Дидар АМАНТАЙ

БЕКЕТ НҰРЖАНОВ. ҚАЗАҚ ПОСТМОДЕРНИЗМІ
эссе
Екі мың он екінші (2012) жылы Алматыда “Өнер” баспасында Бекет Нұржановтың “Модерн. Постмодерн. Культура” атты таңғажайып кітабы басылып шықты.
Сол жылы, Әлмира Наурызбаева мерейтойы өтіп жатқан күні, ұстаз-философ маған жарық көрген жаңа кітабын сыйлады. Содан кейін, біз, қазақ елі, көп уақыт өтпей, ауыр қазаға ұшырадық: күтпеген жерден, аяқастынан Бекет Ғалымжанұлы дүние салды.
Артынан “Модерн. Постмодерн. Культура” атты кітабы қалды. Тамаша туынды, құнды еңбек, алтын қазына. Мен үш қайтара оқыдым. Сөзін белгілеп, сөйлемінің астын сызып…
Оған дейін қазақ әдебиеті мені постмодернист-жазушы деп атап үлгерді. Бір әріптесім: “Дидар Амантай жазушы емес, ол – постмодернист”, дегенді айтты. Бекет Ғалымжанұлы кітабын оқып, анық дұрыс жолда келе жатқанымды аңғардым: мен, негізінен, модерндік қаламгермін.
Бекет Нұржанов философиялық туындысына үлкен дайындықпен келген екен. Көп ізденген, түпнұсқадан қараған, жан-жақты пысықтаған, тосын тұжырымдар жасаған, әйтеуір тақырыптың түбіне жеткен.
Ой-пікірі сұңғыла, жинақы, жүйелі, зады, ұқыпты жазғаны көрініп тұр, сауатты талдағаны бірден сезіледі, тыңғылықты дайындалғаны жүйрік қаламынан білінеді. Есімде, кезінде университет қабырғасында жүргенімде, маған “XX ғасырдағы маркстік емес философия” пәні бойынша дәріс оқыған еді.
Қазақ қоғамында модернизм/постмодернизм туралы негізсіз дау көп. Бұл мәселе бойынша бір кітап оқымағандардан бастап, бір кітап оқыса да, ештеңе түсінбегендер – аса белсенді,ықпалды, беделі де зор.
Бекет Нұржанов ешкімге еліктемей, ешқандай мектепке қосылмай, басқаға көңіл аудармай, ұлы теорияларға – елеңдемей, алаңдамай, мойын бұрмай – таза өз пікірін, төл көзқарасын берген екен. Әлем философиясын өз ұстаным-тұғыры, өз таным-түйсігі тұрғысынан жете талқылаған.
Қазақстан, қазақ көзімен қараған деуге әбден негіз бар. Орыс тілді әлемнің о бастан постмодернизмді жатсынғаны, жатырқағаны белгілі, әрі аса заманауи табиғатына таңырқап, ғаламдық масштабтағы салтанатынан шошып, қабылдай алмағаны да рас еді. Ресей теріс пейіл танытты. Зұлымдық пен жақсылық туралы төл түсініктеріне постмодернизм идеологиясының күрделі образы қайшы болды.
Ал, қазақ ортасы орыс тілді кеңістіктің бір бөлігі ретінде көрші елдің стратегиялық болжамының жетегінде жүрді.
Біздің елде бұл проблемамен айналысқан ешкім жоқ . Салалық әдебиет те қат болды. Білмесе де, не екенін танымаса да, қазақтың негізгі бөлігі әлі күнге шейін қарсы. Өкінішті жағдай.
Ел постмодернизм философиясын құбыжық көреді. Ол – ойдың жемісі емес, сана қызметінен туған жоқ, біреу ойлап тапқанын да көрмедік.
Постмодернистік концепция мазмұны – тарихи қалыптасқан ситуация. Орнаған заман сиқы осы. Жақсы ма, жаман ба, жат па, туыс па, ұнай ма, ұнамай ма, еншімізге тигені, маңдайымызға бұйырғаны. Бас тарта алмаймыз, қуануға да ыңғайсыз. Ғылым мен техника дамуы, өзара тығыз байланысы, жыл сайын, жұма сайын өзгеруі “Жылдам қоғам” орнауына алып келді.
Мен “Жылдам қоғам” деген түсінік енгіздім. Ол – процесс емес, нәтиже қоғамы.
.
КІТАП МАЗМҰНЫ
Бұл кітап – кіріспесі мен күрмеуін қоспағанда, сегіз тараудан тұратын салмақты дүние: (1) XX ғасырдың үшінші бөлігінде мәдениеттің қатты өзгерістерге ұшырауы постмодерн шарттары ретінде, (2) Постмодерннің пәнаралық шарттары, (3) Постмодерн түсінігі мен тарихы, (4) Постмодернизм теориясының басты мәндік қағидалары, (5) Модерн мен постмодерн, (6) Постмодернизм, сезімталдық, кеңістік пен уақыт, (7) Постмодернизм және қазіргі таңдағы қоғам теориялары, (8) Постмодерн және мәдениет.
Кітап орыс тілінде жарық көргендіктен, кейбір цитаталар орысша қалпында берілетіні үшін алдын ала кешірім сұраймын (кейін білдім, кітап қазақ тіліне аударылған екен).
Қызықты, тартымды, мазмұнды жұмыс. Автордың ұзақ ізденгені, мәселені терең білетіні аңғарылады. Мәтіндері басында түсінуге күрделі көрінуі мүмкін, бірақ, шын мәнісінде, ақылгөйлік жоқ, тілі жатық, құнарлы, терминологиясы анық.
Көп материалды зерттегені, жан-жақты пайымдағаны, қисынды қорытындылар жасай білгені бұл кітаптың құндылығын, сапалық көрсеткішін, мазмұндық көлемін, танымдық маңыздылығын арттыра түскен.
Асықпай оқитын кітап. Деңгейі жағынан әлемдік өзі тектес философиялық шығармалардан еш кемдігі жоқ.
Автор – интеллектуал, эрудит, кәсіби. Құбылыс туралы түсінігіңіз кеңейген сайын оқу рақатына бөленесіз.
Еш өкінбейсіз. Өкіндірмейтін еңбек.
(Жалғасы бар)
13.12.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here