Дидар АМАНТАЙ

ДАВРАГА ТУШ
(Өзбек әні туралы эссе)

Ол билей жөнелді. Такт – айқын. Қозғалысы – сергек. Тағы. Бір – екі – үш. Аяғын жеңіл, мұқият басады. Ұқыпты. Тақ сан тәрізді. Үйіріп әкетеді. Тақылдап ұзап барады. Мүмкін, тықылдап. Әлде, жұптасқан ба екен. Жүрегі дүрсілдейді. Би – ғұмыр. Ырғақ екпіні қатты. Тиянақты. Әрі жылдам. Аяғы жерге сирек тиеді. Бастырмалатып кеткенде, оның да қимылы тез.
Он екі мақам өзбек сарыны. Бөтен. Жаңа әуен шықты. Екі қолы бос – жоғары көтерді. Көтере сала, ән жылдамдығына еріп, аяқастынан қос қанатына жайылды. Иықтары селкілдеп қоя берді. Ташкент күні күйіп тұр. Көне Мараканд еске түседі. Самарқанд. Біреулер Афросиабты іздейді. Ұмытқан – көп. Тас төбеден нұр шашады. Көлеңкелер азайып, аптап күшейетін түс әлеті.
Көктен шақыраяды. Сая табар пана жоқ. Жұрт: дабыр-дабыр. Бидің қызған шағы. Даврага туш, даврага туш. Ел толқындай қозғалады, теңіздей теңселеді. Дабдырап жатпайды. Бірден қосылады. Шұғыл кіріседі. Ертең – дабыра.
Түсінікті. Жұрт әдеті – дардитады. Түймедейді – түйедей. Дағды. Ескірген, тозығы жеткен. Қалмайды, біреу тастамайды. Даурығады. Өсіре айтады – дабырайтады.
Даврага туш, даврага туш. Бүкіл денесі – селк-селк – қашады, ұстатпайды. Ғажап, дағара кісі. Даңғырлаған емес, дандайсыған жері жоқ. Шыңдауылды ұрайық. Дабылда. Әлем естісін. Қабылдағаны – көрші жұрт, кешегі жамағайын естісін.
Сөйтіп, дабыр – дүбірге. Дауыс – дабысқа. Даврага туш, даврага туш. Бөлек пе, бірге ме. Дағдармайды. Ұласады. Би – күйге. Сый – құйға. Өнер – сиқырға.
Құяды. Би, шіркін, әрі жалғасады. От тәрізді, лап ете қалады. Өрт. Дүние дөңгеленеді. Аспан айналып жерге түседі. Сөз өзгермейді. Әуез сол беті. Даврага туш, даврага туш. Би не деген рақат. Меймандар тегіс мейірімді. Қонақтар тез қимылдайды, бірақ әсем. Көрнекті, тірнекті – әдемі.
Неткен бақыт! Ән үзілмейді. Таусылмайды. Төгіп жатыр, төгіп жатыр. Бақ деген бір-ақ сәт екен. Бүкіл өмір бір сырлы әнге сыйып кетеді. Даврага туш, даврага туш.
Әуен ойнап, ұзап – кетіп барады. Секектеп. Қозғалақтап. Сірә, Бұқара, Хиуа, Наманган, әлде ғажайып Андижан аттанды ма, мүмкін, Зарафшан, Хорезм, Үшқұдық шақырды ма. Шаршамайды. Би тоқтамауы тиіс. Бүкіл әлем билеп тұр.
Әсілі, Шахрисабс. Беталысы – жұмбақ. Қайда тартты – даврага туш, даврага туш?
Мәңгілікке.
Жүректен – жүрекке!
Орта Азиядан – Евразияға, Евразиядан – елді мекендерге. Басылмайды, үзілмейді, аяқталмайды.

28.11.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here