Дидар АМАНТАЙ

БІР ТЕҢІЗДІҢ ЕКІ ЖАҒАСЫ
Әңгіме

Түн ауып барады. Renault соңынан, үш қабатты үйдің ауласынан, моторы дүрілдеп Peugeot сыртқа қозғалды. Шағын, қара қошқыл Peugeot автомобилі сынаптай сырғып, жолайырықта панарларды жағалап келе жатып, жанған бағдаршамнан ұзағанда, көлденең даңғылға жолыға кетті – қапелімде қарсы алдынан қапылыс шыға келді. Renault ешқайда бұрылған жоқ. Қыр асып, көз ұшынан тез жоғалды.
Peugeot даңғылдан келесі бұрылыста тар көшеге түсті. Сол қапталынан қараңғыда ай сәулесіне шағылысып, айдыны жарқырап теңіз көрінді. Қатар-қатар тізілген бағаншамдар бірсін-бірсін сәулесі әлсіреп, бірінен соң бірі сөне бастады. Күңгірт жарық көмескі тартады да, өлмеусіреп өшеді. Көшеден – қала бағына қарама-қарсы – автотұрақ қақпасына кірді. Әлем таң атуын күтіп тұр.
Ғадеті, Мәриам алагеуім оянып, жұмысқа ерте, елден бұрын келеді. Ең әуелі, үстел үстін реттейді, артық дүниені жиып-теріп, сыпырып алады да,қоқыс сауытқа тастайды, шынылы фотосуреттің бетін сүртеді, кондиционерді қосады. Кофеге, шайға су қайнатады. Сатылымына байланысты бағаларды өзгертеді. Көбіне тұрақталған қалпында қалдырады, тұтынушы жұмсаған қаржы көлемін үнемі есінде сақтап жүреді, күні ұзақ қала аралап, ымырт түсе, қызыл іңір, үлгермесе, ертеңгілік қайта айналып соққанда, бағаның тұрақты екені көрінуі тиіс, бұл мәселе дүкен туралы ұдайы жақсы сөз айтылып, абыройы артып, даңқы жайылуына, іздеушілердің саны көбеюіне оң әсерін тигізеді. Аз да болса, арзанға киінуіне мүмкіндік. Ертеңіне қолжетімді тауар жайлы хабарды естіп, көрші-қолаң, ауыл-аймақ ағылады, бағаның орнықтылығы пайданы еселейді, басқа жерде қымбатқа түскен киім жұртты қайыра Мәриам сауда орталығына шақырады, жетелейді, тартады. Бейнетқор әйелдің саудасы да адал, өзі жылдар бойы қалыптастырған тәртіпті еш жағдайда бұзбайды, қазір жарқын дәстүрге, жақсы салтқа айналған табыс көзі. Есікті шалқасынан ашып жатып, перделерін ысырып сөйлеп жүрген көршіге дауысын көтере тіл қатып, жаңалық сұрайды, сауалы бір сәт таусылмайды. Ол Peugeot жеңіл жүрдек көлігіне мініп, жұмыс орнына қызметкерлерінен көп бұрын жетеді.
– Кім, – дейді ол.
– Қазір қасымыздан өтеді, жіберіп алмаңыз, – деп жауап қайырады қоңсы.
– Баку қаласынан ба?
– Иә.
– Орыс арбакеш пе?
– Орыс арбакеш.
– Қайда?
– Әне, көрінді.
Ыстанбұлдың таулы көшелерінің бірінде, елең-алаң, таңғы салқын алдында, алғашқы арай сыз беріп, қараңғы, көлеңкелі тас жолдар ағарып, көзге көріне бастағанда, көнетоз киімдегі ер адам өрге қарай арба сүйреп келе жатты. Түрлі ағаш жәшік, қағаз қораптан жүк артқан ескі ырдуан арба, ылдидан – жоғары, етектен – дөң басына, оқтын-оқтын жолдан тайып, қисалаңдай көтеріледі, жалпақ табаны темірден қапталған қос биік дөңгелек жалтырап жатқан, өрілген тастақ көшені жаңғырта, екі-үш қадам төмен сырғанап барып тоқтайды, кідірген тұстан, қиюы қашып, тозығы жеткен ілдалда көлік сықыр-сықыр етіп, сатылап қайыра өрлеуге көшеді. Терезесі, орналасқан ғимараты еңселі, алып дүкенге қатарласа бергенде, іштен бір түрік әйел шықты. Мәриам.
– Қайырлы таң, Сіз Бакуден келдіңіз бе?
– Жалпы алғанда, иә.
Күлді.
– Шай ішесіз бе?
– Қарсы емеспін.
– Төрлетіңіз.
– Бакуден емес, Баку арқылы келдім.
Ол арбасын үйдің іргесіне қойып, дүкенге кірді.
– Атыңыз?
– Андрей Владимирович.
– Мәриам.
– Танысқаныма қуаныштымын.
– Қант?
– Иә.
Кенет, оның үстел үстінде тұрған, бетін шынымен көмкерген көне фотосуретке көзі түсті. Жас әйелдің жүзі таныс. Көздері көк, өзі – ақ құба. Езу тартып, жымиып тұр. Қайдан көрді екен. Фотографияға сұқтанып қарап отырғанын Мәриам да байқады.
– Менің анам, – деді Мәриам.
– Наталья ма?
Түрік әйел жалт қарады. Құйып жатқан шайын төгіп алды. Толқып кетті.
– Сіз қайдан білесіз?
