Дидар АМАНТАЙ

БЕЛГІСІЗ УАҚЫТ, БЕЛГІСІЗ ЖЕРДЕ, БЕЛГІСІЗ АДАМ
(ҚазМУ-дің студент жастары арасындағы“ҮЗДІК АҚЫН-2019” жыр мүшәйрасына орай)

Мен ақын емеспін. Бірақ, өлең-жырға құмармын. Бағасын білетін, қадіріне жеткен, талантын танитын жан қатарынанмын.
Оқырмандығым бар. Пафосты жақтырмайтын, фальшті ұнатпайтын прозашы ретінде көркем әдеби жанрларда деректің көптігін жатырқап жүремін.
Поэзияға бухгалтерлік дәлдіктің қажеті жоқ. Тақырыптық баяндама жасаудың да керегі шамалы.
Бірақ, мен хабар-ошарсыз кеткен лирикалық геройды іздеймін. Маған оның қайда жүргені қызықты. Неге ұмытқаны сұрақ, бір күні тапсам, жолықтырсам, жазығым не, неге із-түссіз кеттің, деп сауалдың астына алар едім. Бұлыңғыр күндерімді айқындаған, бұлағай таңдарымды сүйген, иә, сен, дәл өзің, қайтіп армандарымызды адастырып, берген серттен тайып, тағдыр-талайымызды тас-талқан еттің.
Ол жоқ. Бар болса, бір көрінер еді, сондықтан мен оны жақсы көремін, бір күні ол міндетті түрде келеді, алайда, сол кезде мен де кешігемін, себебі, бұл енді маған керек пе, жоқ па, деп ойланамын, біздің кездеспеуіміз әбден мүмкін.
Немесе, Отан. Мақтай берген махаббат емес. Образын сүй, шалғын кешіп келе жатып, түнде дала кезіп, екі ауылдың арасында, бір жолдың бойында, соңында қасқыр, жорта жата қап, кейін бұрылып, қайта айналып соғып, қалмай еріп, елдің шеті, үйдің алды, қора маңына дейін шығарып салып, туған жердің жануары не іздеп жүр, әлде қараңғыда қаптап жылтырап, күмәнді ойға жетелеп, қала оттарына тақай түсіп не қашықтай беріп, уақытша ма, мәңгі-бақи ма, сен қоштасып барасың, поэзия күңгірт көше, алакөлеңке алаң, ұйықтаған қала, бұйығы көлік, бір өзі сенделіп жүрген жалғыздықтың құпия тарихында.
Нақты емес, бұлдыр, анықты бұлыңғырлаған, бейнесі бөтен, жүзі бейтаныс, уақыты беймезгіл, сен байқамаған, мен аңғармаған, жұрт білмеген, ауылдағы үйдің кіреберісіндегі жүкаяқтың үстінде, шай ішіп отырғанда қойып, таңертең автобусқа шыққанда ұмыт қалған, өзіңді мектепке оятқан ескі сағат.
Сен қазір басқа сағатпен өмір сүріп жүрсің, оятатын қоңырауың да жаңа, есіңде болсын, ескі заттар ескірмейді, оны біз тек ұмытып кетеміз, бар зияны – олар кешегі күнімізді көрген сайын еске салып тұрады.
Естеліктер қинамасы үшін, осы жерде, тура қазір біз өткенді қоқысқа тастап, күдер үзбеген үміттен бақыт талап етеміз.
Ал, бақыт сағынышта ғана бар.
02.12.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here