Дидар АМАНТАЙ

КАЛЛИГРАФИЯЛЫҚ ӘРІПТЕР
Роман (алты тарау)

Бірінші тарау
Көп жылдар өтті, бірақ, Дафна – есімде. Бір сәт ұмытқан жоқпын, оқуға түсіп кетпегенде, үйленетін едім. Қалада жүріп, елге дер кезінде, жете алмадым, араға екі-үш жыл тастап, жазғытұрым ауылға қайта айналып соққанымда, оның күз айларының бірінде – қарашада, қара суықта, қыс алдында – басқа жаққа қоңыс аударғанын естіп, енді талпынып қанша іздесем де, таба алмайтынымды түсініп, қайың сәкіде сыныптас досым Қайрат екеуміз қайғырып сөйлесіп отырғанда, қызыл іңір, апақ-сапақ шақта көңілім босады. Ақшам жамыраған, кеш батып бара жатқан алагеуім мезгіл еді. Құрбым жұбатып бақты.
Соңыра – ымырт жабылды. Мен түні бойы ұйықтамай шықтым. Көрші үйден құмығып жеткен көңілсіз әуен қайғы үстіне қайғы жамады. Тұрып, терезе алдына бардым. Пердені түріп тастап, тысқа қарадым. Көшеде бейсауат адам жоқ, сенделіп жүрген ауыл жастары ғана көзге түседі. Бұрын Дафна екеуміз осы асфальт жолмен қыдырып қол ұстасып өткенде, соңымыздан тізіліп, кейін қалып жатқан елдің ішінде неқұрайдысы жоқ еді. Ол бақыт кешті. Бір-бірімізді шын сүйдік. Көздері – тұнық, мөлдір, ойлы. Жүзі – нұрлы, сөзі – жарқын. Әдетте, бәрі сөйлеп қалуға, кекетіп-мұқатып, тиісіп қалуға тырысатын.
– Дафна, кеш жарық, – деді Тайыр бірде.
Өзі көз алмай, ілік іздеп, бізге тесіле қарап тұр.
– Жай ма?
– Кеш жарық, Тайыр.
– Бір бұйымтай.
– Болса, айт.
Үнсізбіз. Бірақ, екеумізге кезек-кезек жанар тоқтатып, қасақана ұзақ қарайды.
– Хафиз, сен мықты жігітсің, жаужүрек, оқымысты, еңбекқор, сыйлаймын.
– Мені мақтап не көрінді.
– Қолқам бар.
– Жаңа естідік.
– Иә.
– Қандай?
– Шын қолқа салсам, қолыңнан келе ме екен?
– Көрейік.
– Пейіліңе рақмет.
– Әуелі қолқаңды білейік те.
– Ниетке байланысты.
– Көп созып жібердің ғой, тіпті.
– Қалауымды орындауға шамаң жете ме, ниетің түзу ме, әлде алдағалы тұрсың ба?
Жан-жақтан қоршап, екі жастың сөзін, уақиға барысын аңдыған жұрт тегіс жым-жырт. Тегі, жайшылық емес, төбелестің анық басы.
– Сен, аянба, қалқаны маған бер, қаладан басқа біреуін тауып аласың, қабілетің жетеді, епті жігітсің.
– Ей, хайуан, не оттап тұрсың?
Әңгімемізге көлденең біреу қосылды, ту сыртымнан естілді, таныс адамның дауысы, мен аңдап, байқап үлгерген жоқпын, келесі мезет, Тайыр құлап бара жатты. Көз алдында түнгі аспан төңкеріліп көрінді – жұлдыздар, үйлер, бағаншамдар.
– Енді, тағы құтырғаныңды көрсем, ей, залым, зейін қойып тыңда, ажалың менен.
Біз кері бұрылдық.
– Хафиз, – деді Қайрат, – Алматыға барғанда, есің шығып, бізді – ауылды, көшелерді, үйлерді, ғимараттарды, жерлестерді – ұмытып кетпе, астанада қызық-қуаныш көп дейді, алаңдаймыз, сені жоғалтып алмайық, төбемізге көтерген туымыз, маңдаймызға тұтқан топжарған мақтанышымыз өзіңсің, елден қол үзбе, ағайын-туыстан алыстаған адамның оңғанын көрген емеспін, хабар-ошар алысып тұрайық, біз үнемі күтетін, сағынып жүретін боламыз.
Сосын, үндемей тұрып-тұрып:
– Дафнаны да ұмытпа, – деді, – ер жігіт сөзіңде тұруы керек.
Біз күлдік.
