Дидар АМАНТАЙ

КАЛЛИГРАФИЯЛЫҚ ӘРІПТЕР
Романның үш тарауы

Бірінші тарау
Көп жылдар өтті, бірақ, Дафна – есімде. Бір сәт ұмытқан жоқпын, оқуға түсіп кетпегенде, үйленетін едім. Қалада жүріп, елге дер кезінде, жете алмадым, араға екі-үш жыл тастап, жазғытұрым ауылға қайта айналып соққанымда, оның күз айларының бірінде – қарашада, қара суықта, қыс алдында – басқа жаққа қоңыс аударғанын естіп, енді талпынып қанша іздесем де, таба алмайтынымды түсініп, қайың сәкіде сыныптас досым Қайрат екеуміз қайғырып сөйлесіп отырғанда, қызыл іңір, апақ-сапақ шақта көңілім босады. Ақшам жамыраған, кеш батып бара жатқан алагеуім мезгіл еді. Құрбым жұбатып бақты.
Соңыра – ымырт жабылды. Мен түні бойы ұйықтамай шықтым. Көрші үйден құмығып жеткен көңілсіз әуен қайғы үстіне қайғы жамады. Тұрып, терезе алдына бардым. Пердені түріп тастап, тысқа қарадым. Көшеде бейсауат адам жоқ, сенделіп жүрген ауыл жастары ғана көзге түседі. Бұрын Дафна екеуміз осы асфальт жолмен қыдырып қол ұстасып өткенде, соңымыздан тізіліп, кейін қалып жатқан елдің ішінде неқұрайдысы болмайтын. Ол бақыт кешті. Бір-бірімізді шын сүйдік. Көздері – тұнық, мөлдір, ойлы. Жүзі – нұрлы, сөзі – жарқын. Әдетте, бәрі сөйлеп қалуға, кекетіп-мұқатып, тиісіп қалуға тырысатын.
– Дафна, кеш жарық, – деді Тайыр бірде.
Өзі көз алмай, ілік іздеп, бізге тесіле қарап тұр.
– Жай ма?
– Кеш жарық, Тайыр.
– Бір бұйымтай.
– Болса, айт.
Үнсізбіз. Бірақ, екеумізге кезек-кезек жанар тоқтатып, қасақана ұзақ қарайды.
– Хафиз, сен мықты жігітсің, жаужүрек, оқымысты, еңбекқор, сыйлаймын.
– Мені мақтап не көрінді.
– Қолқам бар.
– Жаңа естідік.
– Иә.
– Қандай?
– Шын қолқа салсам, қолыңнан келе ме екен?
– Көрейік.
– Пейіліңе рақмет.
– Әуелі қолқаңды білейік те.
– Ниетке байланысты.
– Көп созып жібердің ғой, тіпті.
– Қалауымды орындауға шамаң жете ме, ниетің түзу ме, әлде алдағалы тұрсың ба?
Жан-жақтан қоршап, екі жастың сөзін, уақиға барысын аңдыған жұрт тегіс жым-жырт. Тегі, жайшылық емес, төбелестің анық басы.
– Сен, аянба, қалқаны маған бер, қаладан басқа біреуін тауып аласың, қабілетің жетеді, епті жігітсің.
– Ей, хайуан, не оттап тұрсың?
Әңгімемізге көлденең біреу қосылды, ту сыртымнан естілді, таныс адамның дауысы, мен аңдап, байқап үлгерген жоқпын, келесі мезет, Тайыр құлап бара жатты. Көз алдында түнгі аспан төңкеріліп көрінді – жұлдыздар, үйлер, бағаншамдар.
– Енді, тағы құтырғаныңды көрсем, ей, залым, зейін қойып тыңда, ажалың менен.
Біз кері бұрылдық.
– Хафиз, – деді Қайрат, – Алматыға барғанда, есің шығып, бізді – ауылды, көшелерді, үйлерді, ғимараттарды, жерлестерді – ұмытып кетпе, астанада қызық-қуаныш көп дейді, алаңдаймыз, сені жоғалтып алмайық, төбемізге көтерген туымыз, маңдаймызға тұтқан топжарған мақтанышымыз өзіңсің, елден қол үзбе, ағайын-туыстан алыстаған адамның оңғанын көрген емеспін, хабар-ошар алысып тұрайық, біз үнемі күтетін, сағынып жүретін боламыз.
Сосын, үндемей тұрып-тұрып:
– Дафнаны да ұмытпа, – деді, – ер жігіт сөзіңде тұруы керек.
Біз күлдік.
