Дидар АМАНТАЙ

МЕН ІЗДЕГЕН МІНСІЗ МӘТІН
Эссе

“Зовите меня Измайлом”. Есіңізде шығар, “Моби Дик”, кәдімгі Герман Мелвилл қалам тартқан “Моби Дик” бастауындағы беташар сөз, әлемдегі, әдебиет шежіресіндегі ең ұлы қайнардың бірі, кіріспе тараудың кемел танылған, атақ-даңқы кең жайылған, бастапқы таңғажайып абзацы.
Бунин. Сіз білесіз, әйгілі “Антонов алмалары” еске түседі. Үздік үлгі. Сәні, салтанаты, алтыны, күмісі, інжуі, маржаны төгіледі, шашылады:
“…Вспоминается мне ранняя погожая осень. Август был с теплыми дождиками, как будто нарочно выпадавшими для сева, с дождиками в самую пору, в середине месяца, около праздника св. Лаврентия.
Келесі бір тұсында: “Помню большой, весь золотой, подсохший и поредевший сад, помню кленовые аллеи, тонкий аромат опавшей листвы и — запах антоновских яблок, запах меда и осенней свежести” – деп жазады.
Кім біледі, мінсіз мәтін өмір сүре ме, тілі жатық, сөзі нақ, әрекеті анық, көлемі шағын, ойы жасырын, авторы бейтарап, мәнері – еркін, дербес, құйын, сонымен қатар – шексіз әдемі, жаңалыққа толы, ізгілік қабат, сәулелі, елең-алаң, алагеуім атқан таңдай, бүкіл ғұмыры, күллі жолы, бәрі, тағдыры, талайы, таңдауы, қызығы да, қасіреті де алда, мәні – келешекте, жұмбағын жұрт кейінгі ғасыр, жүзжылдықтарда шешетін, біз іздеген, кім біледі, мінсіз мәтін өмір сүре ме.
Сұлбасын Әбіштен (Кекілбай) көреміз, атақты романы – “Аңыздың ақыры – алапат: “Ат тұяғынан құм сауырын ойып түскен дөңгелек шұңқыр лезде қайта толады”. Бұл – шығарманың бірінші сөйлемі.
Немесе, Мағауин. “Тазының өлімі”: “Сүлдерін сүйретіп басына бір, аяғына бір шықты”.
“Аласапыран”. Зейін қойсаңыз, зердеңізге тоқысаңыз, эпикалық шығармадан модернистік детальді байқайсыз: “Ай-шешектің шайын ала бергені сол еді, кесесіне бірдеңе шалп ете түсті. Шай жан-жаққа түгел шашыраған. Сырттан сақылдап күлген, әлдеңе деп айқайлап мәз болған дауыс естілді”.
Эпопея, эпостағы – дәлдік.
Жалпы, модерндік нұсқаның негізі – өзекті ме, өзексіз бе, кез келген детальдің іріленуі. Сана ағысы да сол. Тұтастан жарты, бүтіннен бөлшек қымбат. Толық көріністен шағын эпизод артық. Мазмұндамадан ситуация күшті. Үлкен жанрдан шағын әңгіме әсерлі.
Модернизм, меніңше, эпостың детальдануы.
Ірі масштабты физика мен кванттық механиканың үйлесімін таба білуі сияқты, демек, гравитациялық күштердің ядролық физикамен бірігуін бейнелеген формула түзу.
Бірақ, бәрін қамтыған, күллі әлемді кескіндейтін бірыңғай теңдік әлі туған жоқ.
Өнерде туды: модерндік үлгіде жазылған қалың-қалың романдар, мысалы, “Улисс” (Джеймс Джойс), “Жоқ уақыт жолында” (Марсель Пруст), “Тас қамал” (Франц Кафка), “Сені жоқтап күңіренген қоңырау” (Эрнест Хемингуэй), “Мизам-шуақ” (Уильям Фолкнер).
Бас әріпті жақтырмағаныма жазықтымын, жуан, кесек пішіні әдемі айналдырып әкеле жатқан шеңберді, мінсіз өріп қалап аяқтап қалған мұнараны, кетік қалпында, пұшық күйінде, ойылған, жойылған кейпінде сақтап, сөздің ажарын, сөйлемнің келбетін бұзады, ойығы тесіліп, саңылауы үңірейіп, берекесін қашырып тұрады.
Бір сөздің бірнеше көрінісінің бірі ғана әдемі. Бүкіл мәтін, күллі сөз атаулы орнын, мезгілін, түрін ауыстырып келе жатып, осы бір сөздің қажет тұлғасын іздейді. Септігін, жұрнағын, жалғауын өзгертіп, аңсаған, армандаған қалыбын табады.
Біреуінен қашып, біреуіне келеді.
Уақиға бірден, бірінші сөйлемнен басталады: қашанда қысқа, ықшам, шағын.
Модерн деген түсініктің өзі – нығыздық. Көпсізділікті қойып, уақиғаны көбейту қажет. Әрекет, сезім, ой-пайым уақиғасы.
Әдетте, ойдың өзі уақиға.
Бірақ, ақындық проза – мәтін тақырыптан қашық, автор мәтіннен алыс жүргені абзал – деген пікір ұстанады.
“Праздник, который всегда с тобой” повесі ағылшын тілінде – “A moveable Feast”.
Орысша атауын ағылшын тіліне аударсақ: “A celebration that is always with you”, – деген тәржіме шығады.
Хемингуэйдің жазған хаты мынау: “If you are lucky enough to have lived in Paris as a young man, then wherever you go for the rest of your life it stays with you, for Paris is a moveable feast”.
Тегінде, көп сатылы, сан салалы модернизм ағымы әлем әдебиетіне іргелі өзгерістер әкелді. Жазу мәнеріне әртүрлі әдіс-тәсілдер енгізді. Мәтін эстетикасы артты, оқырманға деген әсер-ықпалы күшейді, проза түрленді, кез келген кітапқұмар адам өзіне сай кітапты қалап, талғамына орай оқитын болды.
Шекспир мен Сервантестен бері көркем метод өзгермеп еді.

28.04.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here