КІСІЛІК МЕКТЕБІ
(Фин оқу жүйесі жөнінде)
Эссе

Қазір дүние жүзі бойынша Фин білім беру жүйесі топ жарып, жүйрік танылып отыр. Бұл – терең ойлы үлкен философияға құрылған жүйе.
Негізгі шарты – алты: теңдік, тегін білім, жеке талап, практикалық пайдалылығы, бір-біріне деген өзара сенім.
Фин мектебі бала бақшасынан басталады, орта мектептерде жалғасып, жоғары оқу орындарынмен аяқталады.
Бірінші шарт – теңдік идеясы. Оқушы оқушыға тең. Тең праволы. Ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас та теңдік идеясына құрылған. Балаға үлкендер көзімен қарайды, мәселесін түсінеді, ақыл-кеңес береді. Тәлімгердің пікірі – аса маңызды. Мұғалім мен оқушы – бір-біріне көмекші.
Қол көтермек түгілі ұрсып-жекуге, демек, қорлауға, балағаттауға қатаң тыйым салынған. Тыйымның артында заң тұр.
Тең дәрежеде сөйлесу – кісілік ойдың белгісі.
Теңдік идеясы алты бөліктен тұрады: мектептер теңдігі, пәндер теңдігі, ата-аналар теңдігі, шәкірттер теңдігі, ұстаздар теңдігі, үлкен мен кіші теңдігі.
Финляндияда, мектептердің барлығы – негізінен, мемлекет меншігінде. Жақсы/жаман деген мектеп жоқ. Бәрі – сапалы. Сонымен қатар, лицей немесе гимназия, арнаулы мектептер тағы жоқ.
Бар пән бірдей оқытылады. Бірін сағатын азайтып, бірін сағатын көбейтіп, бәйгеге қосқандай, кешеуілдетіп не оздырып, ешкімді әлекке салмайды. Бір пәннің дәрежесін жоғарылатып, екінші пәндікін түсіріп, елді дүрліктіріп жатпайды. Тең оқытылады.
Бала қандай отбасынан шыққаны туралы сұрауға болмайды. Әлеуметтік жағдайы ұстаз/шәкірт қарым-қатынасына еш әсерін тигізбеуі қажет. Озат оқушы/үлгерімі нашар оқушы деген түсінік те, градация да, көзқарас та жоқ. Қиын есепті шығара алмай қиналса, оңай есеп береді, меңгерсе күрделілеуін ұсынады.
Оқушылардың жалпы үлгерімі бірдей биік деңгейде. Ешкімді бөліп-жармайды. Мүгедек тәлімгер аяқ-қолы бүтін оқушымен бірге бір класта оқи береді.
Екінші шарт – тегін білім идеясы. Бұл – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі. Білімді қоғамның ғұмыры да сапалы. Білімді экономикаға білімді азаматтар керек.
Әр оқушыға – жеке талап. Демек, әрбіреуіне арнайы жеке оқу кестесі жасалады. Оқушы қызыққанын оқиды. Әдебиет немесе өнер сабағында кино көрсетіліп жатса, егер ол бір-екі шәкіртке ұнамаса, олар кітап оқып отыра беруіне болады.
Төртінші шарт – оқу мен өмірдің, білім мен өндірістің арасындағы байланыстан туатын қағида.
Егер белгілі бір тақырып ескірген болса немесе қажеттілігі жойылса, онда оны оқу жоспарынан, яғни, оқу кестесінен алып тастайды.
Соңғы, бесінші шарт – өзара сенім. Ұстаз балаға, ата-ана ұстазға, ұстаз мектепке сенеді.
Сабақ, әдетте, жайма-шуақ атмосферада өтеді. Ұстаз/шәкірт бір-біріне кепіл. Тәуелсіз. Дербес. Әрі ұстаз шеберліктің шыңына шыққан, шәкірт – енді аяқ басып келе жатқан тұлға.
Мектепке, ұстазға, шәкіртке деген кісілікті көзқарастың нәтижесі осындай.
(Жалғасы бар)

04.01.2020

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here