Ол қапалы еді. Біреу ауылдан кетсе, аяқастынан шешім қабылдап, ірге теуіп отырған жайлы орнынан қопарыла тік көтеріліп қалаға үдере көшсе, ылғи қайғырып, торығып қалатын. Елдің тозып, шаруашылықтың тоқырап бара жатқаны жанына бататын. Шежіре кітапты да ойлап тапқан осы Қайрат. Әр шаңыраққа бір-бір тарау ашып қойған. Сыртта, шетте жүрген әулет, түтін, бәрі түгел – санатта. Ешкім назардан тыс емес. Ұрпағы Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Жезқазған, Балқаш тәрізді ірі өндіріс ошақтары орталықтарынан жұмыс іздеп, ауылдан қоныс аударып, біржола кете бастаған үйелмендердің аты-жөнін қызыл әріптермен бегілеп қоюшы еді. Бірде, кітабын маған әкеп тастады, мен бір кеш отырып, әр абзацтағы бастапқы сөздерін каллиграфиялық әріптермен жазып берген болатынмын. Қайраттың шынайы сезіміне, адал көңіліне, бауырына тартқан туысқаншыл мінезіне тәнті болдық.
– Қайрат, – дедім мен, – ауыл жүрегімде, керісінше, сендер қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, туған жерімізге ие болыңдар, азып-тозып кетпесін.
Мен ауылдан шаһарға ауысқанда, жарқыраған шамдары тізілген, автомобильдері ағыл-тегіл, тіршілігі қым-қуыт, үлкен мегаполисте, жастық шақтың бітпейтін бір сауық-сайран, қызық-думанын кешіп жүргенде, телефон, телевидение, теміржол жетпеген, жер мойны қашық, провинциялық ескі елді мекенде, қалада өсіп, тұрмыс қиындығын, адам жалғыздығын көрмеген, қайран Дафна қатты құлазыған екен деседі. Әсіресе, көшеде келе жатып, жапырағынан айрылған сидаң ағаштарды көргенде, алданғаны есіне түсіп, сағыныштан, күйіктен, опасыздықтан үндемей тұрып-тұрып, көкірегі қарс айырылып еңкілдеп жылап жіберетінін айтқанда, үйге сыймай кетіп, далаға атып шығатынмын.
– Дафна! Дафна! Дафна! – дей беретінмін өксігімді баса алмай, – Кешір! Кешір! Кешір!
Ол мені ұзақ күткен деседі. Көктас жақтан машина көрінгенде, үміттеніп, оңға не солға бұрылып кеткенше, телміріп қарап отырады екен. Қарқаралы таулары міз бақпайды. Бауырында қайғы да, қуаныш та қатар жүріп жатады. Бөктерін көмкерген қасқыр құйрық қарағайлары ғана мәңгі жасыл, ауа райы айнымалы, заң өзгереді, заманалар ауысады, бірақ, қасқыр құйрық қарағайлары ғана мәңгі жасыл
Біздің махаббатымызды бүкіл ауыл білді. Куә. Сан-саққа жүгіртті. Бірі – ұстаз, бірі – шәкірт. Соңы дауға жалғасты, жанжалға ұласты, шу болды, ауыл – ырду-дырду. Бәрі ақылшы, әдет-ғұрып, ар-ұят күзетінде, екеумізді жазаға тартып, қауіптің алдын, қатердің бетін қайтармақ еріктілер қатары көбейді, қос ғашықты құрбандыққа шалса, қандай ғажап деп ойладым мен, көше бойына, ел көп жүретін алаңға ескерткішімізді орнатса, онда, жыл сайын, екі мәрте, атымыз жазылған тас тақта алдына озат оқушы, үздік еңбекшілер гүл шоғын қояр еді.

Екінші тарау
Біздің ауылға каллиграфия өнерін Дафна әкелді. Бір жыл ішінде бір топ бала меңгеріп алдық. Ішінен мен озық шықтым. Енді каллиграфия әріптерінсіз той өтпейтін болды. Оны қолдану үлкен дәстүрге айналды. Біз шеберлігімізді арттыра бердік. Мектепте каллиграфия үйірмесі жұмыс істеді.
Есігі, тот басқан ескі топсасынан әрең ілініп тұрған, тозығы жеткен үйдің маңдайшасында көшенің аты, ғимарат нөмірі жарқырап каллиграфиялық әріптермен жазылып тұратын.
Каллиграфия ауыл өміріне дендеп енді. Бірқалыпты, қоңыр төбел тыныс-тіршілігіне, баяу өтіп жатқан қарапайым ғұмырына жаңа леп әкелді, дем берді. Тұрғылықты халық жақсы ермек тапты. Танық өнердің қыр-сырын ұғуға тырысты. Бизнес қалыптаса бастады. Кәсіпті игеріп, сөйлеуді үйреніп, жоғары сынып оқушылары табысқа жетті, сонырқалап жаңа белестен асты, өресі өсті, өрісі кеңейді, өздерін блогер, коуч, модератор атады, ата-аналарына, көрші-қолаң, туған-туысына ақылы дәрістер оқыды. Беймезгіл көше кезген жастар азайды. Бәрінің алдында үлкен міндет тұрды. Бірінші болу. Мақсат-мүдде, арман-мұрат – бірінші болу. Бірақ, түбінде екінші, үшінші озады.
Әкимат пен мектеп бірігіп жылына бірнеше дүркін жарыс ұйымдастырды. Конкурстың номинациясы көп еді: басшылық барша қатысушылардың ризашылығына бөленді. Бәйге шапқандар ішінен жеңіліп қайтқаны жоқ, бәрі бір-бір саладан жеңімпаз.
