Дидар АМАНТАЙ

ЕЛДЕ

эссе

Қарағандыға келдім. Күн суық. Ел жылы киінген. Сыртта ептеген аяз, екі арба емес, салқар көш, қақпа ашылса, есік жабылмай қалса, кіре береді. Босағада үйіледі. Ентелеп төрге озады. Саңылаудың өзіне байланады. Екпіні қатты. Қымтамағанша, қырғидай тиеді.

Шет-қиырсыз түз дала. Төсінде үркердей топтанып қарашы үйлер жатыр. Сұлудың ақ жүзіне түскен қара дақтай, алыстан қарауытып көрінеді. Қырдың ой-шұңқыры, сай-саласы толы омбы қар. Боран жоқ. Бірақ, тау-тасты аралап, беті ашылған асфальт жолды қайта ағартып, сырма жүреді. Бірін-бірі қуалаған түлкі құйрық жатаған жел. Кейде бұрқасындап кетеді. Ақ көбік ұлпа шашады. Бұрқырайды. Сіре қарды айналып өтеді. Қасат бетімен сырғиды. Оны аударып, төңкеріп тастауға күші жетпейді. Ілгері оза береді. Бірақ, сырма, зады, анық әмірші, жағдайға қожа, жаңа түскен қарды үйіп, жол бітейді, қалыңдаған тұсы сіресіп қатады, күпсек ақсақ ойылған күртікке айналады, қатынас тоқтайды, ауылдар бір-бірімен байланыса алмай, ел хабар-ошарсыз қалады.

Боранда ит пен бала құтырады. Үлкенге жүк, міндет, кішіге – ойын, ермек. Соқа тіркеген, күрек байлаған алып көліктер жолға шығады. Тау боп үйілген қар үйінділерін жарып өтіп, тұтас қатқан, құрсауланған жерінен қақ айырады. Үйменің іргесі сөгіледі. Екі араны тазалап, жол ашады.

Шыңылтыр аяз әлсіреп, жауын-шашын басылғанда, күн көрінеді. Қарға түскен сәулесі айнадай шағылысып, көз ауыртады. Кенет, арқасын кеңге салған Арқада күн жылиды, малға да, жанға да жайлы шақ орнайды.

Қыс ортасы. Екінші мизам шуақ келеді.

Теміртаудамын. Қалада қардың түсі қоңырқай, бұрын, тіпті, бұдан да қатты қара болатын, көмірдей емес, десек те, шаң-тозаң кірлеткен түсі айрықша еді. Қазір шахтаның саны аз, қатары сиреген, кеншілер отаны жүдеп тұр.

Қарағандыға тойға келдік. Мерейтой мезгілге қарамайды. Қыста да, жазда да осы. Қарбалас. Дүрбелең. Той-думан, қызық-қуаныш өз тәртібі, ережесі, заңдылығы бойынша өмір сүреді.

Туыстарым қартайып жатыр. Әр келген сайын жасы ұлғая түседі. Сыртта жүріп байқамай да қалдық. Өмір өтіп барады екен. Өстіп, жүзге жетеміз. Жүзден соң жас сұраған да ыңғайсыз. Еңбектеніп аламыз. Алайда, ғалымдар жуықта өмір ұзарады деп жатыр. Ізденімпаз жұрт – іздеген мұратына жетсін. Жақсылықты күткенде тұрған ештеңе жоқ. Құдайдың бұйырғанын көреміз.

Ағайын-туғанның қадіріне жеткен қазақ ұзақ өмір сүруге әбден лайықты. Ұрпағы көбейсін…

Баласы көптің кәрілік алдында – қорқынышы, жалғыздық алдында жетімдігі жоқ. Перзентіне сана берсе болды. Санасы бар бала – қашанда адал.

11.01.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here