Дидар АМАНТАЙ

ТАҢНЫҢ АТЫСЫ, КЕШТІҢ БАТЫСЫ
Новелла

Көше жақтан дыбыс шықты. Жүре бастаған көліктердің шуылы арасынан айқын жеткен аяқ дыбысы. Өрілген, топырақ байлаған, қызыл қоңыр тасты сықыр-сықыр басады. Тротуар тура бастап бара жатып, қиылыста шұғыл оңға бұрылады, бұл – шығыс аялдамаға апаратын, шұғылаға қарсы жол. Таяу маң, ертеңгілік ерте ашатын кафе-ресторандардан кофе иісі аңқыды. Хош иіс терезеден кіріп, бөлмені алып кетті.

Енді жаңа піскен жас тоқаштың жұпары жетті. Екі-үш адам түсіріп жатыр. Сірә, сергек, тез қимылдайды, дүкен қоймасына ағылып тасымалданып жатқан ағаш жәшіктер іштен сыртқа тізіліп қайыра кері қайта бастады, екі-үштен қалап-қалап жиып әкеліп, машина бортына лақтырады, тастап жібергенде, бір-біріне сартылдасып тиеді, соғылысады, түскенде – дүрс-дүрс етеді.

Жүргінші бағдарынан ауытқымай, тік жүрсе, аялдаманың өзі көрінеді. Әдетте, таңертең кісі қаптап тұрады. Бірақ, жиылған шоғыр, көліктер қатынаған сайын, жұқара түседі. Қалың елден қарайған шағын жұрт, қара орман халықтан селдіреген топ қалады.
Кенет дыбыс бірте-бірте алыстап, құмыға берді, тоқтағанда, жойылып кетті. Екіншісі, үшіншісі, төртіншісі пайда болды. Сосын, қаптады.

Ұйықтап кетіпті. Күн тас төбеге көтерілгенде оянды. Ол іргесінен өтіп бара жатқан аяқ дыбысын естіді. Бірақ, қазір кісі азайған, тегіс кабинет, офис, дүкендерге тараған. Көп жолаушы қала ішіне сіңді. Негізгі бөлігі кеңселерде шоғырланды. Босағадан жоғары, жоғарыдан төрге озып, үнсіздік орнап, тыныштық жайлаған ғимараттарға тығылды, тыста қала тіршілігі қайнап, қыза бастаған, қырда, түзде, сайын дала – жым-жырт.

Қым-қуыт дүние. Құлағы түрік, әр дыбысты аңдып жатады. Мұқият. Дыбыс уақиғадан белгі береді. Мән-жайынан сыр шертеді. Құбылыс дыбысынан көрінеді. Адам – дауысынан. Қоғамды үнінен танимыз, заманды дабысынан білеміз.
Көше – бірде алаңсыз, бірде аласапыран өмір. Іште – тыныштық. Қала сыртында – мәңгілік міз бақпаған тіршілік. Бірақ, тыныш өмірді тілеп пе едік. Тілеуқор көңіл жақсы пейілге қамқор. Жаман ниетке – қарсы. Ойда шешім жоқ, шешім – көздеген мүдде байлауы. Түйінді пейіл шешеді.

Жан тыныштығында екіұдай күй бар. Ол – әрі қуаныш, әрі қайғы. Толық бақыт шүкірде. Қанағат – жарты бақыт. Өзін-өзі тежеген өзгені де ұстайды. Ойлауға жеңіл, айтуға оңай.

Өзі туралы ойлады. Университет қабырғасында жүргенде бас аман, ден сау, көңіл тоқ еді. Философияны оқыған жылдары есіне түседі. Есіне түскен күні түсіне енеді. Қызық, Платон, Аристотель, Кант, Гегель, Декарт, Паскаль, Ницше, Камю, Сартр есімдерін естіп қалса, кітаптарын кездестіріп жатса, ойына жастық шағы оралады.
Құлағына ұстаздардың үні, курстас қыздарының жайма-шуақ күлкісі келеді. Бәріне кезек-кезек ғашық болып еді. Сезім тұрақсыз, көңіл айнымалы. Кейін бәрі басқа адамға тұрмысқа шықты, жігіттер қауымы түгел бөтенмен бас құрады.

Ол жалықты. Кейде қалың санды бір-біріне қосып, айырып, есеп шығарады. Нәтижесін таппай аласұрады. Ән шырқайтыны да бар. Көршілер қол шапалақтайды. Ақан сері, Біржан салдан бастайды, сосын, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, жалғасы – Үкілі Ыбырай, күрмеуі – Мәди, Иманжүсіп, сөйтіп, асқақ нотада аяқтайды.

