Дидар АМАНТАЙ

ҚАСҚЫР ҚҰЙРЫҚ ҚАРАҒАЙЛАР
Новелла

Арқа. Қалың мүк, бұйра, жатаған арша жапқан, топ қайың, шоқ қарағай, жықпыл-жықпыл қараған, тобылғы қаулап өскен, итмұрын, қарақат, таңқурай аңқып, төңірегіне жидек, сиырбүлдірген жұпар шашқан, самалдан торғын жібек байлаған, жақпар-жақпар, сандықтас шоқы, қырат, үстірт, Қарқаралы таулары, асыл өлке, көңілімізді тебірентіп, көкірегімізді қуаныш кернейді.

Бәлкім, адастық, туған жерде адасқан қандай жақсы, бағдарымыздан жаңылып, басқа ну орман, қалың ағаш сыңсыған нығыз тұсынан тура жарып, тосын, ту сыртынан, жарқырап шыға келеміз, ашық жерде тұрып, қаланы мөлшерлеп, шамалап тауып, жан-жағымызға шола қарап, бағытымызды айқындаймыз да, қайта сүңгиміз, орманды жаңғырта сөйлеп, таудың бір саласына, – сілеміне, қойнына, қойнауына – қою жерінен асыға басып қойып кетеміз.

Көмескі тартқан көне сүрлеу – қыр асып, төмен құлады, ылдиға түскенде, қарсы алдымыздан – таңғажайып кеңістік ашылды, жыңғыл байлап, жықпыл қамаған, бұрқырап, қаулай өскен қалың шілік, орман-тоғай, құз-шатқал, шың-шыңырау, бәрі, жабайы көмкеріліп, сұлбасын жойып, жол бітеп, жалғызаяқ – жалпақ табанға – айналып, жайыла созылып, кенет, қопарыла, еңістен жоғары, тік көтеріле берді, келесі төбе басына өрлеп, жұқа тілген таспадай жіңішкеріп, бұралаңдап, көлденең қашып бара жатты.

Біз соқпақты одан ары қуаладық. Құлама жартас, терең тұңғиықтар өкпе тұс, ұрымтал жер, қос қапталдан қысып келеді. Ілгері жүрген сайын көлемі қиылады, қиыр көшіп, қиында тамыр жіберген, қияға қисық, қыңыр біткен, жасыл желек жамылған зор ағаштар діңі, айбақ-сайбақ тырбық бұтақтары екі жақтан салбырап төне түседі, тарылып, қусырылып барады.

Мен “Бисквит” кафесі алдында тұрмын. Кіреберіс босағасында тұрып, көзіммен танысымды іздеймін. Даяшы көрген жоқ. Енді, байқады, тақап келді де, қолын сілтеп, жөн нұсқады, сосын, алдыма бетін ашып ас мәзірін қойды. Пастаның түр-түрі бар: феттучини, спагетти, пенэ, болонез. Шампиньон көжесі, сэндвичтер, шпинат салаты, жеміс десерттері, моцарелла, құймақтар, омлет, теңіз өнімдері.

Тәттіден – “Докуаз” миндалін ваниль креміне былғап дайындаған, муссо шоколадынан жасалған поленце. Нугатин, карамель муссо, ірімшік қосылған бисквит.
Жидек, ананастан – “Панакома”. Патисьер кремі араластырылған шие ұнтағы, жемістен – желе.

Кофенің түрі көп. Мега гляссе, фрапучино, калипсо, фреско, уайт мокко, эспрессо, капучино.

Капучино – асыл. Тапсырғанымды кітапшасына түртіп, жазып алды. Эспрессо, сэндвич, патисьер. Жетеді. Ол жоқ, сағат жетіден асты, уәдесіне берік құрбым кешігетін әдет тапқан ба, бұрын сөзі нақ, жүрісі нық еді.