Ол қапалы еді. Біреу ауылдан кетсе, аяқастынан шешім қабылдап, ірге теуіп отырған жайлы орнынан қопарыла тік көтеріліп қалаға үдере көшсе, ылғи қайғырып, торығып қалатын. Елдің тозып, шаруашылықтың тоқырап бара жатқаны жанына бататын. Шежіре кітапты да ойлап тапқан осы Қайрат. Әр шаңыраққа бір-бір тарау ашып қойған. Сыртта, шетте жүрген әулет, түтін, бәрі түгел – санатта. Ешкім назардан тыс емес. Ұрпағы Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Жезқазған, Балқаш тәрізді ірі өндіріс ошақтары орталықтарынан жұмыс іздеп, ауылдан қоныс аударып, біржола кете бастаған үйелмендердің аты-жөнін қызыл әріптермен бегілеп қоюшы еді. Бірде, кітабын маған әкеп тастады, мен бір кеш отырып, әр абзацтағы бастапқы сөздерін каллиграфиялық әріптермен жазып берген болатынмын. Қайраттың шынайы сезіміне, адал көңіліне, бауырына тартқан туысқаншыл мінезіне тәнті болдық.
– Қайрат, – дедім мен, – ауыл жүрегімде, керісінше, сендер қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, туған жерімізге ие болыңдар, азып-тозып кетпесін.
Мен ауылдан шаһарға ауысқанда, жарқыраған шамдары тізілген, автомобильдері ағыл-тегіл, тіршілігі қым-қуыт, үлкен мегаполисте, жастық шақтың бітпейтін бір сауық-сайран, қызық-думанын кешіп жүргенде, телефон, телевидение, теміржол жетпеген, жер мойны қашық, провинциялық ескі елді мекенде, қалада өсіп, тұрмыс қиындығын, адам жалғыздығын көрмеген, қайран Дафна қатты құлазыған екен деседі. Әсіресе, көшеде келе жатып, жапырағынан айрылған сидаң ағаштарды көргенде, алданғаны есіне түсіп, сағыныштан, күйіктен, опасыздықтан үндемей тұрып-тұрып, көкірегі қарс айырылып еңкілдеп жылап жіберетінін айтқанда, үйге сыймай кетіп, далаға атып шығатынмын.
– Дафна! Дафна! Дафна! – дей беретінмін өксігімді баса алмай, – Кешір! Кешір! Кешір!
Ол мені ұзақ күткен деседі. Көктас жақтан машина көрінгенде, үміттеніп, оңға не солға бұрылып кеткенше, телміріп қарап отырады екен.
Біздің махаббатымызды бүкіл ауыл білді. Бірі – ұстаз, бірі – шәкірт. Соңы дауға, жанжалға ұласты, шу болды, ауыл – ырду-дырду. Бәрі ақылшы, әдет-ғұрып, ар-ұят күзетінде, екеумізді жазаға тартып, қауіптің алдын, қатердің бетін қайтармақ еріктілер қатары көбейді, қос ғашықты құрбандыққа шалса, қандай ғажап деп ойладым мен, көше бойына, ел көп жүретін алаңға ескерткішімізді орнатса, онда, жыл сайын, екі мәрте, атымыз жазылған тас тақта алдына озат оқушы, үздік еңбекшілер гүл шоғын қояр еді.
Біздің ауылға каллиграфия өнерін Дафна әкелді. Бір жыл ішінде бір топ бала меңгеріп алдық. Ішінен мен озық шықтым. Енді каллиграфия әріптерінсіз той өтпейтін болды. Оны қолдану үлкен дәстүрге айналды. Біз шеберлігімізді арттыра бердік. Мектепте каллиграфия үйірмесі жұмыс істеді.
Есігі, тот басқан ескі топсасынан әрең ілініп тұрған, тозығы жеткен үйдің маңдайшасында көшенің аты, ғимарат нөмірі жарқырап каллиграфиялық әріптермен жазылып тұратын.
Каллиграфия ауыл өміріне дендеп енді. Бірқалыпты, қоңыр төбел тыныс-тіршілігіне, баяу өтіп жатқан қарапайым ғұмырына жаңа леп әкелді, дем берді. Тұрғылықты халық жақсы ермек тапты. Танық өнердің қыр-сырын ұғуға тырысты. Бизнес қалыптаса бастады. Жоғары сынып оқушылары ата-аналарына ақылы дәрістер оқыды. Беймезгіл көше кезген жастар азайды. Бәрінің алдында үлкен міндет тұрды.
Әкимат пен мектеп бірігіп жылына бірнеше дүркін жарыс ұйымдастырды. Конкурстың номинациясы көп еді: басшылық барша қатысушылардың ризашылығына бөленді. Бәйге шапқандар ішінен жеңіліп қайтқаны жоқ, бәрі бір-бір саладан жеңімпаз.
Бас бәйге аясында, атжарыс, балуан-күрес, жамбы ату секілді қосымша турнирлер өтті.

