Дидар АМАНТАЙ

ҚАЛАҒА СЫЙМАҒАН ЖАЗ
Эссе

Ыстық, жалын атып, таулы шаһарға сыймай тұр. Шілде айында мол түсетін әдеті. Іргеден көтеріліп, бөлме ішіне – жақтаудан асып, терезеден құйылады.

Көшеде – жаз, гүлзар келбетінде, гүлдесте ажарында – жаз, көшеттерде – жаз, аспанда ілініп тұрған гүл құмыраларында – жаз.

Жаз, ыстық қалың жауған жыл. Күн тас төбеге ұмтылып, түс әлеті кеш әлегіне құлаған, бесін уақыты апақ-сапақ мезгіліне аунап бара жатқан ұзақ жексенбі.

Кафе-ресторан, панар жағалай жарық өлмеусіреп жанып, қызыл іңір, ақшам жамырағанда, ашылады, пәтер шамы ымырт жабылғанда – жағылады.

Шілде жылдам еріп бара жатқан балмұздақтан көрінеді, шайы тез суып қала беретін терассалардан байқалады.

Дәмеш, Дәмеш.
Сіз не ішетін едіңіз: ристретто, эспрессо, гляссе, капуччино, латтэ. Мүмкін, коладо. Әлде, фредо. Қажет десеңіз, фрапуччино, фреско, калипсо, мокко, айриш.
Эспрессо, жарайды, классика.

Даяшы кетер емес, бірінен соң бірін ұсынып жатыр.

Тегі, дәмдіден көрдіңіз, енді тәттіден. Қараңыз, тирамиссу, бейлис, трюфель торты, гауди, карамель торты, йогуртқа суфле қосып, карамель желе үстеп, бисквит, муссо, миндаль араластырып, алдыңызға тартсақ, ұсынсақ қайтеді.

Өзіме. Дәмешті күтіп… Әзір, тирамиссу. Түсіндім.
Тамаша. Жөн, қалауыңызды қолдаймын, үлбіреген бисквит қамырына ликер мен кофе сіңген, жұпарын байқадыңыз ба, арасында маскарпоне ірімшігінен жасалған муссо бар, үстінен какао ұнтақтап, дән үгітіп сепкен.

Даяшы аң-таң, менің сұңғыла екенімді аңғарып, таңдауымды көріп – танырқайды, таңғалады, таңданады, ғажап, ғажап, талғамым жүрек қылын шерткендей-ақ екен, мен ыңғайсыздандым, жалғыз бәйге шапқандаймын, мынауыңыз – мақтанға мадақ, Дәмеш те келетін уақыт таяды, иә, Сізге хабар беремін: белгі, ишарат, кенет қоңырау шалды, тұтқаның екінші жағынан сыңғырлап, жайма-шуақ шат күлкісі естілді, маусым ұзақ аялдаған жоқ, тез өте шықты, біз, арқа-жарқа, шілденің алқалы төрінде отырмыз.

Шілде, сөз жоқ, нағыз жаз.

Біз қалаға сыймаймыз.

26.04.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here