Анда-санда, көзіне жас келеді. Кешегісін аңсайды, жас кезін сағынады. Бірақ, өмірде опа бар ма, тірліктің қайсысы баянды.

Есік ашылып, түскі ас келді. Ол қараған да жоқ. Бетінен буы бұрқырайды. Тоқашты ойлады. Тамақ деп осыны айт. Сірә, күн ыстық. Бөлме іші қапырық. Суықтан жақсы. Тиген салқынның соңы жаман, салдары – дерт.

Қазақ емінде диагноз екеу. Ертеден, ежелден келе жатқан дәстүр. Сырқатқа дауа – қос. Науқастың зауалы – жұп. Өзі де пар. Көз тиеді, суық тиеді.

Қыз бен жігіт сөйлесіп барады. Ертең – емтихан. Телефоннан көшіреміз. Жауапты қайдан, қай сайттан алатынымызды анықтау қажет. Барлық порталда бар.
Дауыстары естілмей кетті.

Әже келе жатыр. Тәубе – тәубе. Алла жар болсын. Тәңірі төбесіне тұтсын. Қолында – таяқ. Тық-тық етеді.

Ол шалқасынан жатыр. Сенбейді, осының бәрі жалған секілді, көрген түстей. Түндегісін ойласа, көңілі қалады. Әділет бар ма, аяр жазасын ала ма, қиянат зауалын таба ма.
Пенде Құдайды іздейді. Үміттенеді, жәрдем күтеді, жақсылық дәметеді. Енді келе жатқан биік өкше туфли сияқты. Бірқалыпты емес, әрі-бері бұрылып, жолды шимайлап келеді. Сірә, асығыс. Шұғыл. Тегі, маңызды шаруа, топ арасына сыналап кіріп, іргесін сөгіп, жарып шығады, жан-жағына қарамайды, ілгері озады, айналып кетеді. Тықылы қатты. Екпіні үстем. Елдің жалпы тықырынан зор. Кешіріңіз, дейді де, өте береді. Сөзі – өктем. Талап етіп, бұйырып сөйлейді. Жұрт бағынады – жарылып жол ашады. Келісті келіншек жылдам, мейманасы тасып, салтанаты асады, бірақ – жұмыс көп.
Біртіндеп жоғалды. Тротуар – бос. Аяқ дыбысы азайды, емен-жарқын түстеніп, шай ішкен елдің дауыстары көбейді. Үйден жұмысқа, жұмыстан үйге, сосын, сенбі, жексенбі – демалыс, өмір дегеніміз осы. Қуаныш та, қайғы да құрдас, құрбы, бір жаста туып, бір жаста өлсе, несі бақыт, айырмашылығы не. Әйтеуір, бәрібір, – қазаға ұшырайсың. Ғұмыр – жабық есік. Қақпаны бер жақтан ашқандар әр жақтан берік жауып кетеді. Енді – жоқ. Оны қайтып көрмейсің, сөйтіп, ол да қайта айналып соқпайды. Өткендер келмейді, өлгендер тірілмейді. Дүние салғандар – дүние алмайды. Бәрі – қалады. Күн де, Жер де, құрлық та, Отан да, мекен де, ағайын да, замандас та, сосын, перзентің де, бірақ, олар да кетеді.

Баяндылық – пенденің түсінігі. Әлем де тұрақтылық жоқ. Берекеден – құр алақан. Ырзықтан жұрдай. Кеңістіктің кеңдігін, уақыттың тарлығын білмейміз емес, білеміз, алайда, алданып жүре бергіміз келеді.

Көліктер түскі астан жұмысқа қайтып жатыр. Қарбалас сәт басталды. Ғаламзат мың құбылады, ғайыр пенде бір өзгермейді.

Жүре берсең, кеңістік бітпейді, тұра берсең, уақыт таусылмайды. Бірақ, шексіздік екеуінен де асып, қайда айдалып бара жатқанын Иесінен де сұрай алмайды.
Болмысқа – бақташы.

Дауыстар қайта шыға бастады. Таңертең түсті күтіп еді, түстен кейін кешті тосты. Ертең келер күнді аңсайды, сосын, – келер жылды. Өткенге айналып жатқан осы шақтың ертеңінде қанағат жоқ.

Ол шыққан дыбыстарды айыра алмай қалды. Қабаттасып кетті… Бәлкім, көз іліп алатын шығар.

28.03.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here