Дидар АМАНТАЙ

SULTAN’S OFFICE
Эссе
Сұлтан Ыбырайға!

Сұлтан – “Sony” компаниясы арнайы оқу орнының түлегі. Негізі, 1995 жылы КИМЭП қабырғасында дәріс тыңдап жүрген жерінен жапондар тауып алып, оны Лондонға оқуға жібереді.
Себебі – мынау. “Sony” фирмасы Қазақстаннан әрі ағылшын тілін білетін, әрі теле-радио-техника саласынан хабары бар жас маман іздеген екен. Сұлтан енді ғана АЭИ-дің радиотехника бөлімін тамамдап, КИМЭП-ке түскен еді.
Біз 1996 жылы таныстық. Менің “Заман-Қазақстан” газетінде қызметте жүрген бұлағай кезім. Эссе жанрына қалам тартып атым шыға бастаған тұс. Күндердің күнінде ол бір топ Түркия азаматына тәржімеші боп, қасына еріп, біздің редакциямызға келді. Бұл уақыт Талғат Ешенұлы екеуміз газеттің әр санына мақала береміз. Басылымның кезекті саны біздің материалдарымызсыз жарыққа шықпайды. Мен Шынарды осы газеттен тапқан едім. Қазақ баласы емен-жарқын, жалпақ тілмен редакциямызға English-тен Qazaq-шаға емін-еркін қолма-қол аударып тұрды. Біз таң қалдық.
Кейін, 1997 жылы “Хабар” Агенттігіне” соқты. Бұл жолы жапондарға аудармашы боп жүрді.
Біз дос боп кеттік. Қайратымыз қажырлы, күшіміз көп, жалындаған жас шағымыз. Мақсат-мұратымыз – айқын. Көксейтініміз – қайраткер тұлға, ықпалды қаламгер болу.
Оның Абай даңғылы бойында кеңсесі болды. Төрт-бес бөлмелі. Іші жиһазға толы. Бірнеше телефон, факс, сканер, көшірме жасайтын аппарат, компьютердің өзі қаншама, сосын… тегін Интернет пен сегіздік, яғни қала-аралық, халық-аралық ақысыз байланыс.
Түрлі сандық өнімдер, теле-радио техникалары, құрал-жабдықтар, қаптаған сымдар, бір-біріне жалғанған, біз білмейтін бір машиналар, қораптар, құрама сөрелер, құжынаған темір-терсектер… бұл бір ұжмақтың ұмыт қалған бұрышындай еді, бөтен ешкім келмейді, бейсауат адам бас сұқпайды.
Алайда, қызығын біз көрдік. Әңгіме басамыз, роман жазамыз, қолжазбаларды тереміз. Дүние жүзімен хабарласамыз. Бәрі – тегін. Сұрауы жоқ. Көрнекті түркітанушы Нәпіл Базылхан ғылыми диссертациясын дайындайды, кейде кілтін сұрап алып, түнге қалады, таң атқанша шұқшиып, қыпшақ таңбалары жұмбағын шешіп, Орхон-Енесай бітік жазуын зерттеп отырады.
Әлемдік он озық оқу орны қатарына кіретін, атақты Лондон экономикалық мектебінің түлегі, математика маманы, атасы Елубай Базымұлы Тайбеков 1951-1955 жылдары ҚазССР министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған, интеллектуал Нұрым бітпейтін бір емтихандарына дайындық жүргізеді: TOEFL, IELTS, GIMAP…
Француз, испан, неміс тілдері бойынша қаншама методикалық кітапшалар, курстық жұмыстар, дипломдық зерттеулер қалыпталды, тіпті, кейбір уақ Сұлтанның жапондық офисі киіз туырлықты қазақ әндерінің тұғырлы сахнасына айналып кететін.
Той, туған күн де жасап тастайтынбыз.
Қашанда елге қызмет, ұлт мұраты туралы үлкен-үлкен әңгіме-сұқбаттар жүріп жататын. Түркі тарихы, қазақ әдебиеті, әлемдік гуманитарлық ізденістер, экономика мәселесі, гравитациялық күштердің кванттық теориясы, ғарыштар келешегі, бәрі-бәрі топшыланып, сараланып, талқыланып, аса бір тартымды атмосфера құрайтын.
Сонымен қатар, махаббат жайлы, сұлулық туралы, талғам хақында көп сөз жарыстыратынбыз.
Бұл 1996-1999 жылдар аралығы еді. Сұлтан офисі қазақ руханиятының орталығына айналды.
Өзі де сақара жұртындай кең пейіл, елгезек, қонақжай, қамқор, жанашыр тұлға.
Сұлтан кеңсесіне байланысты өткен көп жайттар әлі есімде, күні-түні қол босаса-ақ сонда жүретінбіз.
Жайма-шуақ кештер, түскі ас, таңертеңгілік кофе, не деген сұраусыз дүние десеңізші. Бақытты кез деген осындай-ақ шығар.
Сол жылдары Сұлтан көбімізге электронды пошта ашып берді. Бәрі таңсық, бәрі қуанышты, бәрі алабөтен еді.
Алғашқы ұялы телефонды да Сұлтан офисінен көрдік. 1998 жылы бұл ауыр телефонды сөмкемізге салып алып жүретінбіз. Қайта-қайта жан-жаққа қоңырау шаламыз, олар бізге кері звондайды, сосын, құрбы қыздарымызға мақтанып көрсетеміз.
Сұлтан бізге компьютер бағдарламаларын пайдалануды, қолдануды үйретті. Мен 1998 жылдан бастап қолыма қалам ұстаған емеспін.
Бүгін бірге, бір дастарқан басында шай ішіп отырған Сұлтан ертеңінде не Лондонда, не Амстердамда, не Брюссельде жүретін.
Еуропаның, АҚШ-тың талай ағылшын тілді нәсілінен сұрадық, Моэмді танымайды, Хэмді білмейді, Фолкнер туралы естіген емес.
Басымыз бос, жасымыз отызға таяу, арманымыз қалың еді.
Сұлтан таксиімізді де төлейтін. Жалақысы қомақты, жолы тегін-ді.
Бүгінде сол офис ғимараты тұсынан өтіп бара жатсам, қалтарысынан Сұлтекең шыға келетіндей көрінеді. Оның Астанада екенін білемін, бірақ, дәметіп офис жаққа қарап-қарап қоямын.

25.11.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here