Дидар АМАНТАЙ

WHITNEY HOUSTON
Эссе

Есімде, асфальт жол бетімен ағызып келе жатқан автомобильдер салоны ішінен жаңғырып, әнді қамаған терезелер қаптап түсірілгенде, Уитнидің әсем дауысы құйқылжып сыртқа төгілетін еді, жеңіл машина зыр етіп қасыңыздан өте шығып, одан әрі жүйткіп ұзап бара жатады, I’m Your Baby Tonight композициясы Сіздің жадыңызда қалады, кейде I am Every Woman синглын естисіз, әредік All the Man That I Need сазына құлақ түресіз, автобустар тоқтаған аялдамаларда – Уитни, қала бақтарын аралап қол ұстасып кетіп бара жатқан жас адамдар көкірегінде – Уитни, ашық балкондары есігінен орталық көшелерге ән оздырған ескі үй бөлмелерінде – Уитни.
Жазғы терассалар шерткен сыры Уитни, тастан өрілген жалғызаяқ соқпақтар әңгімесі Уитни.
Шаһар гүлдері Уитни деп күбірлейді, шырша ағаштары Уитни деп шулайды, күнделікті басылымдар тақырыбы – Уитни.
Күллі әлемді жаулаған, бүкіл Жер шарын жайлаған – Уитни. Сан-Франциско, Чикаго, Нью-Йорк шаһарларынан шартарапқа тараған үн, тасыған саз – Уитни, шалқыған әуез, шамырқанған сөз, бақытқа шақырған шат күлкі, мұхит асып, жер мойны қашық ұлы құрлықтарды басып, ел қыдырып, жұрт адақтап Алматыға келеді, көліктерден тілектерге, тілектерден жүректерге, жүректерден түлектерге жетеді.
Қайт. Елде Сізді күтіп отыр. Жоқ! Алматыға келген адам ақынға айналады, ал ақындар Алматыдан қайтпайды, сондықтан оқуға, мамандық меңгеріп, кәсіп игеруге қазақ астанасын таңдағанда, қайтпайтындай болып біржола көшіп келгені жөн.
Шыңдарын – қар, етегін шырша басқан Алатау бөктерін мекендеп, өнерпаздар екі дүниеде ұлы қала құшағында мәңгі қалады.
Алматы, Уитнидің шаһары – әрбір пәтер, әрбір кеңсе, әрбір дүкенде – әншінің ғажап үні өмір сүреді. Радиода – Уитни, теледидарда – Уитни, телефонда – Уитни.
Ел аузында – Whitney, Whitney – әр сөзінде.
Ол, an American singer and actress, қиын тағдыр кешті. Жеке ғұмырында шаруамыз жоқ, әнші біздің алматылық жастық шағымыздың қуанышын, қайғы-уайымын, арман-үмітін шырқады.
Жас кезіміздің жасампаз да жарқын биографиясы Уитнидің әндерінде жатыр. Дәуіріміздің мәні, дәуреніміздің сәні – I Have Nothing!
I never knew
Love like I’ve known it with you.
Will a memory survive
One I can hold on to?

