Дидар АМАНТАЙ

ЕКІ АРБА АЯЗ
эссе

Арқа. Есік ашқанда – екі арба аяз кіреді. Босағадан ілгері – алға ентелей ұмтылады. Кіреберісті жауып кетеді.
Сырма жүрсе, жорғалап, табалдырықтан асады. Тірелсе, ауып түседі. Сенек құшағына құлайды. Бәсең жылжып, қарағай еден бетін жайлап. көкте аунаған қазбауыр бұлт тәрізді – бүкіл үйді алып, кіндігінен байланады. Сосын, іргеден баспалдақтап бірте-бірте көтеріліп келе жатады.

Төбесін жауласа, бүкіл үйді суытады. Әдетте, есікті дүркін-дүркін тартқан сайын лапылдап үйге енетін құшақ-құшақ аязды, пештің жалыны күшейгенде, сыртқа теуіп, далаға шығарып жібереді.

Задында, түні бойы ұшқындаған қар, таңертеңгілік мезгіл басылғанда, аяз басталады. Үскірік алдында, жел үйірген қар бұрқырайды, саңылау-тесіктен сыналап бұзып-жарып кіреді. Сырма қайта жүргенде, жорғалап енген аяз жеткен жеріне байлана кетеді. Ұстағаны – тастай, тістегені – темірдей. Тегі, жабысып, айрылмайды.

Жылы үйде суық түйін тастайды, мұзға айналып, қатқақ үстіне қатқақ қатып, қалыңдайды.

Мұз жылы ұяны мұздатады. Ғарыштың алапат салқыны ақ ұлпа күйінде жайлап, Жер беті, қыр дала, орман-тоғай, бульвар-даңғыл, тіпті, жапалақтап қарағай басына, ағаш бұтағына қонады.

Қыс керуені. Көшіп-қонып жүреді.

Ерте бұрылғаны, қыр басына бет түзеп, жер шолады, сандықтас шоқы, жақпар-жақпар жатаған тауларға, шоқытып шыға келгенде, етекте, сайда қымтанып жатқан ауылдың төбесі көрінеді, сырма жүріп, қар омбылаған беті жылдамдата сырғанап, салқар-салқар көш көлігі, ұзын шанасы, қысқа арбасы қисайып қоржын үйдің алдында қара шоғырланып қалқиып аңдып тұрады.

Қыс келді. Төр – соныкі, еденде жатып, еңбектеп жетеді, бірақ, босағадан соғып, іргеден қатады. Есі жоқта екпіндеп енеді, тепкімен – кетеді. Пештің жауы, пейіштің бояуы. Тамұқтың ызғарындай. Суық, бет қаратпайды. Жұлмалайды.
Бірақ, Арқада үскірік аяз – құт. Қаһарын жаз маусымындай көреді. Қалың түскен қар – ырзық, ұйтқып соққан боран – қуаныш. Бетпақта тізеден қар түскенде, ішін тартып қатты жел тұрады, алай-түлей сұрапыл – жан-жағын жайпап, қопарып, төңкеріп, әрі-бері құйғытып, құйындатып, күш-қуатын үдетіп – жер-дүниені тас-талқан етеді. Төңіректің астан-кестенін шығарады, көз байланады, мал ығады, жылқы үйіріледі, ат құлағы көрінбейді, сапар тоқтайды.

Жер мойны қашықтан жаздың дүбірі құмығып естіледі. Күймесіне мініп, көңілі жайланып, жайма-шуақ дүбірлеп келе жатыр. Жол ұзақ, уақыт көп. Арада – наурыз, сәуір, мамыр – жазғытұрым шақ. Жаздың сыры белгілі, аптап ыстық, қарағайлы орман, бірде өрт, бірде өрт сөндіруші.

Қараша сүрініп-қабынып жетеді. Қылышын сүйретіп қыс күзден басталады. Бұрқасындап тұрады, көлденең жатады, шаңырақты билейді, Желтоқсан кезі. Қыс белгісі, дүлей, ысқырық, ақ түтек боран соңынан жердің апшысын қуырып қызыл шұнақ аяз шаңытады.

Бірден аңғарады. Арқада ірге көтерген ескі қалалардың бірі Қарқаралы – қыстың көзі қырауда.

Қар омбылап келе жатқан қалың жұрт. Шаһар ұйқыдан оянды. Тау басында – қар. Қаптап өскен арша жауын-шашын астында.

Күні-түні ұшқындап мол жауған еді, белуардан келеді. Кей тұсы тізеден асады. Тобыққа түседі. Тағы көтеріледі.

Ел қарға жалпақ күрек тастап, жоталап сырғанақ құйып жүр. Кеше, кештен жүрген бұрқақ сырманың арты – ертеңіне, шытынаған шыңылтыр аязға айналды деген осы.

Таң атқалы.
Бір тыным таппай.

Күпсек қар. Жота-жота. Тіпті, жонданып, қатая бастаған… сіресіп. Енді – күртік. Ызғардан сытырлаған жаппалы терезе бетіне, суықтың қаһарынан шынылары жарылып, сызат түседі. Аяз буғанда, қасқыр құйрық қарағайлар жұтынып, тұрып-тұрып, кенет қақ айырылады. Сымбатты теректер тырсылдап жыртылады. Жол бойы қара ала қайыңдардың бірде етпетінен жығылып, бірде шалқасынан құлап жатқанын көресің.

Жарықтық Арқа жеріне қыс келді.

02.12.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here