Бас бәйге аясында, атжарыс, балуан-күрес, жамбы ату секілді қосымша бірнеше турнир өтті.

Үшінші тарау
Жадымда, бірақ, қалжыңым Дафнаға аса қатты ұнай қойған жоқ, ақырын күлді, сосын, бұл хабар ата-анама, туған-туысыма жетсе, не істеймін деп мазасызданды. Жат жұрт, бөтен елден қаймықты, бір жанашыры, ақыл-кеңес сұрар қамқоршысы, тіпті, екі жаққа бірдей ортақ бітім айтушы ара ағайыны, қорғаушысы жоқ. Белсенділер басылмады, әсіре сілтеушілер көбейе, күшейе түсті, жас ұстазға өшігіп алды. Бүліктен, ел арасын бүлдіруден рақат табатын, бақытқа бөленетін пенде адамдар болады. Бірі ауыр қылмысына зауалы тең, лайықты қатаң жаза іздеді, тізімін жасады, бірі кесімнің жеңіл түрін шақ көрді. Мұғалімдік қызметінен босатуға ауданға шағым жасалды. Домалақ арыздар жөнелтілді. Сөйтіп, ежелден сүттей ұйып отырған бір ауыл ағайыным қақ жарылды, астан-кестең болды, азан-қазан, екі топқа бөлінді, өзара қырылды, жақтағандарға қарағанда, қарсы жақтың қарасы қалың еді, бірақ, дау-шарға араласқан әжемнің кесімі таразы басын теңестіріп жіберді:
– Балам, не ойың бар?
– Білмеймін.
– Білмегенін қалай, елдің шырқын бұзып… енді білмеймін, дейсің, оңай құтыламын деп ойлама, жұрттың тынышын, мазасын алып, берекесін кетірме.
– Жарайды.
– Біреудің обалына қалма – босат қызды.
– Әже, сертім бар.
– Не серт?
– Уәде.
– Уәдең болса, орында.
– Сөз байластық. – дедім.
– Онда, айтпады деме, жауапкершілік мойнында, қазірден бастап шеш, көтере алмасаң, босат қызды.
Содан кейін, әжемнің мақұлдаған сөзін естіп, ауыл тынышталды.
Біздің мектепте сабақ берген жылы Дафна ескі үй жалдап тұрды. Кейін барып көрдім, шаңырағы ортасына түсіп, іргесі құлап жатыр екен.
Дафна ауылға келе жатқанда, қауесет тарады, Қаратал-Тегісшілдік ауылына керемет сұлу жас ұстаз бөлініпті: ай десе – аузы, күн десе – көркі.
Әдемі, шағын сөмкесін салақтатып автобустан түсіп жатқаны есімде. Жүгі қайда екен. Ең соңынан шықты. Қызыл телпек, жұқа пальто. Әуелі аяғы көрінді, сосын, өзі. Бой бергенде, Күндей жарқырап кетті. Пальтосы қысқа, көйлегінің етегі ұзын, жүзі бал-бұл жанады. Мен бірден ғашық болдым. Мектеп директоры гүл ұсынды. Қасында бірнеше мұғалім бар. Қарсы алуға ауыл басшылығы да келіпті. Бәрімен қол беріп амандасты. Жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, сөйлеу мәнері – кәдімгі Лайма Вайкуле.
– Я благодарна судьбе, что буду с вами работать, все вы – прекрасные, славные, добрые люди, вижу, мне повезло.
– Үй-жайыңыз дайын, қазір Сізге қой сойып қойдық, кейін, қараша-желтоқсанға қарай соғымды да қарастырамыз.
– Иә, рақмет.
– Жүгіңіз қайда?
– Мына машинаға салыңыз.
Бүгін – мереке. Үлкен жаңалық. Бізге Дафна келді. Далаға, көшеге ақтарылған бүкіл халық жолға қарай біртіндеп жылжып-жылжып тақап, үстіне шығып кетті. Әйелдер жиыны, топ бала тегіс көзімен Дафнаны іздеп тұр. Ол подиумда келе жатқандай, сүйкімді қалпы, әсем адымдап, көйлегінің етегі желп-желп желбіреп, тал шыбықтай мың бұралады. Көліктің келуін манадан бері күтіп, жақын маңда белсебед теуіп жүрген біз де жалт қарадық. Біз ғана емес, бүкіл ауыл, тіпті, күллі әлем мың бұралып келе жатқан Дафнаға көз алмай қарады.

Төртінші тарау

Тегі, қанша іздедім – ізіне түсе алмадым. Ол құжаттарын бірін қалдырмай түгел алып кетіпті. Қайда барсам да, қарсы алдымнан аты-жөні жазылған бос пәпкі шығады. Елден бас сауғалап қашқан тәрізді. Ізін жасырып, қуғанды адастырып, шолғыншылар көрген жолдан жорта ауытқып – қашқан тәрізді.
