Дидар АМАНТАЙ

МАРАТ ТАЖИН. ФЭФ ЖЫЛДАРЫ
эссе

Мен 1989-94 жылдары ФЭФ-те оқыдым. Әскерден келген соң, Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазПТИ-дің металлургия факультетін тастап, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-інің философия бөлімінің орыс тобына оқуға түстім.
Үздік дипломмен бітіріп шықтым.
Бұл ізденіс жылдары еді. ФЭФ төрт мамандықтан құралды: саяси экономика, философия, социология және психология. Оқуға түсуге келген талапкер абитуриент үш емтиханнан он үш ұпай жинауы тиіс еді. Демек, кемінде екі төрт, бір бес алуы керек.
Біз өттік. Деканымыз – Елбісінов мырза, экономика ғылымының докторы. Ұстаздарымыз – Әлмира Наурызбаева, В.В. Йевский, Бекет Нұржанов, Қажымұрат Әбішев, Швыдко, Олег Борецкий тәрізді мүйіздері қарағайдай нағыз ойшылдар.
Салалық пәндерден (ежелгі дүние философиясы, неміс идеализмі, диалектика, логика, таным теориясы, XX ғасырдың марксистік емес философиясы) басқа, жоғары математиканы да оқыдық, жалпы биология, жалпы психология, жалпы физика, жалпы тарихтан дәріс тыңдадық.
Негізгі дау, қай мамандық сұранысқа ие, қайсының ілімі ақиқат, келешегі бар ма, бар болса қандай, осы тақырыптар төңірегінде өрбитін.
Сол кезде университет қабырғасында Марат Тажин есімі жиі естілетін. Ол әлеуметтанушыларға сабақ берді. Студенттері үнемі Эмиль Дюркгейм, Макс Вебер, Раймон Арон, Теодор Адорно, Карл Ясперс, Морис Дюверже секілді авторлардың сирек кездесетін кітаптарын қолдарына ұстап жүретін.
Ол біздің арамызда аңыз болды. Енді ғана Лондоннан бір-екі жылдық тәжірибеден өтіп келген беті. Жалындап тұрған шағы. Ағылшынша еркін біледі. Түпнұсқадан оқиды. Бұл сол жылдарда басқапланеталық деген атақпен бірдей еді. Дәрісін тыңдауға құмарттық. Бір аудиториядан екіншісіне көшкенде, кездесіп қалатынбыз.
Бәріміздің де Марат Тажин сияқты шешен болғымыз келді. Ол ФЭФ-те 1988-91 жылдар аралығында қызмет жасады.
Содан кейін мемлекеттік жұмысқа ауысып кетті.
Чехияға Қазақстан Елшісі болып тағайындалғанын естіп, көп жайттар есіме түсіп отыр. Ол – аса білімді адам. Зиялы, қарапайым, еңбекқор.
Жаңа қызметіне сәттілік тілейміз. Елімізге еңбегі сіңді.

27.11.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here