Екінші тарау
Жадымда, бірақ, қалжыңым Дафнаға аса қатты ұнай қойған жоқ, ақырын күлді, сосын, бұл хабар ата-анама, туған-туысыма жетсе, не істеймін деп мазасызданды. Жат жұрт, бөтен елден қаймықты, бір жанашыры, ақыл-кеңес сұрар қамқоршысы, тіпті, екі жаққа бірдей ортақ бітім айтушы ара ағайыны, қорғаушысы жоқ. Белсенділер басылмады, әсіре сілтеушілер көбейе, күшейе түсті, жас ұстазға өшігіп алды. Бүліктен, ел арасын бүлдіруден рақат табатын, бақытқа бөленетін пенде адамдар болады. Бірі ауыр қылмысына зауалы тең, лайықты қатаң жаза іздеді, тізімін жасады, бірі кесімнің жеңіл түрін шақ көрді. Мұғалімдік қызметінен босатуға ауданға шағым жасалды. Домалақ арыздар жөнелтілді. Сөйтіп, ежелден сүттей ұйып отырған бір ауыл ағайыным қақ жарылды, астан-кестең болды, азан-қазан, екі топқа бөлінді, өзара қырылды, жақтағандарға қарағанда, қарсы жақтың қарасы қалың еді, бірақ, дау-шарға араласқан әжемнің кесімі таразы басын теңестіріп жіберді:
– Балам, не ойың бар?
– Білмеймін.
– Білмегенін қалай, елдің шырқын бұзып… енді білмеймін, дейсің, оңай құтыламын деп ойлама, жұрттың тынышын, мазасын алып, берекесін кетірме.
– Жарайды.
– Біреудің обалына қалма – босат қызды.
– Әже, сертім бар.
– Не серт?
– Уәде.
– Уәдең болса, орында.
– Сөз байластық. – дедім.
– Онда, айтпады деме, жауапкершілік мойнында, қазірден бастап шеш, көтере алмасаң, босат қызды.
Содан кейін, әжемнің мақұлдаған сөзін естіп, ауыл тынышталды.
Біздің мектепте сабақ берген жылы Дафна ескі үй жалдап тұрды. Кейін барып көрдім, шаңырағы ортасына түсіп, іргесі құлап жатыр екен.
Дафна ауылға келе жатқанда, қауесет тарады, Қаратал-Тегісшілдік ауылына керемет сұлу жас ұстаз бөлініпті: ай десе – аузы, күн десе – көркі.
Сөмкесін салақтатып автобустан түсіп жатқаны есімде. Жүгі қайда екен. Ең соңынан шықты. Қызыл телпек, жұқа пальто. Әуелі аяғы көрінді, сосын, өзі. Бой бергенде, Күндей жарқырап кетті. Пальтосы қысқа, көйлегінің етегі ұзын, жүзі бал-бұл жанады. Мен бірден ғашық болдым. Мектеп директоры гүл ұсынды. Қасында бірнеше мұғалім бар. Қарсы алуға ауыл басшылығы да келіпті. Бәрімен қол беріп амандасты. Жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, сөйлеу мәнері – кәдімгі Лайма Вайкуле.
– Я благодарна судьбе, что буду с вами работать, все вы – прекрасные, славные, добрые люди, вижу, мне повезло.
– Үй-жайыңыз дайын, қазір Сізге қой сойып қойдық, кейін соғымын да қарастырамыз.
– Иә, рақмет.
– Жүгіңіз қайда?
– Мына машинаға салыңыз.
Бүгін – мереке. Үлкен жаңалық. Бізге Дафна келді. Далаға, көшеге ақтарылған бүкіл халық жолға қарай біртіндеп жылжып-жылжып тақап, үстіне шығып кетті. Әйелдер жиыны, топ бала тегіс көзімен Дафнаны іздеп тұр. Ол подиумда келе жатқандай, сүйкімді адымдап, көйлегінің етегі желп-желп желбіреп мың бұралады. Көліктің келуін манадан бері күтіп, жақын маңда белсебед теуіп жүрген біз де жалт қарадық. Біз ғана емес, бүкіл ауыл, тіпті, күллі әлем мың бұралып келе жатқан Дафнаға көз алмай қарады.
Үшінші тарау