Оқудамын, студенттік өмірдің қызған шағы, бірде, қоңырау шалды. Бөтен, маған қатысы жоқ адамдай көрінді. Қалың қызықтың ортасында, көп бақыттың құшағында сайран кешіп жүріп мен бұл қоңырауға аса мән бере қойған жоқпын. Сөйтсем, ол ақырына дейін күдер үзбеген екен, бір шешімге келе алмай, екіұдай күйге түсіп, өзімен-өзі ұзақ арпалысыпты.
– Хафиз, Хафиз, – деді ол құсадан күңгірттеніп, жарықшақтанып естілген дауысы күңгір-күңгір жаңғырып, – хал-жағдайың жақсы ма?
– Тамаша.
Көңілі қалсын деп әдейі қатты, нық сөйледім.
– Біздің жақта еш өзгеріс жоқ.
– Қалада бәрі айнымалы, сәт сайын –дүние мың құбылады.
– Ендеше, елде бәрі бұрынғыдай…
– Жөн екен.
– Маған алаңдама, жұмыстарыңды бітіріп ал, қолын тигенде…
– Иә, емтихандарым бітсін, мүмкін, Құдай қаласа, жолым түсіп жатса, Алла сәтін салса, міндетті түрде ел жаққа барып қайтатыныма кәміл сенемін.
Сөзімде жалған пафос бар. Ірі сөйлегім келеді, алайда, дауысымнан фальш сезіледі. Жоғары нотада әуезінен жаңылған әсем ән тәрізді. Кешегі жақындық жоқ, тегінде, арамыз алыстағаны, суығаным рас, сондықтан, әңгімеміз жараспайды, тіл қатсам, әрсіз, бояусыз, эмоциясыз шығады. Кезінде ыстық еді, енді туыс емес, бөгде біреу сияқты. Қоңырау шалғанын жақтырмаған сыңайлымын, біртүрлі суық сөйлестім. Ол үндемей қалды. Сездім, шамырқанып сөйлескенімді ұнатпады, бірақ, міндетсініп үн қатқаным қатты әсер етті, тіпті, жаны түршігіп кетті. Дәл осы сәт Дафнаның көзі ашылды. Не болғанын енді ұқты – басына анық күн туды. Өзгергенімді байқайтын секілді. Осымен доғарайық деп айтуға жүрексініп, шешіле алмай жүр едім. Бірақ, кенет, кездейсоқ аузымнан шыққан, немқұрайды, екіұдай сөзімнен өзім де шошыдым. Ол жай ғана:
– Сволочь, – деді.
Сосын, тұтқаны тастап жіберді. Өзімді түскі ас кезінде мейман үстіне шай құйып алған даяшыдай сезіндім. Бас шұлғып кешірім сұраған сайын мазақтағандай көрінесің. Неге өзгергенімді өзім де түсіне алмаймын. Біртүрлі күй кештім, жақыннан алыстадым, қашықтан тақадым, қалаға келгелі ыстық-суығым басылды, болды, басқа ештеңе емес. Ешқандай себебі жоқ, болуы да мүмкін емес. Екеуіміз бір-бірімізге жатпыз.
Рас, басқа жағдай, басқа орта, басқа ойлар.
Дафнадан айып жоқ, адал жар бола білді, алданғаны көзге көрініп тұрса да, менің алдап кететініме сенбеді, керісінше, сөзіне беки түсті, уәдесінен тайған жоқ, бірақ, оның бұл мөлдірлігі, тазалығы, берілгендігі, тіпті, өлермендігі елдің қытығына тиіп, ызасын келтіре бастады, ол жұрт алдында ақымақ көрінді, күдер үзудің орнына үміттенді, түн ішінде кенет оянып кетіп, өлмеусіреген жарық алакөлеңкелеген бөлмеде әрбір тықырды аңдып, елеңдеп жатты, терезе жақтауына сүйеніп, тысқа, далаға құлазып қарады.
Әуелі жұрттың жынданып кеткен жоқ па екен деп күдіктенгені де рас. Әр нәрсені бір топшылап, уайымдап бақсы да шақыртты, құшынаш та келді, бар пәле каллиграфиялық жазудан деп ойлап, өзін, үйін аластамақшы да болды, бірақ, қайғы жамылған түрін көріп бата алмаса керек.
Бір жыл бұрын ауылға сырнайлатып-кернейлетіп келген Дафна сән-салтанатынан, абырой-беделінен, арман-мұратынан айырылды.
Негізі, Дафна буынып-түйініп дайын отырған екен. Хафиз келе қалса, уақыты тығыз, бөгет болмауым, кедергі келтірмеуім тиіс, тез жолға шығып кетуіміз керек, деп әріптестеріне айтып жүріпті. Күнде көйлегін ауыстырады екен. Мұңға батса да, намысын жоғалтпаған, жүзінен күлкі кетпеген, асқақ, әдемі қалпы, киіп шыққан киімінің түсіне байланысты қол сөмке ұстап, опа-далап жағып, жалғыздығын, осалдығын білдіртпей жүрген деседі. Жөн сұрасқан адамға:
– Жақсы, жақсы, – дей береді екен.
– Сіз, – депті Қайрат, – енді сенбеңіз, ол келмейді.
