Дидар АМАНТАЙ

ҚЫС ОРТАСЫ ТҮСІМЕ ЖАЗ КІРЕДІ
Эссе

Есік алды – қыс. Жаз есіме түседі – бұрқырап өскен ағаш-тал, қаулап шыққан көпжылдық гүл, тізіліп жатқан көкөніс, әр жерден серейіп көрінген шашақты күнбағыс.
Шілде. Ойымнан кетпейді. Қыс ортасы түсіме жаз кіреді. Жаз маусымында күлкі көп, уайым аз.
Қыста ой басым, жазда көңіл иесі – сезім. Қаңтар, ақпанда жазды сағынамыз, жазғытұрым, көктемде елеңдеп, алаңдап күтіп жүреміз. Келмей қоятындай көрінеді. Әсіресе, қыр етегінен ала қанат қар кетпей жатып алатын құралай салқыны, қалың жаңбыр, ақ жауын күндері.
Түндері де. Ауа райы түксиіп, қара бұлт қаптап, жел тұрған сәуірде жер дегдіп, топырақ кеуіп, қатқақтанады.
Мамырдың соңы – ұзақ, маусымның басы – жайма-шуақ. Күткен жазымыз күтпеген жерден көрінеді. Көгал, табалдырықтың астынан қылтияды, аяқжолдың жиегінен бой береді. Жылдам өседі, тез қартаяды. Өмірі – қысқа. Бірақ, көңілі – жайдары. Тас жарады, бірінші көктеп шығады.
Ғұмырдың тылсым күші табиғатты оятады. Не деген қайрат – топырақты қопарып, жарыққа ұмтылады. Тіршілік – қуатты. Өмір сүремін деген ниет кедергіні байқамайды. Бөгетін бұзып, жолдағысын қиратады. Шалқасынан түсіреді. Тасып төгіледі.
Ойда иірім, жылғада – ағыс, ойықта – қақ. Ой-пайымның да жүлгесі – сапар. Сылдырап ағып кетіп бара жатыр.
Қыс ортасынан ауады. Жаңа жыл – уақыттың бөлшегі емес, өзі. Уақытты қанша бөлшектесең де уақыт.
Сондықтан, әр уақытта – өмір, әр өмірдің – өз уақыты бар. Бірақ, өмір сүруге уақыт жоқ.

29.12.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here