Дидар АМАНТАЙ

КАЛЛИГРАФИЯЛЫҚ ӘРІПТЕР

Тоғызыншы тараудан үзінді

Тыста жауын сіркіреп тұр. Құйып өтіп бара жатқан қара нөсер емес, жауып тұрып алатын қалың жаңбыр. Терезе әйнектеріне тырс-тырс тиеді. Жас кезімнен жақсы көретін дыбыс. Құмығып жетсе де, күркіреп жетсе де, осы бір тырсыл көзден жасырын, көңілден құпия тылсым әлемнен жеткен дыбыстай толғандырады.
– Что будет с нами?
Көлденең сауал көңілдің сазын, ажардың көркін бұзып жібергендей көрінді. Қайта үнсіздік орнады. Үлкен жаңбыр әйнектерді сабалай ұрып, кейде ақырын шертіп, жан-жақтан қоршап, қаумалап келеді. Қара шертіс – тыныштық дыбысы. Тереңдегі бұлқыныс, шерді қозғап, терезені соққан, салған ән, сандалған ой, аласұрған тілек, арпалысқан арман, күдік, үміт, сосын, не сүйеріңді, не күйеріңді білмейтін қысқа ғұмыр, құбылмалы тағдыр, мехнат, бейнет өз алдына, бір күндей шолақ, бір күндік сәуледей ұшқыр өмірдің азабы неге ұзақ-ұзақ, ажалы жақын, тамшы тамып түскендей жылдам, уақыт, жүйрік жылдар, жанымызға дос, жадымызға серік емес, жырада жатқан жау, жар астындағы дұшпан тәрізді, байлығымызды ұрлайды, барымыздан айырады.
– Что будет с нами?
Ойланым жатырмын. Үлкен терезеден бөтен қаланың биік ғимараттары, зәулім үйлері көрінеді. Тоқ бағаналары, желі-желі сымдар, шатырлар, көше шамдары, төмен жақтан баяу қозғалып, бағдаршамдар алдына үйілген автомобильдер, автобус аялдамаларында жиналған бірлі-жарым ел, жалғызаяқ жолмен талмай, толастамай ерсілі-қарсылы қаптап жүрген халық, Дафна, қайдасың, әлемді шарқ ұрып іздеп жүрмін, жаралы рухты ібіліс билейді, тағдыр кешуге, күресуге жарамсыз екенмін.
– Что будет с нами?
– Ештеңе.
– Мне кажется, с нами что-то случится.
Екеуміз ашық жатырмыз. Жауын тоқтапты. Бірақ, жауын тоқтай ма. Шелектеп төгеді, басылады, қайта жауады, жыл мезгіліне байланысты, көңіл күйіне қарай – не ұмытамыз, не есте сақтаймыз, жаз айында жауын-шашын көрмегендей жүреміз, қыс айында боран астында жатамыз, есікті ашқанда ентелеп үйге енген екі арба аяздан басқа ештеңе білмейміз, жыл мезгіліне байланысты, көңіл күйіне қарай, жаңбырдың да өз тағдыры бар.
– То, что должно случиться, уже произошло, – деді ол.
Әйнек тырс-тырс ете қалды. Сосын, тырсылдап кетті. Жас кезімнен жаңбырдың үнін жақсы көремін. Естіген сайын көңілім жадырап, жан дүнием жаңара түседі. Қараңғыда, тіпті, ғажап, түнде құйған жауын, тамған тамшы адам ғұмыры жауып өткен жаңбырдай қысқа екендігін еске салады, періштелер сырт-сырт әрі-бері ұшып жүргендей көрінеді.
– Я жалею об этом.
Мен көзімді жұмып жатып езу тартып күлдім. Өзімнен-өзім қуандым. Періштелер нұрдан жаралған болса, онда қанат неге керек, сәуле қанатсыз-ақ ұша бермей ме, ешкім жете алмайды, ештеңе оза алмайды. Меніңше, сәулелі адамдарды періштелер қоршап жүреді. Бақытын қорғайды. Кемінде, бір жылдық бақытым бар. Қазір үйге қайтамын, сосын, көз ілер алдында Дафнаны ойлаймын. Жаратқан Ие біліп отыр. Пешенеме жазылғаны осы. Бақыттымын. Рас, бақыттымын. Түн ауып барады. Дафна да ұйықтап алатын шығар. Жаратқан Ие біліп отыр.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here