Дидар АМАНТАЙ

ҚАЙҒЫДАН ҚАЙРАН ІЗДЕГЕН АДАМ
Эссе/Философия

Соққы – қарсылық

Шынында, қатты соққы есеңгіретіп жібереді. Күтпеген жерден тиген соққы (қайғы), әдетте, ауыр келеді, адамды құлатады.
Тұлға қапаланады, қарсылық көрсете алмағаны шымбайына батады. Күйініш – созылмалы дерт. Ұзақ қайғы. Біртіндеп жанын жеген мұң-шер ішіне толады. Уайым жүрген жерде салтанат жоқ. Табыс салғырт көңіл күйден ат-тонын ала қашады.
Неге?
Себебі, біздің санамыз, оның қым-қуыт қызметі қарсылық ұғымына құрылған. Абай да, қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме, деген пікір айтады.
Егер қайғы ұлы болса ше, басына күн туған адам қарсы тұра алмаса ше? Оқыс соққы сағын сындырып, бірден жықса ше, қажытса ше, төсекке таңып таста ше? Шер байлап, түнек қамаған, қапа тұтқынына түсіп, уайымға батқан пенде баласында не қайран бар. Тепкі құлата алмағанды – қайғы әкетеді.
Тек қана күресіп үйренген беймаза сана қасірет шалғанда алдына күресу міндетін қояды. Күрескен соң, жеңу керек. Жеңе алмаса – жығылады. Қатты жығылса, тұра алмай қалады. Салт-дәстүр аясында, қайғыны жеңе алмаған адам абырой-беделінен айрылып, адамдық қасиетін, кісілік сапасын жоғалтады.
Демек, қарсылығы жоқ адам – адам да, азамат та емес. Сондықтан, құса шегеді, Жүдейді. Уайым құрдымына сіңіріп алып кетеді. Түбі – ажал.
Сөйтіп, қайғыдан – құса, құсадан – қаза туады.

Соққы – сабыр

Енді кері жүрейік – ажал мақсат емес. Өмір мұраты – өмір. Неге қарсылық жеңіліске ұшыраса, бізден адами сипат кетеді? Кім шығарған заң? Не қылған низам? Бұ қандай жарлық?
Осы жерде үлкен бір кілтипан жатыр: біз қиын жағдайымызды мойындап, қалыптасқан күрделі ситуацияны боямасыз, қаз-қалпында қабылдауды үйренгеніміз жөн. Анық түсінік іс-әрекетімізді айқындайды. Шешімді оңтайландырады. Сабыр ақылға тыныштық береді. Тыныштық – жақсылықтың кепілі. Соқтықпасыз соқпақ, тура жолға салады.
Ең бастысы, әрбіреуіміздің қатты соққыны жұмсартып бойымызға сіңіріп ала білуіміз. Соққы ұзаққа созсаң, жұмсарады. Қаракет үлкені – осы әрі абзалы. Сонда, соққыдан есеңгіремейміз, керісінше, ес жиямыз.
Демек, біз қарсылықты шегере тұрамыз, екінші, қолма-қол күреске тәуелді емеспіз, үшінші, қайғыдан шығамыз.
Бітті. Жағдайды қабылдадық – жанталасты тоқтаттық. Ілгері немқұрайдылық емес, мойынсынғандық озады. Қысқа мерзімде көрсетілуі тиіс қарсылықтың орнына ұзақ мерзімді жоспар құрамыз.
Байсалды мінезден – ақыл-ойға сүйеніп, сана өзгереді. Қарсылық философиясы “кісі өлтіреді”, қабылдау философиясы – құтқарады.
Сыр шертпе, мұң шақпа, қызығушылық танытпа. Көп күте білген, суда ағып бара жатқан жауының өлексесін көреді, дейді қытай мақалы.
Қабылдаған – көнеді, көнген – төзеді, төзген – өмір сүреді. Өмір сүрген адамның қашанда жоспары бар.
Пенде – өлгенше жоспар. Ғұмыр – жоспардың жүзеге асуы. Қай кезде мән қалыптасуы тоқтайды: егер өмір қиылса, мағына туу да тежеледі. Енді ол – аяқталған мазмұн, ештеңе қосылмайды, алынбайды, өзгермейді.

Соққы – жоспар

Үрейден құтылған үйдей пәледен құтылады. Қорқыныш кеткенде, қалыптасқан ситуация кескіні анық көрінеді, ол шешімнің беріктігіне, түйін байламына, кесім сапасына әсер етеді. Үрей бірден тумайды. Ол біртіндеп қалыптасады. Таңдау еркі жоқ – үрейленген қалпында жасаған қадамы – тұманды түйсік салдары.
Үрей күшейген сайын сенім асқақтығына, іс-әрекет салтанатына сызат түседі, болашағы көмескіленеді, қас-қағым сәті, ұзақ кезеңі мағынасызданады. Зәресі ұшқан сана анық көрмейді, қырағы, сергек қабілетінен айрылады, басты қасиетін жоғалтады – оның формасы ғана бар.
Үрей ақылды матайды.
Бірақ, үрейлі қоғам – жеңімпаздар салтанат құруына қолайлы да пайдалы. Жеңімпаздың жығылған жағы болады.
Үрей тереңдеп қайғы, уайым, шерге айналады.
Бірақ, қайғы – ой ғана емес. Ол – құса. Өлім алды. Уайымнан басталады. Көп уайым – денсаулық, сергек ой, белсенді жоспардың жауы.
Құса ақыры – күйреу.

Соққы – салтанат

Біз ойлануға уақыт таптық. Бұл – жеңістің басы. Ой оң шешімге жетелейді. Шешім – алғы шарт. Екінші қадам – жоспар. Қақпасы – шешім. Демек, шешім бізді жоспарға бастайды. Қақпа ашылады, біз кіреміз.
Ақыл тезге салады. Дұрыстығын көрсе, келесі кезеңге жібереді. Жоспардың мұраты – табыс.
Әдетте, жоспар ақыл-ой естелік кешіп жүрген кезде елес береді. Деталь айқындығы кестені кемелдендіреді.
Қайғыдан жұбаныш іздемеңіз, қарақ, ішіңізге түсіп жатса, құса, төбеңізден төніп жатса, азап.

04-25.11.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here