Дидар АМАНТАЙ

КОНФИДЕНЦИАЛЬНАЯ ПЕРЕПИСКА
Әңгіме

Түн іші. Компьютерден түскен айқын жарық қараңғыда жан-жағына нұр шашып, қатты жарқырап көрінеді. Төңірек, құлаққа ұрған танадай, тыныш. Елдің бәрі ұйқыда – жаз айының соңы. Кенет телефон әлсіз сырт ете қалды – келіп түскен хаттың белгісі.
“Ояусыз.”
“Иә.”
“Хабарым жетті ме екен?”
“Келді.”
“Онда, алаңсызбын.”
“Сіз – ғажапсыз!”
“Сөзіңіз – бекер. Біз тез әсерленеміз, ең бастысы – әрекеттен бұрын, кейін – өкінеміз.”
“Түйсік ше? Сезімге деген төте жол емес пе?”
“Кейде қиып алғанда, қиналатынымыз бесенеден белгілі. Ұзақтың рақатынан айрыламыз.”
“Рас, негізі, алыстан қашамыз, алайда, тез бітіп қалғанда қандай қуаныш бар?”
“Басталған – аяқталады.”
“Бір жағынан, ұзақ азаптың несі жақсы?”
“О да өмір, кеткен уақыттың орнын ешкім толтырмайды, былайша айтқанда, Сізден жеке дүниеңізді күшпен тартып алады.”
Таң алды. Елең-алаң мезгіл төбеге қарап жатыр. Жұрт қамауда – үйінде отыр. Кеңсе, дүкен, сауда орындары, бизнес-орталықтар, кинотеатрлар, кафе-ресторандар, белет кассалары, түнгі клубтар тегіс жабық, аптека ғана ашық. Сырт етіп тағы бір хат келді.
“Қалай ұйықтадыңыз?”
“Әйелім бір оянған жоқ, мен – көз ілмедім.”
“Сіз үйленгенсіз бе?”
“Иә.”
Екеуі де үнсіз. Сырттан топырақты солқылдатып қазған күректің дыбысы естіледі. Сірә, ағаш отырғызып, тұқым егіп жүр. Әсілі, алагеуім кештен алагеуім таңға дейін кірпігі айқаспай, түн күзетіп шыққан тәрізді.
“Мен де тұрмыстамын.”
“Қарақ, кедергінің саны артып, кездесуіміз қиындады ма, қалай.”
“Рас. Бірақ, оңайдың беделі арзан, жеңілдің қадірі жоқ.”
“Күйеуіңіз сүйе ме, әлде Сіз бе?”
“‘Екеуіміз де бір-бірімізді жақсы көреміз.”

“Жұбайын ұнатқан жар қосағының үстінен жүрмек түгілі, басқа еркекпен сыртынан да сөйлеспеуі тиіс емес пе.”
“Есте жоқ ескі замандарда сөйткен шығар, жай тілдескенде тұрған не бар.”
“Ештеңе.”
“Форс-мажор. Дүние төңкерілді: нәсіл, ұлт, мемлекет, қоғам, ұжым, тұлға күйзеліске ұшырады, Тәңір мен пенде арасындағы келісім-шарт жойылды, себебі, тосын апатты ешкім күтпеп еді, тұтқиылдан соқты, есеңгіреп қалдық.”
“Кеше өрден құласақ, бүгін етегінде жүрміз, ертең де ес жия алмаймыз.”
Түс мезгілі. Газға қойған қазан бұрқылдап қайнап жатыр. Жас малдың еті – жұмсақ келеді, жұпары – тәбетіңді ашады. Сорпасы – балдай. Ол төсекте кітап оқып жатып, ас қамдап жүрген әйеліне сүйсініп қарап қояды. Ойша бұрынғы қыздарымен салыстырады. Қанағат. Сұлу әйелдің – соры, соңынан тастаған торы көп. Жаңа мәтел. Талай торыны сүйді, қыдырды, ғұмырдың қызығына тойды, енді – жұмыс, шаруа, қызмет. Қайыра түскен ақпар сырт етіп белгі берді.
‘”Beautiful.”
“По-моему, неудачная фотография.”
“You’re not right. That’s excellent picture”.
“Бекер.”
“Сіз – ғажапсыз.”
“Керісінше, мен… ғашықпын.”
Хабарламалар легі тоқтап қалды. Ол қолына қайыра кітабын алды: Уильям Шекспир, Уильям Фолкнер, Рене Декарт, Артур Шопенгауэр, Эдмунд Гуссерль, Жан Бодрияр, Жак Деррида, Жиль Делез – кезек-кезек оқып жатыр, Кешеден бері SMS-терін көбейіп кетті, деді Гүлсім, тағы біреуді тауып алдың ба. Жоқ, қолы – бос, басы бос жігіттер, қалжың айтып…
“Ол сезіп қойған секілді.”
“Абай болайық.”
“Бірақ, сөйлесу қылмыс па?”
“Мәселе… жасырын тілдескенде.”
“Феодализм.”
“Капитализм – еще хуже.”
“Бір-бірін тонайды”
“Рас, ажырасқан сайын ері атақты, қатыны – бай бола түседі.”
“Құпия сырын ашуға ұмтылып тұрады.”
“Абай болайық.”
“Бірақ, ұялы телефонымды қолыма ұстап, мәтін теріп отырғанымды, бәрібір, көреді.”
“Доғарайық.”
“Бір-бірімізге үйреніп қалдық, ажырасу жайлы айтпаңыз,”
“Жетеді.”
“Не?”
“Сөйлестік, күлдік, ойнадық…”
“Тыныш кезімізде,”
“Есіміз барда, елімізді табайық па.”