Тегі, қанша іздедім – ізіне түсе алмадым. Ол құжаттарын бірін қалдырмай түгел алып кетіпті. Қайда барсам да, қарсы алдымнан аты-жөні жазылған бос пәпкі шығады. Елден бас сауғалап қашқан тәрізді. Ізін жасырып, қуғанды адастырып, шолғыншылар көрген жолдан жорта ауытқып – қашқан тәрізді.
Оқудамын, студенттік өмірдің қызған шағы, бірде, қоңырау шалды. Бөтен, маған қатысы жоқ адамдай көрінді. Қалың қызықтың ортасында, көп бақыттың құшағында сайран кешіп жүріп мен бұл қоңырауға аса мән бере қоймадым. Сөйтсем, ол ақырына дейін күдер үзбеген екен, бір шешімге келе алмай, екіұдай күйге түсіп, өзімен-өзі арпалысыпты.
– Хафиз, Хафиз, – деді ол құсадан күңгірттеніп естілген дауысы күңгір-күңгір жаңғырып, – хал-жағдайың жақсы ма?
– Тамаша.
Көңілі қалсын деп әдейі анық, нық, қатты сөйледім.
– Біздің жақта еш өзгеріс жоқ.
– Қалада өзгеріс көп, сәт сайын –дүние мың құбылады.
– Ендеше, елде бәрі бұрынғыдай…
– Жөн екен.
– Маған алаңдама, жұмыстарыңды бітіріп ал, қолын тигенде…
– Иә, емтихандарым бітсін, мүмкін, барып қалармын.
Ол үндемей қалды. Дәл осы сәт Дафнаның көзі ашылды деп ойлаймын. Кенет өзім де кездейсоқ аузымнан шыққан немқұрайды сөзден шошып кеттім. Ол жай ғана:
– Сволочь, – деді.
Сосын, тұтқаны тастап жіберді. Дафна буынып-түйініп дайын отырған екен. Хафиз келе қалса, уақыты тығыз, бөгет болмауым, кедергі келтірмеуім тиіс, тез жолға шығып кетуіміз керек, деп әріптестеріне айтып жүріпті.
– Жақсы, жақсы.
– Сіз, – депті Қайрат, – енді сенбеңіз, ол келмейді.
Дафна көзіне жас алған екен.
– Іздеп барайын ба?
– Жоқ.
– Тапсам, алдыма салып айдап келетін едім.
– Қажет емес.
– Жыламаңыз, әлі-ақ өкінеді, мен анық білемін, өкінгенде әсем өкінеді.
– Я его любила, – депті Дафна.
Сосын, өкіріп жылап жіберіпті.
– Не могу я, не могу, за что, скажи, за что он со мной так поступил…
Қайрат жерге қарай беріпті.
Шынымды айтсам, Дафна қиналады, азап шегеді деп ойламаппын. Күндердің күнінде, телефон соққанда, оның жан бейнетін кешіп жүргенін де аңғармаппын. Бәрін кейін ауылға келгенде, естідім. Қателігімді түзеткім келді, бірақ, Құдай маған тағы бір мүмкіндік бермеді.
Телефон арқылы сөйлесіп тұрып, мен бірінші рет Дафнаны өзіме масыл көрдім. Неге маған жабыса береді деп ойладым. Жасы өзімнен үлкен қызға, әйелге басымды байлағым келмеді. Ол бақытты студенттік өміріме кедергі сияқты көрінді. Әділетсіздігім өзімді қинады. Кейде арпалысып оянамын. Негізі, жасағаным – опасыздық. Мен бәрін ұмытуға тырыстым. Естелік мехнатынан осылай құтылғым келді.
Дафнаны сұраған адамға өз көзқарасымды айтып, опасыздығымды ақтай жөнелетінді шығардым. Сезімнің бәрі өткінші. Дафна махаббатымызға осыншама адал, сезіміне соншалықты тұрақты деп ойлаған емеспін.
Кейін қай қалада туып-өскенін тауып алсам да, баруға қол тимеді, дәлірек айтқанда, Новосибирск қаласының қай жерінен іздеймін деп ойладым.
Әрі оның нақты еліне кеткені әлі күнге шейін белгісіз.
Ол – Новосибирск тумасы еді. Бірақ, атамекені Көкшетау өңірі болатын. Бертінде естідім, Дафна науқастанып, арбаға таңылған екен деседі. Рас, өтірігін білу үшін мен сапарға шықтым.