Шүберекті көтеріп, үстел үстін сүртті де, шкафтан жаңа стақан шығарды.
– Сіз қайдан білесіз?
– Бұл фотосурет біздің үйде де бар.
– Тура осы фотосурет пе?
– Тура осы фотосурет.
– Япырай, а.
– Төрде, қабырғада ілініп тұр.
– Сіз қай жақтансыз?
– Кострома өңірінен.
– Русия ма?
– Русия.
– Наталья Сізге кім болады?
– Қайың енем.
– Тірі ме?
– Жоқ.
– Қашан қайтып еді?
– Былтыр дүние салды.
Мәриамның көзі жасаурап кетті. Енді шайды өзіне құйып жатыр. Сырттан қуырған кофенің жұпары жетті.
– Жарыңыз жақсы ма?
– Анна-Мария ма?
– Оның да аты Мәриям ба?
– Иә.
– Анамыздың ат қойғаны қызық екен.
– Мүмкін, туыс емеспіз, жай кездейсоқтық шығар.
– Кострома, Наталья Ивановна Богушевская.
– Дәл өзі.
Мәриам дүкенді жапты. Есікті іштен бекітіп қойды.
– Мен, – деді ол, – жетім өстім. Әкемнің қолында, бірақ, шешенің жөні
бөлек екен. Біз Бакуде тұрдық. Әзербайжанда. Бір күні Наталья Ивановна, таңертеңгілік мезгіл, есік алдында ойнап отырған бауырым екеумізге моншаға барып келемін, деді де, бетімізден асығыс сүйе салып, түйіншегін ұстап, тез-тез басып кетіп қалды. Мен соңынан қарап тұрдым. Қарайып кетіп бара жатты да, қалтарыста, үйдің тасасына бұрыла бере, жоқ болды. Кеш батып, қас үйірілді, ымырт түсіп, ақшам жамырады, апақ-сапақ шақта әкеміз алаңдай бастады. Түн қатып полиция бөлімшесіне барды, бірақ, жоғалғанына үш тәулік толмағанына байланысты, арызын қабылдаған жоқ. Бір айдан соң, әкем Русияға сапар шекті, Шунга, Шунгалово, Караваевоға соқты, Некрасово, Песочное, Зарубино, Боровиково, Шолоховодан іздеді, таппады. Жарты жылдан соң, ұрлыққа түсіп, ұсталған кезінде, сотына қатысты, елге оралып, Баку қалалық сотына шағым жасап, анамды балаға деген құқынан айырды. Әкемнің тірі кезінде, Ыстанбұлға көштік. Бізді бетімізден қақпай өсірді. Қатты жақсы көрді. Сұраған затымызды әперді, бірақ, анамды кешіре алмады, алайда, қимайтынын да сездік, Наталья Ивановна жайлы тіс жарып, ештеңе айтпайтын, үнсіздігі үлкен махаббатының белгісі еді. Содан кейін – анамызды көрген емеспіз. Мен аңсадым, сағындым. Өмір бойы шешемді тауып алғым келді. Іздесем, табатын сияқты көрінетін. Бірде, көпірден өткенде, бір апа қанаттан ұстап келе жатып, байқамай қолын менің қолымның үстіне қойғанда, қатты толқып кеттім. Жүрегім алқынып, денемді, тұла бойымды тітіркендіріп жіберді. Тіпті, екі-үш күн бейтаныс апа ұстаған қолымды жумай, толғаныста жүрдім.
Естелік әңгімесін шертіп отырып Мәриам көзіне жас алды. Сөзін үзіп, үндемей қалды. Сосын, дауысын ақырын шығара жылап жіберді. Солқ-солқ етеді. Андрей басу айтуға бата алмай отыр.
– Кешіріңіз, – деді Мәриам.
– Наталья Ивановна Богушевская, Кострома тумасы, 1960 жылғы.
– Иә, міне, фотосурет сыртына жазылған.
– Рас.
Мәриам қайта жылады.
– Меніңше, Мәриам ханым, Анна-Мария екеуіңіз апалы-сіңлілі туыссыздар.
– Күмән жоқ, күмән жоқ.
– Сіңліңіз отызда, Сіз – қырықтасыз.
– Орыс көрсем, анамды сұраймын, бірде, түсіме славян пішіндес ер кісі енді. Періштелер сол адам жақсы хабар әкеледі, десті.
– Ғажап екен.
– Сөйтіп, маған аян берді.
Мәриам тағы тоқтады. Енді көзінде жас жоқ, жанары ұшқын шашады. Жүзін көтеріп:
– Анна-Марияға звондайық, – деді.
Ол телефонын ұсынды. Андрей тере бастады. Қоңырау барып тұр, бірақ, жалғанбайды, қатынаспайды.
– Фотографиясы бар ма?
– Қазір.
Телефон шырылдады. Ресейдің халықаралық коды. Мәрия өзі көтерді. Екі жақ ұштасып, тұтқаны құлағына басты.
– Андрей, это ты?
Ешкім жауап берген жоқ.
– Это ты, Андрей?
Анна-Мария байланыстың ар жағынан, Ыстанбұлдың қақ ортасында, үлкен дүкенін жауып қойып, телефон тұтқасына бір әйелдің солқылдап жылап отырғанын естіді. Ол түсінбей сұраған сайын, орысша тіл қатып сөйлеген сайын солқылдап жылайды.

15.04.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here