Дафна, түрі бұзылып, үндемей қалыпты. Көзінде – жас, көңілінде – жалғыздық, ішкі жан дүниесі алай-түлей, жүзіне мұң қонып, бір сәт телпегін түзеп жатып, иығына құйылған шашы желбіреп, автобустар қатынайтын, қыр асып барып көз ұшынан жоғалатын, бетіне асфальт төсеген грейдер жолға телміріп ұзақ қарапты.
– Іздеп барайын ба? – депті Қайрат өзі де наразы екенін білдіріп.
– Жоқ.
Енді екеуі де үнсіз, томаға-тұйық, қипақтап бір-біріне еш нәрсе айта алмапты. Қайрат тосын:
– Тапсам, алдыма салып айдап әкелер едім, – деп жұбатпақ болыпты.
– Қажет емес, – депті Дафна.
– Жыламаңыз, әлі-ақ өкінеді, мен анық білемін, өкінгенде әсем өкінеді.
– Я его любила, – депті Дафна.
Сосын, еңкілдеп жылап жіберіпті.
– Не могу я, не могу, за что, скажи, за что он со мной так поступил…
Қайрат жерге қарай беріпті.
Шынымды айтсам, Дафна қиналады, азап шегеді деп ойламаған екенмін. Күндердің күнінде, телефон соққанда, оның жан бейнетін кешіп жүргенін де аңғармасам керек. Бәрін кейін ауылға келгенде, естідім. Қателігімді түзеткім келді, бірақ, Құдай маған тағы бір мүмкіндік бермеді.
Телефон арқылы сөйлесіп тұрып, мен бірінші рет Дафнаны өзіме масыл көрдім. Неге маған жабыса береді деп ойладым. Жасы өзімнен үлкен қызға, әйелге басымды байлағым келмеді. Ол бақытты студенттік өміріме кедергі сияқты көрінді. Әділетсіздігім өзімді қинады. Кейде арпалысып оянамын. Негізі, жасағаным – опасыздық. Мен бәрін ұмытуға тырыстым. Естелік мехнатынан осылай құтылғым келді.
Дафнаны сұраған адамға өз ойымды, түсінігімді айтып, ақтала жөнелетінді шығардым. Сезімнің бәрі өткінші. Дафна махаббатқа осыншама адал, сезіміне соншалықты тұрақты деп топшыламаған екенмін.
Кейін қай қалада туып-өскенін тауып алсам да, баруға қол тимеді, дәлірек айтқанда, Новосибирск қаласының қай жерінен іздеймін деп ойладым.
Әрі оның нақты еліне кеткені әлі күнге шейін белгісіз.
Ол – ата-бабасы жер аударылған Новосибирск тумасы еді. Бірақ, атамекені Көкшетау өңірі болатын. Бертінде естідім, Дафна науқастанып, арбаға таңылған деседі. Рас, өтірігін білу үшін мен бір күні сапарға шықтым.
Сертінен айныған адамның опасыздығы, өзіне зияны тимесе де, өзгенің тағдырына нұқсан келтіретінін білмеппін.

Төртінші тарау
Дафна қазақша білмейтін еді. Есікті қағып, аудиторияға кіргенімде, орысша дәріс жүргізіп отыр екен, екеуміз бір-бірімізге қарадық. Күлімсіреді. Мен толқып кеттім. Жүрегім дүрсілдеп ала жөнелді. Өте сәнді, нәшті адам екен. Бүкіл киімі түс тұрғысынан да, стиль тұрғысынан да бірізді, бір-бірінен шығып, бір-біріне еніп тұр, кілт алмасқан, шолт қиылған сызық, нүкте жоқ, басы басқа жерден басталып, соңы өзге тұста аяқталады. Бір-біріне оңай ауысады, бір-біріне жеңіл өтеді. Жұрттың екі көзі – Дафнада. Оны қоршаған бір топ шәкіртінен қызғанатын да сияқтымын. Өте сәнді, нәшті адам екен.
– А, Хафиз, сен бе, төрлет.
– Бос па?
– Отырыңыз.
– Қатысасың ба?
– Иә.
– Он алты бала болды.
Дафна көзілдірігін киіп, үстеліне үңілді. Көзәйнегін ілгенде, одан сайын құлпыра түсті. Қаламын алып, жорналына мені белгілеп жазды да, жайлап басып, тақтаға қарай жүрді.
– Бүгін каллиграфия тарихына шолу жасаймыз.
– Жазып отырайық па?
– Өздерің көріңдер, қалай ыңғайлы.
– Түртіп қойсақ, еске түсіруге жақсы.
– Оқушылар, каллигра́фия, – деді де, теріс бұрылып, тақтаға бормен жаза бастады, – καλλιγραφία көне грек сөзі, “әсем қолтаңба” дегенді білдіреді, бейнелеу өнерінің бір түрі, тіпті, бір саласы деуге болады.
