Дидар АМАНТАЙ

ШЫНАРМЕН БІРГЕ
Эссе

Сіз. Көргенде, көңіл бөле қоймадық. Қарадық та, терезеге тақап, шалқасынан ашып жібердік, қайыра теріс айналдық. Сәуірдің жұпары бөлмеге құйылды. Қашықтан тіл қаттыңыз. Біз де көзіңізге түскен жоқ едік. Бірақ, Сіз.

Кітапты аштыңыз. Назарыңыз мен жақта. Кірпігіңізді серпе қайырып, ұрлана қарайсыз. Сірә, бәрі қызық. Жас кезімізде бәрі қызық. Әсілі, бала шақта көрмеген, білмеген алғашқы нәрсенің бәрі қызық.

Шын, дәл есімде, ұмыта алмадық, нақ өзіңіз, қайта жүздескенде, жаныма шоқ тастадыңыз, өмірімді кенет өрт шалды, Бұл – даңқым асып, дабыраға іліге бастаған кезім.

Ғашық болдық. Дүние өзгерді, әлем құлпырды, уақыт ауысты. Енді үнемі бір сағат алдамын.

Елден бұрын жетіп алатынды шығардық. Үнемі алаңдап, елеңдеп, аңсап Сізді іздеп тұрамын. Кешігіп емес, асығып жүремін. Шақырған жерге ерте барып аламын.
Біреуінен қалсам, бәрінен қалатындай көрінемін. Сондықтан, ешқашан кешікпеймін. Өйткені, барлық кездесудің соңында Сіз тұрсыз.

Қалай болған күнде де, көз жазып қалмауым тиіс.

Жаңсақ басқым келмейді. Бірақ, қалай адасқанымды өзім де білмеймін. Сізді ертіп, жұмысқа да, сабаққа да баратын едім. Бірге дәріс тыңдаймыз, бірге таласамыз.

Дәлірек, мен дауласамын, Сіз қоштап үнсіз отырасыз.

Мені ешкім жеңбеуі тиіс. Жүзіңізді көлеңкелемеуін маған бұйырасыз, қуанышым тарқамауы – Сіздің қолыңызда.

Әдебиетке сендік. Өнерді құлай сүйдік. Өз көзқарасымызға – берікпіз. Беріспейміз, мейлі, бір, жүз, мың адам болсын, ақтығымызға шәк жоқ, қасымда – сүйген жар, қолымда – жақсы көрген өнерім, адамға енді бұдан артық қандай бақыт керек.

Шалқып өмір сүрдік. Дәулетім шайқалады деп ойлаған емеспін. Қас-қағым сәт екен, бүгін бар, ертең жоқ, тұрақты, баянды – бір Тәңірге деген құштарлық қана. Қалғаны – өтеді.

Өткен нәрсенің ізін таппайсыз. Көзден кеткен көңілден де кетеді.
Кеше ғана. Енді, жоқ. Қандай кез еді. Екеуміз де қылшылдаған жаспыз, мен шынардай биікпін, Сіз – ердің ажарысыз. Бойымыз сұңғақ, ойымыз сұңғыла.

Жұрт қызықты. Рас, жұлдызымыз жарасты, жұбымыз жазылған жоқ.
Кейде, қайдан қырсық шалды, неден көңіліміз бұзылды, деп ойлаймын. Бәрі дұрыс келе жатқан сияқты еді. Иә, аярды көрдік, залымды байқадық, жауды аядық. Жау қайта шапты. Өкпе тұстан келді.

Өкінішім жоқ. Реніш те. Өзіңізді көргеніме де ырзамын. Бұ дүниеде кездеспей кетуіміз де мүмкін еді.

Ғұмыр деген көппен бірге екен. Көптің ортасында жүргенге не жетсін! Көп, шіркін, кеңістік пен уақытқа ес, келешектің мәні, өткенге – жады.

Тағдыр мені жалғыздыққа байлады, бірақ көпке деген махаббатымды жоя алған жоқ.
Мен көпті сағынамын, көп уақытымды аңсаймын, Шынар. Бір күні келіп бақыт мені көптің ортасына алып кететіндей көрінеді. Сол кезде жалғыздықта жазып жатқан көпке арнаған кітабымды қалың жиналған көпшілік қауымға дауыстап оқып беремін.

06.03.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here