Нариман СЫЗДЫҚАН

ЕР АҒАСЫ

эссе

Ерлан Төлеутай. Бүгінде бұл есімді күллі қазақ жұрты біледі десек артық болмас. Ерағаңмен сонау 90-жылдардың ортасында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің қабырғасында танысып едік. Сол кезде ол кісі ҚарМУ-дің жастар комитетінің төрағасы. Жалындап жүрген жас кезі. Ағалық қамқорлығымен, жаурап жүрген бізді бірден баурап алды. Ол кезде отызды орталаған Ерағаң бүгінде ердің жасы елуді еңсеріп ел ағасы атануда. Бұл мақала негізі Ерағаңның елу жылдығы қарсаңында жарыққа шығуы тиіс болатын, аяқ астынан денсаулық сыр беріп мұрша болмай кейінге қалып қойды. Дегенмен жақсыны дәріптеу кештік етпес. Сондықтан біз өз көрген, түйген, білгеніміз арқылы ердің елі алдындағы атқарған қызметіне шағын шолу жасауға тырыспақпыз.
Сол тоқсаныншы жылдардың орта тұсынан бастап Ерағаңның бойынан Қарағанды жастарының көшбасшысы ретіндегі тұлғалық қасиетін тани бастадық. Ол кісі сол жылдары өзінің сүйікті ісі әншілік, композиторлық пен өнертанушылықты қамтитын шығармашылықпен қоса айқын азаматтық ұстанымымен қоғамдық маңызды шаруаларға араласып қайраткерлік қырын паш ете бастады.
Ерағаңның қоғам қайраткері ретінде іргелі ісшараның ұйытқысы, бастаушысы болған кезең ол – Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының негізінде жастардың “БОТА” (білгірлер, ойшылдар, тапқырлар, алғырлар) интеллектуалдық орталығын құру болды. Бүгінде күллі елге мәлім “БОТА” орталығы республика жұртына танымал талай азаматтың тұсауын кесті, өмірлік бағытын айқындап жолын ашты десек артық болмас. Ерағаң бастаған Омар Жәлелұлы, марқұм Мартбек Тоқмырза, Жадыра апайлар қостаған аға буын өздерінен кейін өсіп келе жатқан іні буынға қамқоршы бола білді. Үлкен құрметке лайық осы тұлғалар 90-жылдардың орта тұсынан бастап әртүрлі қоғамдық маңызды мәселелерге жастардың назарын аудара отыра олардың бойында қоғамдық, азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастырып өнегелі тәрбие бере білді. Біз ол кісілердің шапағатын сезініп, қамқорлығын көре, тәлімін тани білдік. Сол үшін басымызды иіп үлкен алғысымызды айтамыз.
2000-жылдардың бас кезінде Ерағаң, қайраткерлік қасиетін ұштаған сала журналистикаға ден қойды. Алғашында Ақтөбеде шығатын “Алтын Орда” газетінің меншікті тілшісі болса, кейіннен негізін тарлан жазушы, философ, кинематографист Дидар Амантай қалаған ұлт жанашырлығын мұрат тұтқан “Алашорда” газетінде бас редактор қызметін атқарды. Сол жылдары Ерағаңның кәсіби тележурналистік әлеуеті кеңінен ашылған “Қазақстан-Қарағанды” телеарнасындағы көпжылғы шыжығы мен қызығы мол қызметі де басталған еді. Аталған телеарнада Ерағаң қоғамдық өзекті тақырыптарды арқау еткен, сол мәселелерді шешуде қоғамдық пікір қалыптастыра білген көрерменнің көзайымына айналған “Үт” бағдарламасын ашып, жүргізді. Сонымен қатар қазақтың классикалық әншілік өнерін дәріптеуді мақсат еткен “Жансарай” бағдарламасының да авторы болды. Аталған бағдарлама арқылы бүгінде алдамшы “фанерлік” эстраданың көлеңкесінде қалып қойған, есесі кеткен қазақтың төл өнері – дәстүрлі әншілікті ұлықтады, мүддесін қорғады.
Ер Мәди, өр Мәди. Ерағаңның бірде айтқаны бар еді “Мәди менің бойтұмарым” деп. Соның мысалы ретінде өмірі өнерінің өзегіне айналған, әділдікті ту еткен, замана ағымына қасқайып қарсы тұрған азаткерлік рухтағы музыканы паш етіп өткен Мәди Бәпиұлы туралы бейнебаян түсірді. Өмірі бойы Мәдиді ұлықтап келеді, ұлықтап өтпек. Өзі де Мәдише өмір сүруде.
Өнердегі, өмірдегі тазалық үшін әркез арпалысатын Ерағаң өнері, журналистік қызметімен қоса ғылыми зерттеушілік, өнертанушылық қызметін қоса алып жүре алды. Қанша жерден тұрмыстың таршылығын көріп жүрсе де жанкештілігінің арқасында бүгінде өнертанушы жастарға әдістемелік құралға айналған “Баянаула әншілік дәстүрі”, “Жүсіпбек Елебеков” атты естелік монографиялық зерттеулерін жарыққа шығарды. Қолжазба күйінде өз кезегін күтіп жатқан әлі де біраз еңбектері бар екен.
Ерағаңның бойындағы елдік масштабқа жететін потенциалды байқаған жерлесіміз, сол кезде “Қазақфильмде” бас редактор болған Дидар Амантай 2010 жылдары ол кісіні редакторлық қызметке шақырды. Сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың енді киносценарист, редакторлық, режиссерлік қырлары ашыла бастады. Бүгінде қазақ киносының алтын қорына енген “Жаужүрек мың бала”, “Алмас қылыш”, “Қазақ елі” сынды кинотуындылардың жарыққа шығуына тікелей атсалысты. Сонымен қатар ол кісі қазақ деректі филмінің бүгінгі дамуына үлкен үлес қосып келеді. Ерағаңның тікелей бастамасымен, қатысуымен “Жүсіпбек Елебеков”, “Қаздауысты …би” сынды оншақты деректі фильмдер жарыққа шығып көрерменге жол тартты, көңілінен шықты, жадында қалды.
Қазақ жастары саясатында, әншілік өнерінде, журналистикасында, өнертануда, кино, деректі фильм саласында бүгінде Ерлан Төлеутайдың өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, сүрлеуі салынған.
Елбасымыздың “Рухани жаңғыру” бастамасын шынайы түрде жүзеге асырып жатқан белді азаматтың бірі һәм бірегейі осы Ерлан Төлеутай ағамыз. Ол кісі өз өнегесімен өміріне, өнеріне, еліне адал азаматтарды тәрбиелеп жауапкершілікті қоғамды қалыптастыруда зор еңбек етуде. Ерағаңның осы атқарып жатқан әралуан қажырлы еңбегі бүгінде қандай марапатқа болса да лайық.

Нариман Мәжитұлы
15.01.2020 ж.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here