Төртінші тарау

Дафна қазақша білмейтін еді.

Бесінші тарау
Ол бізге ағылшын, неміс, орыс тілінен сабақ берді. Тәлімгердің тілегіне орай бізді бірнеше топқа жіктеді.
Алтыншы тарау
Каллиграфиялық өнерді еркін меңгерген Дафна Тегі, қанша іздедім – таба алмадым. Ол құжаттарын бірін қалдырмай түгел алып кетіпті. Қашқан тәрізді. Ізін жасырып, адастырып, жорта жолдан ауытқып.
Оқуда жүргенімде, екі-үш мәрте қоңырау шалды.
– Хафиз, Хафиз, – деді ол құсадан дауысы анық естілмей, – мені алып кетесің ғой.
– Иә, емтихандарым бітсін.
– Мен буынып-түйініп дайын отырамын, кез келген уақыт жолға шығып кете аламын.
– Жақсы, жақсы.
Мен бірінші рет Дафнаны өзіме масыл көрдім. Неге маған жабыса береді деп ойладым. Жасы өзімнен үлкен қызға, әйелге басымды байлағым келмеді. Ол бақытты студенттік өміріме кедергі сияқты көрінді. Әділетсіздігім өзімді қинады. Кейде арпалысып оянамын. Негізі, жасағаным – опасыздық. Мен бәрін ұмытуға тырыстым. Естелік мехнатынан осылай құтылғым келді.
Дафнаны сұраған адамға опасыздығымды ақтай жөнелетінді шығардым. Сезімнің бәрі өткінші. Дафна махаббат азабын кешеді деп топшылаған емеспін.
Кейін қай қалада туып-өскенін тауып алсам да, баруға қол тимеді, дәлірек айтқанда, Новосибирск қаласының қай жерінен іздеймін деп ойладым.
Әрі оның еліне нақты кеткені тағы белгісіз болды.
Ол – Новосибирск тумасы еді. Бірақ, атамекені Көкшетау өңірі болатын.

(Жалғасы бар – 23.04.2020)

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here