Үнсіздік. Сөз үзіліп қалды. Әңгіме бөліне береді. Екеуміз де жұбайымызды алдағымыз келмейді, сондықтан, көңіл таза болғанымен, оянып келе жатқан нәпсіні еркіне жібермеуге тырысамыз. Әйелі дастарқан жасап жатса да, оны назарда ұстап жүр.
“Біз бір аптаға қоштаса тұрайық.”
“Суып қалсақ, ренжіме.”
“Көреміз.”
Бесін. Күн еңкейе бастаған кез. Түстен кейінгі, жайма-шуақ жаз тыныштығын бұзып, қызыл іңір кештің қарбалас тіршілігі тақап келе жатқан меже. Төл жамырап, өрістен қайтқан мал қыр астынан қара шоғырланып көріне бастаған мамыражай шақ. Бұл уақытта, ауылда пішеншілер күн ілгері шапқан шөптің көлемін есептеп, қойын дәптерлеріне түртіп алып жатады.
Түзде қайнаған еңбек. Бесін мезгілінен қара кеш батқанша, шөпшілер, қыр соңынан қалмай бұрқырап көтеріліп келе жатқан қара шаңға көмілген, айыр тісті тырнауыштар жал-жал, толқын-толқын тастаған, бір тәулікте кеуіп үлгерген, көде шөптен шөмеле үйіп, тасымалдауға қатар-қатар дайындап қояды. Қалай естімеген, манадан күткен хабарлама тұр:
“Сізді сыртыңыздан көремін, жетеді, сосын, ұмытамын.”
“Көрмей”.
“Иә”.
“Тез ұмытасыз ба?”
“Тез.”
“Мен есімде сақтаймын.”
“Қауіпті. ”
“Ұмыта берсем, өмірімнен не қалады? Менің де тарихым болуы керек, Сіздің де. Баянсыз – биография жоқ.”
“Қауесетсіз ғұмырдың жалғыздығы көп.”
“Білесіз.”
“Нөмір сатып алдым.”
“Несіне? Мені құлыптап тастасаңыз болды, өміріңізден жоғаламын.”
“Сенім жоқ.”
“Маған?”
“Өзіме…”

Ымырт. Ол қалай танысқандарын есіне алып отыр. Ғаламторда кездесті, көп кездейсоқтықтың бірі, жүздеген аккаунтар арасынан екеуінің бағы жанды, жөн сұрасқан жоқ, күллі мәлімет парақшасында тұр еді, виртуалды жүздесуден соң, хат алысу басталды, бір-бірінің бойында осыншама адамгершілік, кісілік бар екеніне таң қалды. Әр пенденің асыл қасиеті уақытын күтіп үнсіз жатады екен, сосын, ақтарылады, ашылмай кететіндер де бар, тағдырдың тауқыметі таусылған ба, нәпсі, анық, қызығының артына азап жасырып қояды, сауық-сайран түбі ойран болатыны сондықтан. Хат-хабар жоқ. Ол ұяң күлкі белгісін жіберді. Көрді, бірақ, ашпады. Екіншісін салды. Үндемейді.
Кенет көз жасы келді. Бақытсыз әйел ме екен. Фотодан тамашалады, қысқа-қысқа түсірілімдеріне куә болды. Әлеуметтік желілердің адамға жан ашымайды. Ептеп адасқанды үптейді де, күптейді де, жынды ғып тастайды. Теріс жүргенді, жаңсақ басқанды жағасынан алады, балағына жармасады, ит қосып қуады.
“Қош.”
“Неге асықтыңыз?”
“Кешіктім, бой үйретпей тұрып, бөлініп кетуіміз керек еді.”
“Реалды өмірде жолықпадық.”
“Виртуалды кеңістік әлеміне қарағанда, реалды жарық дүние әлдеқайда романтикалық пафосқа толы.”
“Фальш енсе, фальстарт болады.”
“Сіз жылда, қыс бойы тас төбеден кетпей қойған, енді қазір, жаз айының басында, көкжиекте қаңтарылып ілініп тұрған Сүмбіле жұлдызын көрсеңіз, есіңізде болсын, дәп сол кезде мен де Темірқазық жұлдызына қарап тұрамын.”
“Әр маусымда осы жерде кездесейік, жұлдыздар сөнгенше, еш уақыт тұрған орнынан қозғалмайды.”
“Жұлдыздар уәдеге берік, қашанда уағданы Сіздің есіңізге түсіріп тұрады.”
“Сертінен таймаған адамның жұлдызы да жоғары, мәртебесі де биік, бақыты да орнықты.”
“Сол бақытты айтсаңызшы, адамның ең бақытсыз серігі.”
“Иә, қолында кісен, екі аяғы байлаулы,”
“Әй, жалған-ай, соры қайнаған бақыт… жұлдызымыз жараспады, о бастан қарсы еді, бірақ, ақырында, жұлдызымды тапқанда – айрылдым.”
Соңғы хабарлама сәтті жетті, алайда, ашылған жоқ, қоңырау шалып еді, нөмірі жабық екен.
20.04.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here