Дидар АМАНТАЙ

КЕЛІНДЕР ПАРТИЯСЫ
эссе

Әдетте, ебін тауып саясатта жүргендер айласы таусылып, қызметі өспей қалғандарды санатқа қоспайды. Табыс нәтиже бойынша өлшенеді, сондықтан, бір тараптан, олардыкі дұрыс-ақ, бірақ, еп деген сөз – менің аса бір жақтырмайтын сөзім.
Еп – жағымпаздық. Қып та.
Саясат кітап оқымайды, алайда, ғалым деген атақтан бас тартар түрі жоқ. Лауазым иелері кінәмшіл, өзімшіл, тіпті, кекшіл келеді. Өз атына айтылған сынды кешірмейді. Қудалайды, жолын кеседі, бағын байлайды.
Бірақ, қорқады. Қорқып істейді. Ұрлықшы десең, қай ұрлығымды біліп қойды екен деп зәресі ұшады. Өтірікші десең, қай өтірігімді сезіп қойды екен деп үрейленеді.
Епті шенеуніктердің емеуріннен де есі шығады.
Енді оларға келіндер қосылды. Жалған сопы судың соры дегендей, партиялар көбейгелі тұр. Көз үйренген бұрынғы орнықты партиялар жақсы еді – анық, таныс, тіпті, туыс, жаңалары шыққанда, көз жазып қалмасақ игі. Әрине, саясатқа әркімнің-ақ таласы бар.
Партия – пысықтың жұмысы. Ептінің олжасы.
Елді жер-жерде билеп тұрған ептілер. Төңірегіне білдірмей, ептеп келіндер де ат ерттеп мініп жатыр. Суыт. Бәрі өзі екен. Үйленгені де өзі, үйді билейтіні де өзі. Қаржы-қаражат көзі де өзі.
Партия құрамын деп, тиын үнемдеп, қор (“копилка копить” еткен) жиғанын енді ашып отыр. Демек, бір бөлке наннан артылған ұсақты шашпаңдар. Партия құруға керек болады. Әйтпесе, ақшаны қайдан алады, кім береді.
Атаның бәрі келін жұмсағысы келеді.
Баяғы да “Келіндер көтерілісі” деген қойылым болушы еді. Спектакль. Мынау – өзгеше. Партизандық қозғалыс. Ісін істесе де, түсін түстей алмайсың.
Бұрын келіндер үйде отырушы еді, қазіргі келіндер түзде жүреді, тіпті, жау тылына шығып кетті. Партизан келіндер құпия тапсырмамен екінші майдан ашуға шекарадан өтті.
Келіндер мықты қаруланған, құпия идеологиялық инструктаждан өткен, жан-жақты дайындалған, тапсырманы орындауға даяр. Қолға түссе де Бас штабы қайда орналасқанын айтпайды. Далаға сілтейді. Киіз үйде бұрыш жоқ, қай ауылды көрсетіп тұрғаны белгісіз.
Еп – ғажап нәрсе. Ең ғажап нәрсе. Ебін келтірсең, есіктер ашылады. Есебін тапса, енелерін баламен тастап, қайың аталарынан да асып түседі.
Әулетін әбігерге салған әлеуетті келін елінің де есін шығармасына кім кепіл. Қайың атасы қаптаған қай келінге ие болсын.
Бір келінді жұмсасаң, жүз келіннің тыныштығын аласың. Олар қиындады. Бас құрады. Топтасты. Енді біртіндеп саяси күшке айналмақшы. Өздерінен-өздері. Ешкім итермелеген жоқ.
Келіндер желікті. Елпілдегендерге желпілдеп не көрінді. Не күн туды бастарына. Тоқалдың тепкісі ме екен. Қайысқан қол келе жатыр. Асүйдегі жұмыс тоқтады. Жұмыстың бәрі қонақүйге көшті. Желіккен келіндердің жалауы қыр астынан сытырлап желбірейді.
Жел қай жақтан соғып тұр екен?

27.11.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here