Дидар АМАНТАЙ

ЭШАФОТТЫҢ ҰЗАҚ ЖОЛЫ
Әңгіме

Ол мың тоғыз жүз екінші жылы елең-алаң, алагеуім шақ, Нюрнбергте дүниеге келгенде, кейін, қырық төрт жыл уақыт өткен соң, сот шешімі бойынша, туған қаласында өлім жазасына кесіліп, таң алдында дарға асылып, жан тапсыратынын білген жоқ.
Карлхен еңсесін тік ұстап, сабырлы қалпы алдына тура қарап жүріп келе жатты. Жас шаңырақ маңдайы торсықтай ұл туғанына бүкіл ағайын-туысы боп, бірге қуанды. Неміс әулеті қыруар дүние, қалың дәулет, ескі шежіре мұрагеріне ие болды.

1. Балалық шақ
Карлхен зиялы отбасында туып-өсті. Төңірегі оны еркелетіп Карл атады. Әкесі заңгер болды, анасы шығыс халықтары әдебиетінен жергілікті қалалық университет қабырғасында дәріс оқыды. Үйдегі жалғыз бала үнемі назарда еді, күніне қанша бет кітап оқыды, шет тілдеріне қанша сағат уақыт бөлді, жаратылыстану пәндерімен ресми сабақтан тыс шұғылданды ма, бәрі тегіс бақылауда, қатаң түрде қадағаланатын еді.
Бұл кездер Альберт Эйнштейн салыстырмалы теориясының бірінші нұсқасын жариялаған жылдар болатын. Әлем жұртшылығына шексіз ғарыштың құпиясы ашылғандай көрінді, адамзат ғұлама ғалымдардың ұлы еңбектерінен соң, ізденіс нәтижелерін кеңістіктің жұмбағы шешілгендей қабылдады. Бір мезет пенде он сегіз мың ғаламға ие, қожа тұрғысында түсіндіріле бастады. Ғылым табыстары енді Жер бетінде жамандық біткен тоқтағанын, аярлық атаулы жойылғанын үнсіз паш еткендей әсер етті.
Иә, бірақ, деді Карлхен, іштей күбірлей сөйлеп, қарақан басын ойлаған жеке тұлға эгоизмінен ұлт фашизміне өту қиын емес еді. Оны күзет қоршап, баяу жүргізіп, айдап келе жатыр.
Физика Карлхеннің сүйікті пәніне айналды, бірақ, дүниетану жолында математика тұр. Сондықтан, еңбектену қажет. Қысқа өмірінің жолы ұзақ болды. Өзі жүріп келе жатқан эшафот жолындай… күн ыстық, Нюрнберг процесінің қызған шағы. Гитлердің әлегінен тұтас бір ұлт зардап шекті.
Фюрер бүкіл неміс халқын қарабет қылды. Оны енді сол жағына бұрды. Жиылған ел арасымен топ жарып, қиғаштай алып жүрді. Қыз-келіншектерін, апа-қарындастарын неміс қалаларына басып кірген қызыл әскер жасақтары хайуанша зорлады, америкалықтар да қатыгездігімен көзге түсті. Карлхен жас кезінен көп тілді меңгерген, иаһудей балаларымен бірге ойнап өскен, кәдімгі қатардағы қарапайым неміс перзенті болатын.
Неміс жұртының асып туғандығы туралы идея қайдан келгені белгісіз, Адольф Гитлер тізгінді қолына алған соң, дүние төңкеріліп жүре берді. Қара дегені ақ болды, ақты – қара, деді. Әуелі бәрі немқұрайды қарады, себебі, әсіре нәсілшілдік неміс жерінде орнығады деп ешкім ойламады. Неміс табиғатынан тәртіпті, адал, шындық жанашыры еді. Кемеңгер ойшылдары Гете, Хайне, Лейбниц, Кант, Шеллинг, Фихте, Гегель, Шопенгауэр, тіпті, Ницше, Томас және Генрих Манн, қала берді, Энгельс гуманизмді жырлаған қайраткерлер-тұғын.

