Дидар АМАНТАЙ

АЛТАЙ ЖЫРШЫСЫ

Кеше жазушы Әлібек Асқаровтың “Олжас кітапханасы” Баспа үйі жарыққа шығарған “Алтайда алтын күз еді” атты повесін оқып шықтым.

Кітап Жәнімхан атты кейіпкердің шығармашылық тағдыр-талайы жөнінде. Сәлима, Гүлзина, Ералы, Мұнарбек тәрізді есте қалатын бір топ айшықты қаһармандары бар.
Шығарманың тілі жатық, шұрайлы, сюжеттік желісі анық, түсінікті. Модернистік сурет, заманауи өнер туралы дәстүрлі үлгіде жазылған жақсы туынды.

Автор пафосты тежеп отырады. Қуаныш, қайғыны суреттеген кезде, ұстараның жүзіндей көркемдік өткір шындықты фальш жібермей кейіптеп, қауіпті тұс, күмәнді жағдайлардан жіптігін білдірмей өте шығады. Десек те, классикалық талап-ізденістерге тән эпитеттік теңеулер, тұрақты сөз тіркестері мәтінде көп кездеседі.

Бірақ, құнарлы сөздің қуатты ойға жетелейтіні де бар. Автор уақиға желісінен бой тартып, Алтайдың сұлу табиғатын бейнелеуге көшкенде, өзгеріп, құлпырып сала береді. Өзін-өзі енді тапқандай кең көсіледі, таңғажайып сыршыл әңгімешіге айналады, әдемі, ұтқыр сөздерді молынан келтіріп, түйдек-түйдек ой тастап, шығарманы еркіндікке шығарады, сюжетке байламайды, оқырманды тылсым әсерге бөлейді.

Кез келген сюжет – бұрынғы. Көзтаныс, жүзтаныс уақиға. Елді таң қалдыра алмайсыз. Ал еркін проза – жаңалықтар жаршысы. Нағыз шығармашылық. Автордың ұрымтал тұсы сюжеттік желі болса, ұтымды жері – ақындық прозасы.

Жазушы Әлібек Асқаров – Алтай жыршысы.

Қаламы жүрдек, сергек ойлы. Буниндік жолдың өкілі. Спандияр Көбеевтің “Қалың малындай” көркем шығармалары сөзімізге куә, пікірімізге айғақ.

Қалағаң, Қалихан Ысқақ мектебі.

Теміртау, 12.01.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here