Бойы ұзын, қыпша белді, шашы иығынан асады, аяқтары түп-түзу – атқан оқтай. Мен жақын отырмын. Әрі-бері қозғалғанда, шашы жұпар шашады. Иісі әлсіреп жетеді. Жүрегім басылды, өрекпігенін қойды, бірақ, көңілім алаң, бір нәрсеге елеңдеймін. Дафна екеуміздің белгісіз бір қалада, кең алаңда қол ұстасып қыдырып жүргенімізді көз алдыма елестетемін. Жайбарақат сөйлесіп келе жатып, оқта-текте қапсыра құшақтап, қызыл ернінен, сұлу жүзінен сүйіп, аймалап қоямын.
– Демек, әріпті, сөзді, сөйлемді әдемі таңбалап жаза білу.
– Иә.
– Мен көмектесіп отырамын, – деді көршім.
Бәрі ду күлді.
– Kallos – “сұлулық” и graphe – “жазу”.
– Шынымен, ғажап.
– Бірақ, оны леттеринг және типографикамен шатастырмаңдар.
– Жақсы.
– Каллиграфиялық әріптер бір стильде жазылады, ұқсас формада. Бұл – белгі атаулының екпінді, үйлесімді, шебер кескіндемесі. Хат шежіресіне жүгінсек, әуелі оның эстетикалық түсінік ретінде қалыптасуын байқаймыз, сосын, безендірілуіне көп көңіл бөлінгенін аңғарамыз, үдеріс ешқашан тоқтамайды, ағын тәрізді тасқындап, талпынып, ілгерілей береді, шеберліктің қуаты артады, даму үстіндегі өнер кемел күйіне жетеді.
– Түсінікті.
– Каллиграфияның жазу мәнеріне орай таңба түсіру құралы да өзгеріп отырады.
– Бір жазуға бірнеше қалам, бірнеше сия сауыт қажет екен-ау.
– Рас, жазуға жуан/жіңішке, жалпақ/жұқа қылқалам немесе үшкірленген тростник сабағы, болат ұшты қауырсындар қолданылды.
– Қандай әйбат хаттар.
Дафна түрлі каллиграфиялық әріптермен көркемделген мәтін фотосуреттерін көрсетті.
– Каллиграфиялық әріптер готикалық жазбалардың әсемдігін күшейткен негізгі әдіс-тәсіліне айналды.
– Тамаша.
– Шөтке қалыпты қаламдар да болды, қағаз материал бетімен жанастыра жүргізгенде, бір сызық емес, бірнеше паралель сызықтар қатар түсірілді.
– Па, шіркін!
– Әдемілігін-ай!
– Қазіргі заманда техника, технология арқасында, фломастер, маркер, фудэпэн дүниеге келді. Тіпті, қарындаш, қаламсаптың өзі өзгерді.
– Фудэпэн дегеніміз не?
– Сабына сия толтырылған түтікше орнатылған шөтке-қалам. Сауытқа сия, тушь құйып, үстінен су қосты.
– Сонда, жоқ нәрсені қалай ойлап табады.
– Каллиграфиялық жазуға сұйықтық жақсы сіңетін қатты қағаз керек. Қазіргі кезде, лайтбокстар, трафареттер көмегімен кез келген сызықты ауытқымай тігінен не көлденеңінен түп-түзу қалпында жүргізе алады.
Бүгінгі күнде каллиграфия, негізінен, шақыру белеттері мен құттықтау мәтіндерін жазуда қолданылады, сонымен қатар, граффити, шрифт, қолтаңба логотипі, діни өнер, графикалық дизайн, тарихи құжаттар, тақта не қой тастарға өсиет жазғанда пайдаланылады.Телевидениеде, туу куәліктерінде, қолмен жазылатын құжаттардан да көрініс табады.
XV ғасырдан бастап баспа ісі дамыған соң, безендірілетін қолжазбалар көлемі азая түсті, XIX жүзжылдықта, алайда, каллиграфия қайта жаңғырды. Көп күш қажет етпейтін қарапайым дүние, керегі – қағаз, қаламсап, тушь. Әрине, автоқалам да жарай береді, тіпті, акварель, гуашь, қара сия, бояу, пастель, көмір де құрал бола алады, бояу граффити суреттер салуға қолайлы.
– Қашан бастаймыз?
– Қазір.
– Жақсы.
– Ертеде, қауырсынға дейін, тасқа – қашап, балшыққа шыбықпен сызып жазған.
– Біз де көрейік.
Бәрі күлді.
– Екінші қабатқа кім көтеріп шығарады?
Тегіс қол көтердік. Ғашықтар саны көп сияқты.
– Оны да үйренесіңдер.
– Күшті. Кезінде, қайың қабығына, балауызға жазған, өрме жазу да қолданған, өрме – орыс тілінде – вязь, ағылшынша – a ligature, an ornamental ligatured script, демек, орнаментированная надпись, арабская вязь – Arabic character ornamental ligatured script. Кейде, вязь — ornate lettering.
– Немісше қалай?
– Оны неміс тілі сабағында талқылаймыз.
– Жарайды.
– Жалғастырамыз ба?
– Иә.
