КЕНЕСАРЫ-НАУРЫЗБАЙ
Әңгіме

Бала жүзіне күн сәулесі түсті. Ол көзін сығырайтып, өзіне қарап тұрған камераны көрді. Камера тақап келді. Сәбидің бейнесін үлкейтіп көрсетті.
Мотор. Таспа айнала бастады. Бүлдіршін кейін шегінді. Үнсіз. Күлімсіреді. Күн жылы. Жайма-шуақ. Шілде айының шұғылалы күндері.
– Сіз кімсіз? деді сәби.
– Red One.
– Red One?
– Иә.
– Мен Сізді білемін.
Сәби жауап күтіп тұр. Көше жақтан автомобиль шуылы естіледі. Әредік автобустар үні шығады. Жаздың қарбалас тіршілігі. Іргеден өтіп бара жатқан жас балалардың жайдары күлкілері құлаққа жетеді. Бәрі бір-біріне ілесіп компьютер дүкеніне бара жатыр.
– Қайдан?
– Ұялы телефонда суретіңіз бар.
– Шын ба?
– Шын.
Ол камераны танымай тұр. Дөңгелек шыны төніп барады. Жоғарыдан түсіруді ойлап, штатив созылып келеді. Кенет Red One камера қол жетпейтін биіктен көрінді.
– Қазір құлайды, – деді сәби.
Red One төмен сырғыды. Оператор ұстай алды. Бірақ, камера өшкен жоқ, түсірілімін жалғастыра берді.
Өзіне топы жарасады. Түрлі өрнек салып, қым-қиғаш көп кестелеген шимай әдемі. Жасы үш-төрттің шамасы.
– Нешедесің?
– Білмеймін.
Ол үш саусағын көрсетті.
– Рас па?
– Рас.
Күн құйып тұр. Қасқыр құйрық қарағайлар керенау қалғиды. Үп еткен жел, күбір еткен ел жоқ. Қылқан жапырақтар қимылсыз қалпында жан-жағына тыныштық орнағанын паш етеді.
– Үйден шықтың ба?
Бала ойланып қалды. Есіне бірдеңе түсіріп жатыр. Қой көздері – байсалды, мағыналы, терең. Кенет жүзі күлімсіреді.
– Сіздің қайда тұратыныңыз енді есіме түсті.
– Кеше сені бірінші кіреберістен көрдім.
– Иә.
Ойға шомды.
– Біз көршіміз.
Оператор күліп жіберді.
– Мен кеттім.
– Қайда барасың?
– Үйге.
– Жай ма?
– Ұялы телефонымды әкеліп, Сізді түсіремін.
– Жақсы.
– Күтесіз бе?
– Күтейін бе?
– Күтіңіз.
Сәби теріс бұрылды. Үйдің қалтарысына жете беріп, ары өтті де көзден таса болды. Сосын, қоңырау соғылып, пепілдеп есік ашылды.
– Кірдің бе? – деді анасы.
– Жоқ.
– Тағы шығасың ба?
– Тағы шығамын.
Бала бір нәрсе іздеп жүр. Терезе жақтауларын қарады. Төсек-орнын қопарды. Шкафтарды тінтіді. Кітап-қағаздарын, үстел үстін ақтарды. Жоқ.
– Ана, менің телефоным қайда?
– Үйді төңкеріп кетпе.
– Шұғыл қажет.
– Қайтесің оны?
– Кино түсіремін.
– Бәрі бітіп, сен қалып едің.
– Қазір кино түсіру білмейді, – деді ол телефонын ақтарып жүріп тауып алып.
– Сен білесің бе?
– Білемін. Түсіріп жатқанда екі жақтан сөйлесіп тұруы керек.
– Сонда, не фильм шығады?
– Ешкім өтірік айтпайды.
Сәби асүйге келді.
– Түскі ас ішпеймін.
– Е, неге?
– Жұмыс.
– Кеше де жұмыс еді, бүгін тағы жұмыс па?
Анасы көже жасап жатыр екен. Қасықпен дәмін көрді де, бір тамсанып қойды.
– Тамаша.
– Кино түсіремін.
– Кеше Рұм империясын бағындырып жатыр едің ғой.
– Бүгін демалады.
– Тарих күтіп тұра алмайды.
– Екі мың жыл күтті ғой, мен туғанша.
– Енді күтпейді.
– Әскер шығарып кетейін бе?
– Ғұндар қайда?
– Осында.
– Дұрыс.
– Византия – тас-талқан.
– Ерте талқандап қойған жоқсың ба?
– Тарихи күніне дәл келуі керек пе?
– Әрине.
– Онда, Еділ батырды қайтарамын.
Ол ғұн әскерлерін Дунай өзені жағалауына топтастырды. Еділ батыр шатырына кетті. Ертеңгі соғысқа дейін тынығып алуы тиіс. Телефонын ұстап, есік алдына шықты. Шықса, оператор жоқ. Сірә, кино түсіруге жалғыз кетсе керек, онсыз. Бірақ, ол қапаланбайды, үш жүздің соңғы ханы атанған ұлы қолбасшы Кенесары жорығын жалғастырады, қазақ мұраты үшін атқа қонған ерлерді, жойқын батырларды, төре-төлеңгіттерді соңынан ертеді, қиқулап майдан ашқан әскердің бір шетінде, мүмкін, дәл ортасында, әлде, тіпті, алдыңғы шебінде семсерін білеп, қылышын бұлғап, жауға қарсы шауып бара жатады.

15.03.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here