Дидар АМАНТАЙ

ЕКЕУМІЗ ТУРАЛЫ
Эссе

Мен – көзіңдемін. Қарағанда, жанарыңда тұрамын. Үңіліп зер салғанда, түбіне тұнған өзімді көремін. Сен қалт бұрыласың. Тосын дөңгеленіп, басқа жақ, тау бөктері, шағын сквер, қолайлы сәкі назарыңа түскенде, тез жоғалып кетемін. Мені бейнелеген әдемі көздерің ай қабақ алтын кірпіктерін серпе тастағанда, жүрегім қозғалады.
Кейде тағы жарқ етемін. Езу тартасың. Жайма-шақ күлкім көрінеді. Бір-бірімізді қия алмай жанымыз қиналған сәт. Қайта-қайта қарасамыз.
Кейін, соңыра – менің бейнемді ығыстырып, маңдайы жарқыраған, әнге толы кафе-барлар қара береді. Біртін-біртін көзіңдегі мұңға батамын. Енді күлкім көмескі. Тұмандаып барып, біржолата өшемін.
Содан бері бір-бірімізді көрмедік.
Шойын жолмен сартылдатып келе жатқан ескі трамвайға, қалқиып көрінген жаңа троллейбусқа, тіпті, қаптаған бүкіл қала көліктеріне, тосын, кенет тесіле қадала қалғанда, жайбарақат, ақырын бұлыңғырланып келе жатып, аяқастынан көз алдыңнан көлбеңдеп кетпей тұрып алушы едім.
Сол уақыт өтті.
Тегі, суығанда – көңіліңнен, ұмытқанда – өміріңнен жоғаларым сөзсіз, деп бір-бірімізге айтушы едік.
Жер ортасынан астық. Көп нәрсенің қызығы кетті. Иә, уақыт өтеді, кеңістік тарылады. Сол кезде қарттық та келеді. Бақыт жайына қалады. Кәрілікте қуаныш бар ма, жастықта бейнет бола ма.
Көздерің айтып тұр. Жас ақын “келе жатқан уақытта бақыт бар” екендігін паш етеді. Ерте жазыпты. Бірақ, сол уақыт таза кешікті. Біз іздеген мағына тыныштықта өмір сүреді. Қарбалас шақта жеткен бақытқа тыныштық қайдан келсін.
Әуреге салады. Ғұмыр сарқылғанда, мазалап қайтеді, бәрібір оңбайды. Уақыттың бәрі – оңбаған. Ішінде адамы жоқ.
Мен көздеріңді ғана есіме аламын. Шіркін, көз деген адал ғой, көзден адамның жан дүниесі түгел көрініп тұрады. Бірақ, жүрегіңнің ішінде не жатқанын білмедім. Қазір ол жұмбақтың да маңызы жоқ.
Уақыт дер кезінде ғана бақытты.

06.01.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here