2. Жастық дәурен
Бірінші дүниежүзілік соғысқа Карлхен өзі сұранып кетті. Соғыстың аяқ кезі, алдыңғы шепке шығысымен, тұтқынға түсті, орыстар оны аяғына тұсау, қолына кісен салып, басқа тұтқындармен бірге, Үркіттен ары, ит жеккен аймақ, Қиыр Шығысқа айдап әкетті.
Кен орнында жұмыс жасады. Қисайып жатқан, қар басқан ағаш барақтарда тұрды, елсіз жерден қашып шығу да оңай емес, әбден қалжырады, оны жұмысқа жарамсыз танып, бірде, көлікке артып, Омбыға әкелді. Карлхен қалаға өлуге келді.
Сәтіне орай, бір күні Омбы ауруханасына шанаға қос-қостап ат жеккен қызыл ішік, түлкі тымақ, жарғақ тон киген Арқа қазақтары келді. Тамыр-таныс көшпелілер адам қадіріне жеткен мейірбан жұрт еді. Хал үстінде жатқан немісті өздеріне сұрап алды. Қазақ түсінігі бойынша, сақарада өлім-жітім, кісі шығыны болмауы тиіс, әрбір адам санатта, түзде, қысы қатал, жазы салқын елде, бір-біріне көмек қолын созу әдепкі дағды, ұлттық салт болатын.
Әй, пелшір, дәрігеріне айт, деді топ басшысы, мына баланы бізге берсін, жағдайын түзеп аламыз.
Қайдағы, деді пелшір, бұл сабаз екі-үш күнде өледі, босқа әуре боласыңдар, бірақ, маған не керек, ала беріңдер, өліп қалса, өздерің көмесіңдер, далада жатып қалмасын.
Тәңірі жарылқасын сені, пелшір, бір соққанда, қанжығаңды майлап кетемін.
Карлхеннің қазақтар щулап жүріп тонға орап, көрпе жапқандары ғана есінде, шанаға арқасы тиісімен, ұйықтап кетті.
Бір оянғанында тізгін ұстаған қазақ орманды жаңғыртып ән салып келеді екен. Соңдарынан шұбырған тағы үш-төрт шана бар, бәйге шапқан жүйріктердей кең тұста бір-бірінен оза шауып, қастарынан ағызып өте шығады.
Қыр астынан созалаңдап көтерілген түтін көрінгенде, қазақ бері бұрылып, ауыл, деді. Сосын, қайыра Ақан серінің ұлы әні “Қараторғайға” басты.
Жылқылар омбы қарды бұрқылдатып, боратып, шаналарын сүйретіп төбе басынан төмен құлағанда, сайдан, құлақ үйлер аралас шағын ауыл көрінді.
Сол күні қой сойылып, Карлхенді жаңа сойылған қойдың терісіне орап, айран қатып сорпа, сапырып-сапырып қысырақтың қымызын беріп, бір айға жеткізбей емдеп алды.
Бұл бір бақытты кезеңдер еді.
Карлхен бір жылдың ішінде қазақ боп кетті. Бөтен емес, керісінше, құрмет-беделге ие. Қазақ – қалжыңы көп болса да, басқа ұлт, бөгде нәсілді жат көрмейтін халық.
Есінде, Карлхен ел ішінде Карлмаркс атанды. Қазақтар, әй, Карлмаркс дегенде, оны естіген төменгі партия хатшылары зәресі ұшып, қатты абыржып, жүректері дүрсілдеп, шошып қалатын. Байқуаныш ақсақал дертінен де, шерінен де айықтырды. Күтті, тіл үйретті, салт-дәстүрмен таныстырды, үйлендірді, енші бөліп берді, оңаша отау тіктірді. Жас жұбайлар қысқы күндері, бет қаратпайтын сары шұнақ аязда, киіз үйде, іргесін қармен бекітіп тастап, от жағып, отыра беретін.

3. Екінші соғыс
Дүниежүзілік екінші қырғын жайында хабар жеткенде, Байқуаныш қарт, ел арасы ушықпай тұрғанда атажұртыңа қайт, замана беті қайда бұрылады, тағы қандай да бір қуғын-сүргін басталса, мен сені құтқара алмай қаламын, деді.
Ол Кеңес Одағы шекарасынан өтіп, ауған, парсы жері арқылы Түркияға бет алды. Әрі қарай оңай. Үш айдың ішінде неміске қараған жерлермен жүріп, ол Берлинге жетті.
Судет науқаны тұсында, өзі сұранып алғы шепке барды. Жас немістермен тізе қосып, жауға қарсы бірге шайқасты. Ерлікпен көзге түсті. Оны әскери оқуға жіберді. Бірте-бірте ол неміс халқының ұлы миссиясына сене бастады.
Қысқа мерзімді курстан өтіп, әскери шен алып, Польша мен Батыс Украина жерін жаулауға қатысты.
Сосын, 1941 жылы 22 маусым күні таңғы сағат 03.30-да Кеңес Одағы шекарасын бұзып, совет жеріне басып кірді. Карлхен басқарған жасақтар деревняларды өртеді, тұрғындарын қырды, кісі өлтіру күнделікті әдепкі ісіне, маманданған кәсібіне айналды.
Жергілікті жұрт ас әзірлеуге міндеткер болды. Ойын-сауық отаулары ашылды. Нәпсі құмар неміс шеріктеріне арнайы мекемелер құрылды.
Бірде, киіз туырлықты қазақ тұтқындарын жинады. Бас-аяғы жеті адам, шағын топ екен. Карлхен таранып асүйге шыққанша, олар кешегі жерлесінің кешігуін тұспалдап, сан-саққа жүгіртті, жоғарыдан белгі, ажал күткен көшпелі елдің ақеділ баласы, шалқар дала перзенттері бұйрық келді деп ұғып, иманымды сақта, жанымды құтқара гөр деп дұға оқыды. Карлхен қазақша еркін, жетік сөйлеп үйге кіргенде, қазақтар шалқасынан түсті.
Ет жеп, сорпа ішті. Қазақтар ел жаңалықтарын сұрады. Таяуда неміс етігінің табаны қазақ топырағына тиеді, деп мақтан айтып офицер меймандарын шошытып алды. Бұл тілек даурығып отырған қазақтарға ұнамай қалды.
Бірақ, жұрт естелік айтып, көңілге қаяу салған тосын хабардың әсерін әлсіретіп, соңын жуып-шайып жіберді.
Карлхен оны ұмытқан жоқ.
Бұрын туыстың ізі еді, қазір жаудың табаны. Мен қазақтарды қалай жек көре аламын деп ойлады ол.

