Дидар АМАНТАЙ

КЕМПІРҚОСАҚ
Әңгіме

Содан кейін, екі көкжиек арасында шұғыла тартылды. Бәріміз жиналып, Тәңірдің жүзін көруге бардық.
Жаңбыр бәсеңдеп, қарсы жақтан – күн жадыраған. Сосын, аспан керегедей ашылды.
Әуелі төрт бояу түзілді. Іле-шала жеті түрге ажырады. Тамшыларды жарып өткен жарық сәуле, мөлдір жауын-шашын әсерінен, бірнеше түске ыдырайды.
Біз Жарлы өзені жағасында, ауыл сыртында тұрмыз. Кемпірқосақ зеңгір көктің өңірінде сылдырап ұзап бара жатқан асыл алқа тәрізді. Сән үшін таққан шолпы, жарасымын тапқан сырға тәрізді жарқ-жұрқ етеді. Құдайдың езу тартқаны. Құбылыстың мінсіз сұлулығына тәнті болдық.
– Кемпірқосақ! Кемпірқосақ!
Дабыра жайлаған, сабырынан айрылған жер мойны қашық өлке тәрізді. Әрбіреуіміз айқайлап қалуға тырысамыз. Бір жақтан кешігіп жетіп, бір жаққа асығамыз-ау, шамасы. Қарбалас уақыт, арқа-жарқа жұрт. Көрші-қолаң – бейбіт, қоңсы ел – жарқын.
Біз шу-шу етеміз. Сайға, жыраға шүпірлеп толған, жидек іздеген жас балалармыз. Жаз мезгілі, қуаныш көп. Бәріміз әрі-бері ағызып-ағызып аламыз. Тыныштық жоқ, беймаза өмір.
Қос қаптал топ. Топылдап бір-бірімізге қарсы жүгіреміз. Төбемізде ойнаған топы желкемізге қарай сырғып, ту сыртымыздан сырғанап, топ етіп жерге құлайды.
Кешқұрым шақ, қызыл іңір басы, жаңбырлы күндері ауа райы айнымалы, жазғы шіліңгір маусым. Қазір-ақ жайма-шуақ, қазір-ақ қара жел, сосын, қара нөсер. Қырқа асып бара жатқан қызыл күн жалындап барып өшеді.
Кемпірқосақты күтеміз. Тағы шығуы тиіс. Жүзін енді бір көрсек, арманымыз жоқ. Ғасыл. Шалғын кешіп барамыз. Жазғы аяқкиіміміз малмаңдай су.
– Жерге түс, бізге кел!
– Бірге ойнайық, кемпірқосақ!
– Енді қашан келесің?
Шатыр-шұтыр. Найзағай жарқ-жұрқ ете қалады да, алысқа ұзап аспан шатырлайды, соңын ала күн күркірейді.
– Нөсер.
– Соқыр жауын.
– Кемпірқосақ жоқ!
– Қазір тағы шығады.
Шық мөлдіреп, шөп басына жабысып, ілініп тұр. Арғы қабақтан қаба сақалды жасамыс суретші көрінеді. Мольбертіне жаққан бояуын езіп, араластырып жатыр. Басы қызылдан басталды, сарымен жалғасты, артынан – қара мол құйылды, іле-шала жасылды сықты, көкті өкіртіп салды, соңыра қоңыр, ақ қосылды… кенет полотно түсі толық ағарып кетті.

– Қайтамыз ба?
– Иә.
– Ертең келейік.
– Жақсы.
– Әдемі ме?
– Әдемі.
– Ғажап қой.
– Қоштаспаймыз, кемпірқосақ.

Жасаған Ие жасанып көрінер күн алда. Әдемі күлкі алтын күн нұрына шомылып, көз алдымыздан жоғалды.

07.12.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here