Қайран, Уитни, Сіздің арқаңызда көрген қызық, тарқамаған қуаныш, жанған бақыт атаулының бәрі жадымызда жазылған, көне күйтабақ секілді, ине жанасқан сайын ойымызға кешегі өміріміз оралады, сағынышымыз оянады, тұралаған, тоқыраған, тоқсаныншы жылдар атмосферасы орнайды. Бірақ, біз бақыт кештік, бағымыз ашылды, басымыз бос – байлықтан үміттіміз.
Байыдық, жанымыз байыды, ырысқа кенелді – кітап, кітап, кітап. Қазынамыз – ән, дәулетіміз – тән саулығы. Уитни – фон.
Сағынышымыз – әдемі. Кешіміз көбейеді, пешіміз сөнеді, енді бізді үстімізден төніп келе жатқан Күн жылытады, сәуірде Алматы пейіштің бағына айналады.
Хьюстон дауысы өрлеп төбеге көтерілгенде біз әнмен бірге аспанға өрмелеп, тауға шығып кеткендей күйге ұшырайтын едік. Ол тек биік әндерді шырқады. Қашанда биіктен көрінуге шақырды.
I Believe in You and Me
Сазбен өрілген махаббаты өз орындауында дыбыс қойылымына өзгерді. Дыбыс, сюжетсіз әрекет, кездейсоқ қаһармандар, бірақ, алыстан шауып келе жатқан бейтаныс салт атты дүрсіліндей, күшейе түскен дүбірді естиміз. Дүбір дыбысқа айналады. Дыбыс – дабысқа. Театрға жақын Бергман фильмдеріндей, киноға әуес Жан Кокто пьесаларындай, бар сахнаны бір алаңдай көрген Ален Роб-Грийе жазу мәнеріндей.
Жазуда тыныс белгілері – мәнер, кинода кез келген дыбыс – кейіпкер. Көңілді музыка билейді, сезімді ойға, ойды атмосфераға жетелейді, ой – жалғыздық атмосферасы.
She was cited as the most awarded female artist of all time by Guinness World Records and remains one of the best-selling music artists of all time with 200 million records sold worldwide.
Жұрт Уитни Хьюстонды google.kz сайтынан іздейді, біз – жүрегімізден. Жоғалған уақытты Whitney Elizabeth Houston әндерінен табамыз.
Википедия – қара орман халқына сілтейді. Оның әндері – таусылмайтын махаббат, қызығы мол жылдар елесі, есіне түскен сайын еселенеді, түбіне жетпейсіз, жастық шағымыз Алматы антуражына байланған болса да, атмосфера туғызатын музыкалық еркін фон – Уитни Хьюстон.
Houston released seven studio albums and two soundtrack albums, all of which have been certified diamond, multi-platinum, platinum, or gold by the Recording Industry Association of America, дейді ғаламтор.
Ғаламтордағы Хьюстон – мәңгілік Хьюстон. Виртуалды өмір реалды тіршіліктен озып тұр. Кез келген марқұмның кешегі электронды мекенжайлары бүгін де тірі. Бірақ, құлыптаулы, жұмбақ жүрегіндей құлыптаулы. Кілті – әндерінде.
Her crossover appeal on the popular music charts as well as her prominence on MTV influenced several female African-American female artists.
Рас. Таңғажайып әндер тасқыны шекараларды бұзды. Екі жалғызды қосты, жұптан үшен, үшенді төртеу қылды. Төртеуден төрткіл әлем жасады. Біз – біргеміз!
As the years they pass us by
We stay young through each other’s eyes
And no matter how old we get
It’s okay as long as I got you babe
Бәріміз де Уитниді сүйдік. Көркем образын жүрегімізде сақтадық, әнінде біздің жастық шағымыз қалды.
Houston made her screen acting debut in the romantic thriller film The Bodyguard.
Әрбіреуіміз өзімізді оның оққағары сезіндік, алайда, виртуалды рыцарь,Кевин Костнер, қайтейік, жас кезіміздегі махаббатты реалды ажалдан құтқара алмады, біз қайғырдық, аза тұттық, бір-бірімізді жұбаттық. Мен кетпеген де шығармын, дейді Уитни.
And I want you to touch me,
Like I never left,
And I want you to hold me,
Like I never left,
And I want you to love me baby,
Like I never left,
Come give me what I’m missing, yeah,
Like I never left, yeah.
Ғажап әншіні 11 ақпан күні, 2012 жыл, Беверли-Хиллз ауданында орналасқан Beverly Hilton отелінен, елу төртінші “Грэмми“ өтуге екі-үш күн қалғанда, ванна бөлмесінен тәтесі Мэри Джонс тауып алады.
Дәрігерлер Хьюстон үшін күресіп-ақ бағады, бірақ, құтқаруға шамалары жетпейді: Құрама Штаттарының Тынық мұхит жағалауы уақыты белдеуі бойынша, сағат 15:55 дүние салады.
I Will Always Love You, which received the Grammy Award for Record of the Year and became the best-selling single by a woman in music history.
Уитни дауысын естігенде, көз алдыма көлбеңдеп бірге оқыған, бірге жүрген топтастарым, достарым, ұстаздарым келеді, тоқсаныншы жылдардағы қараңғы Алматы көшелері елестейді, қайран әншіні қимаймын ба, әлде жастық шағымды сағынамын ба, әйтеуір көңілім алай-түлей болып кетеді.
18.04.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here