Павлодар облыстық “Сарыарқа самалы” және халықаралық “Қазақстан дәуірі” газетінің тілшісі Тілеуберді Сахабаның қойған сұрақтары мен Дидар Амантайдың берген жауаптары

Сауал. Сіз екеуіміз алғаш кездесіп, әңгімелескен кезде: “Мен қазақ салт-дәстүрінің маңыздылығын көп зерттедім” дедіңіз ғой. Бүгінгі жаһандану, жаңару заманында қандай салт-дәстүрлерімізді көп насихаттаған дұрыс деп ойлайсыз?
Жауап. Салт-дәстүр – дүниетаным. Белгілі бір қайғы-қасірет немесе қызық-қуанышқа деген көзқарас, түсінік, іс-әрекет. Бақытын не бейнетін білдіреді. Жад бұйрығы. Сана қаракеті. Демек, мәні, мағынасы бар деген сөз. Мән-мағына жай-күйдің түп мазмұны. Салт-дәстүр, әдет-дағдыны ұмытпағанымыздың көрінісі оның әлі де болса маңыздылығын, құндылығын, тіпті, құрметті, қадірлі екендігін айғақтайды. Бұрынғы еңбегін бағалайды, болмаса, қазіргі өзектілігін байқатады.
Керексіз дәстүр жоқ. Ол алғашқы мағынасын жоғалтып, әйтеуір атқарылып келе жатқан әдет-ғұрыпқа да айналып кетуі мүмкін.
Дәстүрдің тағдырын біз емес, халық шешеді. Кез келген рухани немесе материалдық игілік/жәдігер қорғалуы тиіс. Мәдениет, өнер – өзіндік құндылық. Пайдасы бар ма, жоқ па, біз оны, бәрібір, оны адамзат табысы ретінде сақтағанымыз жөн.
Сауал. Бұрынғы әмеңгерлік, атастыру, енші беру, селтеткізер сынды тағы басқа көптеген дәстүрлеріміз ұмытылып қалды. Осы дәстүрлер бұрынғы көшпенді дәуірде өмір сүрген ата-бабаларымыз үшін қаншалықты маңызды болды? Және осы дәстүрлерді енді қайта қайтару мүмкін бе? Әлде қажеті жоқ па?
Жауап. Жаман дәстүр деген болмайды. Қасіретті есте сақтайтын, қайғыны ұмыттырмайтын дәстүр бар. Кез келген салт – құнды. Онда халық танымы, даналығы, өткеннің өсиеті, жаңаға деген үміт өмір сүреді.
Кейде дәстүр мен жеке адамның бостандығы қайшылыққа түсетіндей көрінуі мүмкін, шын мәнісінде, дәстүрдің ұйытқысы – халық. Ұнмағанды халық өзі ұмытады, бірақ, тарихта қалады, ол – жад қазынасы.
Дәстүр – тіл секілді ұлт қорғандарының бірі. Ұлттың жойылу қаупін сейілтер амалдар қатарынан: салт-дәстүрі берік елдің болшағы да айқын, бүгіні де нақ.
Сауал. Бізде сәлем салу, қалың мал беру деген дәстүрлер бар. Бұл солтүстік және шығыс жақтарда жоқ нәрсе. Осындай салттар солтүстік өңірлерде бұрыннан болмады ма? Немесе осыдан жарты немесе бір ғасыр бұрын қолданылып, кейін жойылып кетті ме?
Жауап. Сәлем салу – амандасудың бір түрі, бірақ, күрделі жолы. Бұл амандасуда ізет, құрмет, туыстық сезім, ұлттық жад жатыр.
Дүние жүзі тегіс бір-бірімен амандасады. Сондықтан, сәлем салу бір халықтың немесе бір аймақтың салты емес. Ол адамға, кісіге тән нәрсе. Сіз мысалға келтірген дәстүрлер жалпы қазақтық сипатқа ие.
Сауал. Қазір сол бұрынғы ұмыт болған салт-санамызды қайта еске түсіру үшін көп жұмыс атқарылып жатыр. Елбасы бастап берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір мақсаты да сол. Одан бұрын «Дін мен дәстүр» деген жоба қолға алыныпұмытылып бара жатқан ұлт құндылықтарымыз ислам дінімен ұшастырып насихатталды. Сіздің ойыңызша тағы қандай жобалар қажет, не жетіспейді? Жалпы осы мәселе бойынша ұсыныстарыңыз болса…
Жауап. Салт-дәстүрлер – ұлт қасиеттерінің бірі. Анықтама құрамына кіреді. Тіл, территория, ортақ мақсат-мұрат тәрізді. Сондықтан, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Мәдениет нәтиже емес, бітпейтін процесс, тоқтамайтын үрдіс. Мәдениетте, мәдениетпен өмір сүру қажет.
Сауал. Салт дәстүр, қазақ әдеби шығармаларында қаншалықты кең суреттелген. Қай жазушылардың еңбегінде көп кездеседі? Бірнеше мысал келтірсеңіз…
Жауап. Бірден “Абай жолы” еске түседі. Бөжейдің қазасы, қара тағу, өлікті жөнелту салты, асы… ғажап бейнеленген. “Ақбілек” романы, “Қалың мал”. Тәкен Әлімқұловтың шығармаларындағы ат баптау, бәйге шабу, Мұқтар Мағауин туындыларындағы аңшылық, саятшылық, жорық, “Ұлпандағы” Есенейдің құдалық жолдары, Сәкен Жүнісовтің “Ақан серісіндегі” бозбалалық, серілік, Әбіштің “Аңыздың ақырындағы” Әміршіге бүлінген алма арқылы берілетін белгі, Таласбек Әсемқұлов туындыларындағы фольклор, “Қайдасың, қасқа құлыным” атты Оралхан повесіндегі ырым-жоралғылар, айта берсе көп.
Сауал. Бір қаламгер ағамыз: “Көшпенділіктен отырықшылыққа ауысқаннан кейін жылқыға және ат-әбзелдеріне қатысты бір кітап сөздігіміз қолданыстан шығып қалды” деген еді. Расында өте үлкен мәселе. Бұған не дейсіз, қалай алдын алу қажет?
Жауап. Сөз құнары ауыз екі тілден кетсе де, көркем әдебиетте сарқылмайды. Халқымыздың лексикалық қоры ақын-жазушылар шығармаларынан, бәрібір, көрініс табады. Тіл дамып отыруы тиіс. Мемлекет, қоғам тарапынан үнемі тілге деген қамқорлық, жанашырлық, қолдау көрсетілуі қажет: түрлі іс-шаралар, бәйгелер ұйымдастырылып, ана тіліміздің өркендеуіне толық жол ашылса, тиісті заңнамалық құжаттар қабылданып, талап күшейсе, үкімет біржола қазақшаға көшер еді.
Қазақ тілінің болашағы зор.

01.01.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here