Дидар АМАНТАЙ

АЛЬБЕР КАМЮ: “ОБА” ҚАЙТА АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ
Эссе

Тоқсаныншы жылдары шекара бағандарын құлатып елімізге батыс еуропалық әдебиеттің озық үлгілері енді ағылып келе бастағанда, біз естіген модернистік авторлар ішінде Альбер Камю есімі ерекше аталатын еді.

Жан-Поль Сартр, Томас Манн, Франц Кафкамен қатар Альбер Камю деген қаламгер-философ та жадымызда жақсы сақталып қалды.

Оның кітаптарын қала дүкендерінен іздеп, Алматы шаһарын шарлайтын едік. Карл Маркс қиылысындағы Гоголь көшесі бойында букинистік тамаша сауда дүкені болатын, дәріс барысында жазып алған авторларды, негізінен, сол жерден табатынбыз.
Жазу мәнері жағынан кемел, эстетикалық талғам тұрғысынан айрықша, “Бөгде”, “Оба”, “Құлдырау” тәрізді үлкен, үздік шығармаларымен қатар, “Үнсіздік”, “Күйеуінің көзіне шөп салған әйел”, “Йона немесе жұмыс үстіндегі суретші” әңгімелері, “Жәмиләден соққан жел”, “Шөл”, “Алжирдің жазы”, “Неке тойы”, “Күнгей мен көлеңке” секілді эсселері, “Сизиф туралы аңыз”, “Бүлікшіл адам” сияқты философиялық еңбектері, қолдан қолға өтіп, бір түнде не бір аптада, жатақханаларда, екі-үш жатын орындық бөлмелерде түбіне шейін түгел оқылатын, сол заманда өздері сатып алуға екінің бірінде қаражат бола бермейтін.

Жалпы, Камю шығармашылығы үш кезеңге бөлінеді. Оның аумалы-төкпелі отызыншы-қырқыншы жылдары бастан кешкен экзистенциалистік дәуірі кейінгі туындыларына қатты әсер етті, басқа жазбаларында үлкен із қалдырды. Екінші кезеңге жататын “Оба” атты романы ұжымдық жауапкершілік туралы сөз қозғайды. Бір адам үшін бәрі, бәрі үшін бір адам жауапты деген философиялық мәселе көтереді.

Оран қаласын жаулаған “Оба” романы – бүгінгі коронавирус нәубетін еске салады.
Шығарманың бас қаһарманы дәрігер Бернар Риэ карантинге түскен елді мекен тыныс-тіршілігі туралы оқырманға сыр шертеді. Эпидемия кезінде, обаға қарсы дәрі-дәрмек күрт қымбаттап кетеді, орта шаруа, жарлы-жақыбай кедейлене түседі, бай тұрғындар карантин тәртібін бұзып, кафе-ресторандарда қала ашылуын күтіп, күні-түні ұзақ сауық-сайран құрып жатады.

Контрабанда күшейеді, арзан дүниенің құнын өсіріп сатқан спекулянттар көбейеді, бірақ, атжалмандар өлімінен басталған, елеусіз келген нәубет ақырында бүкіл қоғамды шошытып, ақыл-есінен айырады, жұрт ағайын-туысынан қашып, жерлеу бюросы күнде таңертең жиналып, үйіліп қалатын жансыз дене, өліктерді рәсімдеуден бас тартып, қазылған орға, жақын-жуығы іздемеген, бейтаныс, бөтен, иесіз мүрделерді, көліктерге артып әкеліп, көме береді. Көмуге күші жетпегенде, алау жағып, отқа тастайды.

Әуелі дәрігер үйінде босағадан қарсы алушы (привратник, gatekeeper) қайтыс болады. Басында ешкім аузын ашып келе жатқан аждаһа оба екенін білмейді. Бейқам жұрт күн санап өлгендер саны арта түскеніне де аса бір мән бермейді, Риэ дәрігер Парижден ем-іріткі (іртік, сарысу, “сыворотка”) алдыртады.

Бір күні көзтаныс ескі пациенті Гран дәрігерге келіп, көршісі Коттар өзіне-өзі қол салғаны туралы айтады, алайда, ол, бәрібір, тірі қалады.
Дәрігер Коттардың соңғы кездері жүріс-тұрысы, мінез-құлқы қатты өзгеріп кеткеніне көңіл аударады. Ол аса кішіпейіл, қамқор, елгезек болуға тырысады. Бұл қылығы күдік туғызады.

Дәрігер Риэ жорналшы Раймоном Рамбер мен Жан Тарру деген таныстарымен бірге обаға қарсы күресті өз қолдарына алады.

Бірақ, Рамбер, көп ұзамай, Оранды жатсынып, Парижге асығады. Бірақ, ол қанша талпынса да, қаладан шыға алмайды. Риэ күн демей, түн демей елді қырғыннан аман-есен сақтап қалуға бар күшін салады.

Карантин кезінде қисапсыз байыған Коттарға да зауал жетеді, оны полция ұстап, сот қолына тапсырады.

Емделіп, жазылып шыққан жұрт үйлеріне тарап, ғимараттарын, қора-қопсыларын өртейді. Жын шалғандай күй кешеді.

Сәуірде басталған оба қазан айында тоқтайды. Костель жасаған дәрі нәтиже бермейді.
Оба – өзі келеді, өзі кетеді, бірақ, қайта айналып келмесіне ешкім кепіл емес, себебі, оба мәңгі өмір сүреді, жаулауға қашанда дайын, оба үшін адамзат цивилизациясына кез келген уақыт жол ашық.
Оянбасақ…

Италия мен Францияда Альбер Камюдің “Оба” романы жүздеп, мыңдап сатылып жатқан көрінеді.
21.03.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here