4. Нюрнберг

Ол ұлы мұраттар қаласы Берлинді қорғау кезінде қолға түсті. Әскери жасақтары кісілік келбетін, адами сипатын жоғалтып, тоз-тоз болды. Алып ғимараттар құлады. Биік үйлер қирады. Көшені шаң басты, іші қоқысқа толды.
Карлхенді орыстар көп ұрды. Кезінде өзі жендет еді. Талайының қабырғасын санады, қолын сындырды, басын жарды, тамырын кесті, саусағын шапты, тырнағын жұлды. Ендігі кезек – оныкі, ол төзу керек. Қылмыстың көлеміне зауалдың мөлшері тең.
Қиянат жанын қинады, тәніне жара салды. Карлхен кісілік жайлы ойлана бастады. Ол өзін азаптаған совет солдатына түсіністікпен қарады. Бірақ, кек жолы – тұйық жол. Айуандық тек айуандықты шақырады. Біріне-бірі тіркесіп, жалғасып, созылып кете береді.
Түрмеде ұзақ отырды. Пір тұтқан абыз генералдар жаппай, бірінен соң бірі абақты ішінде асылып өліп жатты. У ішкендері де бар. Кешегі маңғаздық, тәкаппарлық жоқ.
Ол жасаған қылмысын мойнымен көтеруі қажет. Әділет сонда орнайды. Бірақ, одан да биік, адам бойында кісілік үш қасиет өмір сүреді – кешірім, мейірім, сүйіспеншілік.
Оның дәмесі – қазақтың сайын даласы. Сақарада ат мініп, ел аралап, жүре беруге болады. Ешкім іздемейді, іздеген таппайды, тапқан қумайды. Құмға көшеді. Шағылда күнелтеді. Түзде бие байлайды. Іледен – балық аулайды.
Түпкілікті шешті.
Қарға тамырлы қазақтарға барады.
Аргентинадан жақсы.

5. Дар астында
Ол өліміне сенген жоқ. Сот үкімінде бір қателік бар секілді. Шалма түйіп, дар ағашына тақағанда, Карлхен басқа жаза күтті. Қазақтар кеше ғана әулие көрген, қора, қосын әміршісі міндетін атқарған жирен шаш офицерге таңданып қарайды. Ол көрді. Жендет оның аузына шүберек тықты. Дарға көтерді, орналастырды, сосын, тақта өзі төмен сырғыды. Ол қуысқа құлдилап бара жатып екі арада, арқанға ілініп қалды. Ешкім ойланып, түсініп үлгермеді, тез асты. Аяғы жерге тимей, хром етіктері ауада салақтап, теңселіп біраз тұрды да жан тапсырды.
Ол күліп тұрған беті жүріп кетті. Жүзі жан азабынан құтылғанына қуанатын сықылды. Бірақ, көзінде таңырқағандық бар. Таза, адал, анық өмір сүрген сияқты еді. Не қателік оны түбімен құртты.
Үкім оқыған сот көзден таса болғанда, қазақтар қабір қазушылармен әдейі араласып кетіп, ой, бауырымдап, Карлхенге жүгірді, кезек-кезек қапсыра құшақтады.
Баз біреулер, көшпелі елдің Берлинде қалған ұрпақтары арқанды кесіп, қайран Карлхен деп егіліп жүріп, түзақтан босатып, өлікті арбаға тиеп, христиан зиратына апарып, арулап жерлеген деседі.
Қылмыс – мұра, кек – қасиет емес. Ізгілік өнеге көрсетумен, ұзақ тәрбиемен келеді. Бір адамның бойында кісіліктің де, жауыздықтың да дәні бар, бәрі қандай топыраққа түсетініне әрі кім егетініне байланысты.

30.11.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here