КҮЙТАБАҚ
Эссе
Бозбала шақ, біз қос қабатты жаңа үйге көшіп келдік, көршіміз – әжемнің кіші сіңлісі. Есімде, нағашы апамыздың еңселі үйінде эстрадалық әуендер жазылған күйтабақтар көп болушы еді.
Оқта-текте, уақыт тауып, қонаққа барғанда, қабырға іргесінде, жүкаяқ үстінде, қаланып тұрған, қорап-қорап көп күйтабақ ішінде, маған қатты ұнайтын музыкалық композицияларды қолқалап, жиі-жиі, бірінен соң бірін, ізін суытпай қойғызатынмын.
Әсем, мұңлы ән белгісіз бір жұмбақ әлемдерге, ғашықтар өмір сүретін ертегідей ғажап елдерге, таңғажайып тылсым кеңістіктерге жетелейтін. Кенет, көз алдыма сүйген жар келбеті, ақ жүзіндегі әдемі күлкісі, көңілде өшіп бара жатқан сол бір аяулы жанның көмескі бейнесі елестеп, жүрек түкпірінде кешегіні аңсаған сағыныш сезімі оянатын.
Бөле қарындасым Зәуреш сұраған нәрсемді тыңдатуға дайын. Екеуміз бірге, бір класта оқыдық. Нағыздың өзі, дер кезіміз – он алты-он жеті жастамыз. Қиялға берілеміз, емен-жарқын әңгіме барысында ертеңгі күнді армандаймыз. Қойылып жатқан музыка әсері – терең, бізді сан түрлі мұратқа сүйрейді, кімге ғашықпыз, нені жақсы көреміз, қай пәнге қатысқымыз келеді де тұрады, бәрін жасырмаушы едік, бір-бірімізге жарыса айтып, құпия-сырымызбен емін-еркін бөлісеміз, көз алдымызға жарқын болашақ, бақытты күндер суреті келеді, келешек қуанышты күйде, ырза кейіпте ғана көрінетін.
Зәуреш екеуміз – бір-біріміздің өмірімізге куәміз. Ол мен туралы жақсы біледі, мен ол туралы шексіз шерткен әңгімесін ұйып тыңдаймын.
Класымыз – ұйымшыл. Мектеп кештерінде ән шырқаймыз, жыр оқимыз, спектакльдерден үзінді қоямыз. Соңынан – би.
Сыныптастарымның біразы кетіп қалды, ерте, тосын, кездейсоқ. Ғұмырдағы ең үлкен әділетсіздік – қаза. Жайнаған тіршіліктің жазықсыз зауалы. Серік, Жеңіс, Боранқұл, Айгүл, Азамат, Өміртай, қаралы тізім нүктесіз сөйлем тәрізді, үтірі қойылып, есіміне аты-жөні қосылып, түпкі санына толғанша, созылып кете береді, жалған дүние, алдамшы фәни, баянсыз арман-қиялдар.
Бүгін бар, ертең жоқ. Қайда жүргенімізді діннен басқа ешкім түсіндіре алмайды. О дүниеде, бәрібір, әділет орнайды, деп күтеміз, үмітіміз – үкілі, күдер үзбейміз, сеніміміз – кәміл, бірақ, басымызға күн туғанда, өткелден өтіп, бақиға аяқ басқанда, аңдаусызда, қапияда пейіш пен тамұқтың қақпаларын қапылыс шатастырып алсақ ше, дейміз, әділ уақыт келмей, бұ дүниедегі арпалысымыз о жақта жалғасып, мехнатымыз көбейіп, бейнетіміз сорға айналса, көңілге не медет, ақыл-ойына, сана-сезіміне сүйеніп, өзін зор көрген адамзат ажалы алдында дәрменсіз ғана емес, қайратсыз да, бұйрық келгенде, қолы дірілдеп, тізесі қалтырап, қорқып, үрейленіп, қауіптеніп тұрады, ізгі, игі істері ескерілмей қала ма деп, уайымға батады, жапа шегеді, қамырық жүзіне көлеңке түседі, зәресі ұшады, кететіндігімізден емес, өлімнің түсініксіздігінен осындай күй кешеміз, не арыда, не беріде орнықпай, тиянағымыз – өлім.
Күйтабақтың жыры басқа, адам бақыты туралы ән шырқайды, махаббат қиссалары шаттыққа бөлейді, жасампаз мұраттарға бастайды, асыл ойларға шақырады.
Ән қойып, биік терезелер алдында отырар едік. Әр маусымда – әртүрлі пейзаж. Бірде, жаз, бірде қыс, ара-арасында көктем мен күз атмосферасы, басы сайран, түбі ойран, озар сойды бұ дүние әсері, бізді адам тағдыры, пенде ғұмыры туралы ойлануға жетелеуші еді.
Бір-бірімізден қолтаңба сұрап, ән дәптерін ашатынбыз. Бірі жақсы тілек қалдырады, бірі сәнді әуеннің сөзін жазады, достығымызға куә, естелігімізге мәңгілік сипат бұл дәптерлер қайда қалғанын қазір ешқайсымыз білмейміз. Бір кілетте шаң басып жатыр ма, әлде тозып, іріп кетті ме, мүмкін, баяғыда-ақ, жіңішке мұқабасы жыртылған, парақтары жұлынған күйі пеш түбіне отқа тасталып, жанып, өртеніп, қайырсыз дүниеден біржолата жоғалды ма…
“Ялла” тобы орындауындағы, Омар Һаям сөзіне жазылған бір ән есімнен кетпейді – “Лицо возлюбленной моей”, сосын – “Городские цветы”.
Бүгінде, күйтабақтар – мұражай жәдігері. Таңсық ән жоқ, бәрі белгілі, бүкіл жерден естіліп тұрады, радио қоссаңыз да, теледидар қойсаңыз да, ұялы телефон ашсаңыз да, ноутбук жайсаңыз да, тіпті, дүкен, boutique, luxury spa, multiplex барсаңыз да, троллейбус, трамвайға мінсеңіз де, барлық жерден музыка үні шығады.
Дүние жүзі – ән салған, ән қойған, ән тыңдаған – бір үлкен залға айналды, бағымызға қарай, іздеген тауарымыз да, ішетін тамағымыз да ішінде.

21.03.2020

 

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here