Қапылыста, жүзі күлімсіреп есіктен көрінді, үстел басында меню қарап отыр, капучино сұрады, сосын, біз физика туралы әңгімеге көштік. Хокинг бастаған бір топ бейнетқор ғалым көп ізденіс нәтижесінде ұлы Әлемнің сан түрлі сырын ашты, сан қилы қасиетін тапты, бірнеше басты сипатын атады, жұлдыздар ғұмыры, тууы мен қазасындағы қарақұрдым рөлі жайлы іргелі еңбектер жазды, күрделі мәселелер көтерді, шешімін күн тәртібіне қойды, кванттық механика мен гравитациялық күштерді біріктіретін, бірыңғай ортақ заң, біртұтас формула құрастыруға бола ма, әлде бұл екі ғалам бір-бірімен ешқашан қиылыспайтын паралель дүниелер ме, ірі масшабты физиканың ядролық іс-әркеттерге қатысы жоқ па, ал квант жұмбақтары тартылыс құпиясына туыс емес, керісінше, жат, бөтен, суық па.

Компьютерден – адамға, кісіден кісіге жұқты. Бәрі қорқынышпен ауырды. Қорқыныш – қауіпті вирус. Виртуалды кеңістікте қаптады, бұзып-жарып бізге келді. Жаңа дайындаған кофенің жұпар иісі шықты. Даяшы кофе әкелді. Бұл да қуаныш. Сырқаттың емі.

Ең үлкен дауа – шығармашылық. Жазу мәнері, кино тілі. Бірі – оқығаннан, бірі – көргеннен қалыптасады.

Ватсап тәрізді. Бірінен біріне көшіп, түпнұсқадан алыстап кетеді. Ең ақырында, иесіз мәліметтер бүкіл елдің ватсаптарын аралап, қыдырып жүреді. Теңіз кезіп, су бетінде қалқыған бос кемелерге ұқсайды. Тұрдық па. Кофе дәмді. Қызыл шай бұрын көңілдің хошы еді, енді қазір – ұмыттық.

Қызыл іңір. Біз кафеден шықтық. Қала тіршілігі қашанда қарбалас. Даңғыл бойымен төмен кетіп барамыз. Төле биге дейін жаяулап аяңдап жеттік те, кері бұрылдық. Жайма-шуақ мезгілдің жайлы кеші. Тамаша. Апақ-сапақ алагеуімге, ақшам жамырап ымыртқа, қас қарайғанда көз байланады. Түнек жапқанда, түн болады, ай шықса, сүттей жарық, ортасынан ауғанда, жеті түн.

Елең-алаң да алагеуім, көкжиектен арай сыз бергенде, таң алды, атқанда, таңертең ерте, күн көтеріліп келеді, күллі әлемді оятып, шырт ұйықтағандар – сергек, тірлік басталды, еңбек, күрес, мағына.

Ол уақыт адамның ғұмыр жасымен өлшенеді, деді, біз – бүкіл әлемде тұрмаймыз, бірге өмір сүрмейміз, бар жақты аңдамаймыз, сондықтан, ештеңе көрмейміз, ешкімді аңғармаймыз, себебі, жарық дүние көз жеткен жерге дейін, ой жеткен жер – таным шекарасы, одан ары – құрдым, мейлі, ақ па, қара ма, түпсіз бе, шексіз бе, бәрібір.

Адам – көңілдің құрбаны. Барда – күштіміз, жоқта – әлсіз. Құдыреті күштіден – бейшара.

Сана – ой мен объективтік дүние арасындағы өткел, дәнекер. Материя туралы барлық ақпарат осы көпір арқылы өтіп келе жатып идеяға айналады, қоршаған орта көрінісі санадағы суретке, табиғат – болмысқа.

Қайта – қарағайлы орман. Жалаңаш шың-құздары көкпен таласқан Қарқаралы тауларының ерекшелігі, менің сағынышым, елді ойласам, көз алдыма қатар-қатар тізілген қасқыр құйрық қарағайлар келеді.

03.04.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here