– Каллиграфиялық жазу тәсілі әртүрлі. Бұйра боп та келеді, шиыршықталып та жазылады, еспе түрінде, шырмауық кейпінде, құйрықты, ілме, жұмсақ/жұмыр, сынық немесе толқыма, бұрама, геометриялық фигура, белгілі бір кеңістік қалпында өріледі, нұсқаланады, түрленеді. Бір әрпін қарайтып та, үш қабаттап та таңбалайды. Каллиграфиялық жазудың оқылуы қиындағанмен, әсемдігі еселене түседі. Сонымен, тарихи қалыптасқан құралымыз үшеу – қауырсын, қылқалам, брашпен – даму сатысын білдіреді.
– Ендігі сабақ қашан?
– Меніңше, басқа пәнге зияны тимеу үшін, аптасына екі мәрте өткізсек болады.
– Келістік, Дафна Гафаровна.
Біз дәлізге шықтық. Бәріміз еденді біз өкшесімен тықылдатып кетіп бара жатқан ұстаздың соңынан қарап тұрдық.
Бесінші тарау
Ол бізге ағылшын, неміс, орыс тілінен сабақ берді. Тәлімгердің тілегіне орай бізді бірнеше топқа жіктеді. Мен үш сабақтың үшеуіне де жазылдым.
Күні-түні Дафна есімнен кетпей қойды.
Сабақ кезінде тесіліп қарап отырғанымды байқап қалса, ыңғайсызданатын, бүкіл сынып менің Дафна ұстазымызды жақсы көретінімді сезе бастады.
Бірде, орыс тілі мен әдебиеті бойынша аудандық олимпиадаға мені тағайындады, Дафна бүкіл сынып шығып бар жатқанда:
– Хафиз, саған оқу ісінің меңгерушісі үлкен міндет жүктеп отыр, ауылдың, мектептің намысын қорғауға Қарқаралы қаласына жарысқа барасың, – деді, – мені күт.
– Осында ма?
– Иә.
Ол қайта айналып келгенде, мен сөмкемді ашып, ішінен бір-бір әрпі ғана оқылатын сегіз сөздің қиындысын бердім.
– Бұл не, – деді Дафна алып жатып, – каллиграфия ма?
Мен басымды изедім.
– Түсінген жоқпын, – деді Дафна.
Мен сегіз қағазды рет-ретімен орналастырғанда, әр сөзден бір-бір әріп көрінді. Әуелі – I, сосын, L, оның артынан O, өз алдына V, тәуелсіз белгі, дербес таңба E, содан соң, жеке-жеке, іркес-тіркес Y, O, U…
Дафна қызарып кетті. Қолынан ұстап, бетіне бетімді тақап деп келе жатып, ернін бұра қойғанда, сүйіп алдым, біз аймаласа жөнелдік, аяқастынан апыр-топыр болдық та қалдық. Ол орнынан тұрып кетті. Тік қарай алмайды, төменшіктей береді.
– Хафиз, так нельзя, Вы подвергаете нас в опасность, и еще, я Вас не заню.
Орнымнан тұрдым да қолынан тартып, қасыма отырғыздым:
– Это непозволительно, и неприлично, я несу за Вас ответственность.
Мен тағы сүйдім, жүзінен, көзінен, ақ тамағынан… Ол тағы атып тұрды.
– Сегодня свободны, завтра увидимся, Вам сообщу время.
Ол сөмкесін жинады да,бөлмеден шығып кетті.
Түн жамыла, далаға шықтым. Бағаншамдар сөнген, көше қараңғы, бос, тыныш, бейсауат ешкім жоқ. Маңдай түзегенім – Дафна, ескі үйі. Жүрегім дүрс-дүрс соғады, асықпай жүріп келемін. Есікті ашатынына кәміл сенімдімін. Бір алып күш мені дедектетіп алға сүйрейді, Дафнаға апара жатыр.
Алтыншы тарау
Каллиграфиялық өнерді еркін меңгерген Дафна ауылды көркейтіп жіберді. Елдің бәрі күліп жүретін болды.
Сөйтіп, қанша іздедім – таба алмадым. Оның құжаттарын бірін қалдырмай түгел алып кеткені жаныма батты. Мені көргісі келмей, енді жолықпайтындай, біржола қарасын батырғаны жаныма батты. Жаныма батқан нәрсе көп болды. Мен оқуға, Алматыға кетерде, шығарып салып тұрып, айтқаны есімде:
– Хафиз, Хафиз, – деді ол дауысы тарғылданып, – орналасқан соң, мені алып кетесің ғой.
– Әрине, – дедім.
– Мен буынып-түйініп дайын отырамын, кез келген уақыт жолға шығып кете аламын.
– Жақсы, жақсы.
– Онда, алаңдамаймын, өзіңнен хабар күтемін.
