізді қуанышқа тура бастап келеді.
Біз сүрініп-қабынып үйге де жетіп қалдық. Бізге қарсы күркіреп орнынан екі-үш алабай көтерілді. Есік алдына қожайын шықты. Біз қол беріп амандастық.
– Дапына үйде ме, – деді салған жерден жолсерігім Мақсұт.
– Мақсұт, саған не болды, аманық-саулық жоқ?
– Мына азамат екеуміз Дапынаға келдік.
– Үйде ол.
– Алматыдан келе жатыр.
Мені көтере сөйледі. Мен жайлы айтқан сөздері қалай-қалай әсер етіп жатқанын білгісі келіп, дүркін-дүркін оның бетіне қарап-қарап қояды.
– Жайшылық па?
– Сонау жер мойны қашықтан Дапынаны іздеп келді.
Қожайын маған сынай көз салды.
– Ол өзі ауырыңқырап жүр.
– Қазір тәуір ме?
– Тәуір.
– Үйге кірейік.
– Әрине.
Ол бізді үйге бастап алып жүрді. Босағадан тоқтап, етігімізді шештік. Қонақүйдің табалдырығынан аттап келе жатқанымда, төрде, оң қапталда, арбада кітап оқып отырған Дафнаны көрдім. Ол да мені көрді. Қолындағысы “Анна Каренина” секілді. Екі көзінен мөлт-мөлт етіп жас шықты. Мен де жылдамдата басып келіп, аяғына жығылдым. Жансыз екі тізесін құшақтадым.
– Дафна, Дафна, – дей бердім аузыма басқа сөз түспей.
– Хафиз.
– Кешір мені, кешір.
Ол да әрең шыдап отыр екен, ағыл-тегіл жылады. Бұл сәтті өмір бойы күтіп еді. Қай жерінен қателік жібердім екен деп, бүкіл ғұмырын көз алдынан сан мәрте өткізді. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Енді сол Хафиз алдында тұр. Енді сол Дафна алдында тұр.
– Мені алып кетесің бе?
– Жылама.
– Иә.
– Дафна, жылама деймін.
– Я не могу.
– Правда, заберу. Затем и приехал.
– Я одна на всем белом свете.
– Знаю. Теперь вместе. Вдвоем.
– Так бесконечно приятно, что не могу, чувства, эмоции переполняют меня, но я так долго ждала, я так долго ждала тебя, мой Хафиз.
Ол қайта жылады. Қалтасынан целофанға ораған, шет-шеті жұлмаланған ескі бір сегіз парақ қағаз алып шықты. Бір-бір әрпі ғана оқылатын сегіз сөздің қиындысы.
– Бұл не, – дедім алып жатып, – каллиграфия ма?
Ол басын изеді.
– Түсінген жоқпын, – дедім жорта.
Ол сегіз қағазды рет-ретімен орналастырғанда, әр сөзден жарқырап бір-бір әріп көрінді. Әуелі – I, сосын, L, оның артынан O, өз алдына дербес таңба V, тәуелсіз белгі E, содан соң, жеке-жеке, іркес-тіркес Y, O, U…
– Оқыдым. I love you, деген сөз шықты.
– Бұл – сөз емес, – деді Дафна, – бұл – өмір.
Радиодан Роберт Бернстің сөзіне жазылған Александр Градскийдің әні естілді. Диктордың дауысы анық әрі нық. Орыс тіліне тәржімелеген – Самуил Маршак. Орындайтын – автор.
(21.04.2020 – 07.05.2020)

 

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here