Бірінші рет қоңырау шалғанда, мен бірінші рет Дафнаны өзіме масыл көрдім. Неге маған жабыса береді деп ойладым. Жасы өзімнен үлкен қызға, әйелге басымды байлағым келмеді. Ол бақытты студенттік өміріме кедергі сияқты көрінді. Әділетсіздігім өзімді қинады да. Кейде арпалысып, сөйлеп оянамын. Дафна, Дафна. Ізім-ғайым жоқ. Тап оянар алдында теріс айналып кетіп қалды. Кейде бұрылмай ұзап бара жатады. Жүзін көре алмаймын, талмаусырап, ыстықтап, терлеп жатып, көзімді ашып аламын. Негізі, жасағаным – опасыздық. Мен бәрін ұмытуға тырыстым. Естелік мехнатынан осылай құтылғым келді.
Дафнаны сұраған адамға опасыздығымды ақтай жөнелетінді шығардым. Сезімнің бәрі өткінші. Дафна махаббат азабын кешеді деп топшылаған емеспін.
Кейін қай қалада туып-өскенін тауып алғанымды айттым, ауласын да, үйін де, пәтерін де анықтадым. Баспалдақпен көтеріліп келе жатып, қанатына қолымды салып, бетімен алақанымды жүргізіп аялай сипап тұрдым. Дафна құйтақандай кезінен ұстап өскен саты қанаттары. Сосын, төртінші қабатқа шықтым. Отыз бірінші пәтердің қоңырауын бастым. Жүрегім дүрс-дүрс соғады. Ойланып үлгергенім жоқ, іле-шала есік ашылды.
– Вы тоже казах, – деді орыс келіншек, – ее часто ищут, приходят, но она сказала, чтобы я никому не дала ее новый адрес, просто оставьте мне свой номер, я ей передам, она сейчас в другом городе, пока не замужем, завидная невеста, красавица.
– Можно двумя способами, я оставлю свои координаты, меня зовут Хафиз, я из Алматы, и буду ждать от нее вестей, но паралельно, возьму вашу электронную почту, и для нее напишу длинное письмо и Вы его перешлете.
– У Вас, кажется, что-то серьезное, хорошо, меня Марина зовут.
– Я благодарен Вам, бесконечно, это очень важно для меня.
Марина электронды мекенжайын жазып берді, біз жылы қоштастық. Есік алдына шығып, аулада біраз жүрдім. Жан дүнием астан-кестең, быт-шыт, бірақ, жүрегімнің бір түкпірінде үміт оты жанды. Үйілген, шашылған құмға тақадым, тақтай ағаштармен қоршап тастапты, бір кезде бұл жерде Дафна ойнаған шығар, осы үйіндіні, анау әткеншекті, мынау темір сырғанақты, бүкіл ауланы басқа қалаға көшіп бара жатып Дафна көрді ме екен, көзіне түсті ме екен, сәл аялдап, жанар тоқтатып қарады ма екен, менің Дафнам қандай күй кешті, мен соны білгім келеді.
Жолға шығып, көлік ұстадым. Қонақ үйде көп ойланып жаттым. Елдегі, қаладағы өмірімді сүзгіден өткіздім. Ең басты ақиқатты тапқым келді. Адамның бақыты не, ғұмырының мағынасы не. Жалпы, кісілігі не? Бәтуасыз пенде тұрақты мекені мен жалған дүние арасындағы жай бір жолаушы, бірақ, көкірек қайдан келді, жауапсыздық қайдан туды, азғындықты ауыздықтайтын уақыт бола ма. Біз ойланбай өмір сүреміз, өмір сүрген соң ойланамыз, алайда, ойланғанда – өмір таусылған, қайрат кеміген, бұйрық түскен. Пенде адалдығы, арамдығы, қулығы, сұмдығы, қуанышы, шаттығы, бәр-бәрі көз алдымнан өтіп жатты.
Дафна, дедім күбірлеп, Дафна.
Бұл есімдегі әрбір әріп, әрбір дыбыс қымбат. Естілгенде жүрегіме жылы тиеді, жазылғанда көзіме шоқтай басылады.
Бірақ, Дафна хабарласқан жоқ. Ресейдің қай қаласында тұрып жатқаны да белгісіз. Біржола айрылдым, енді өмір бойы аңсап өтемін. Кітап жазғым келді, ән жазғым келді, жазаға ұшырағым келді. Тіпті, мерт болғым, қаза тапқым келді. Қызықтың төлеуі, қылмыстың зауалы бар екен.
Қайғыда – ой, қуанышта – қауіп. Ойдың соңы жоқ, қауіптің сейілетін мезгілі әйтеуір бір келеді.
Кейде мен оны көктен түскен періште ретінде көремін, ізгілік жеңді ме, әлде, жақсылықты зұлымдық жықты ма, мәңгілік күрестің соңы қалай бітерін біліп қайтуға Тәңірдің жұмсауымен Жер бетіне сапар шегіп, келіп-кеткен сияқты.
Ол, менің кесірімнен, опасыздықтың, бейнеттің, күйзелістің ащы дәмін татты. Енді, көп жылдар өтсе де, кінәмді мойындап, айыбымды өтеуге әзірмін. Қандай жаза бұйырса да, көтеремін, Жасаған Иенің кез келген азап-мехнатына лайықпын. Құдай куә, бұл – менің шын сөзім.
(Жалғасы бар, 21.04.2020 – 25.04.2020)

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here