Дидар АМАНТАЙ

КІШКЕНТАЙ АДАМ
әңгіме

Жақып даңғыл бойында тұр. Кеш қарайып барады. Қас үйіріліп, ымырт жабыла, ол автобусқа мініп, үйіне қайтады. Үйі – Шаңырақта, жалдағанына айдың жүзі болды, ұядай тар бөлме, шағын, ортасында – пеш.
Ол бүгін ақша тапқан жоқ. Ертең бастауыш сыныпта оқитын қызына тиын-тебен бере алмайтынына ренжулі.
Қападар.
Қатты уайымдап кетті. Қызы беске оқиды, бірақ бесіне ақша сұрайды, еркелеп, бермесе – табаламайды, алайда, Жақыптың өзі сұраған кезінде, дер уағында баласына бес-он тиын ұсақ тауып бере алмағанына налиды, кейде, көзіне жас толып, теріс айналып кетеді.
Жақып тас-түйін, іштей бекініп алған, қайткен күнде бұл арадан табыссыз кетпеуі қажет. Қонса да, бірдеңе тауып қайтпақ.
Кісі аяғы басылды, көшеде ел азайды, ол қараң-қараң етіп, жол бойында шамдары жарқыраған әдемі автомобильдерге, жүк артқан үлкен машиналарға елегізіп, ентелеп, қарсы алдарынан шығады, қалып қойса, ұмтылып, соңдарынан жүгіреді. Әбден мазасы кетті. Шаршады.
Кейде, қуып жетіп, асығыс тілдесіп қалады. Шопыр басын шайқайды. Жай тоқтаған боп шығады. Қайыра жүріп кетеді. Бағаншамдар күңгірт, ештеңе анық емес, күні бойы қасында тұрғандар мана тарқасып кеткен. Ол жалғыз өзі жол жағалап жүр. Беймезгіл уақыт болса да, кетер емес.
Бүгін – сәтсіз күн. Сәуірдің соңы, жазғытұрым мезгіл. Жақып күдер үзді. Енді көлік сиреді. Қарны ашты, қалтасында жолақыдан басқа ақшасы жоқ. Көнуге тура келеді. Қызы асханадан қарызға тамақ ішуге намыстанады. Арланады, құрбыларыңа сылтау айтып, асханаға бара жатқан жолдан бұрылып кетеді. Сабағына әсер етпейді, керісінше, жігерлендіріп жібереді. Көкесін қуандыруға асығады. Бес. Күнделігіне қойғызып алады. Ол – оқу озаты. Ас дайындап жүріп түрлі ақындардан өлең оқиды. Үш тілде. Қолы ожау-кәкпірден босағанда, сермеп-сермеп қояды. Анасы есінде жоқ. Бірақ, жыр арнайды. Баз біреулер топырақтың астында өмір бар дейді. Аяжан сенбейді. Адам өлген соң көміледі. Ал, шын мәнінде, жүрек тоқтаған күні бүкіл тәні, жаны, санасы өледі. Алайда, біз марқұмдарды сыйлауымыз керек. Есімін қастерлеп, бейнесін әспеттеп… мен анама қарыздармын, көкем айтты, екеуміздің осылай жүруіміздің өзі шешемнің арқасы. Бір-бірін сүйген, қимай жүрген, ақыры табысқан, қосылған, нәтижесі – мен.
Жерге отыра кетті. Аяжан ыстық тамағын суытпай, қайта-қайта пешке қойып отырған шығар.
Кенет шулы топ көрінді. Көңілді. Терезелерін түсіріп тастаған. Ақ көйлектері жарасымды. Галстуктары байрақтай желбірейді. Үш-төрт қымбат машина ағызып-ағызып келіп, көлденең-көлденең тұра қалды. Бәрі есіктерін ашып, сыртқа шықты.
Шөлмектерін шығарып жатыр. Рюмка-фужерлер қойылды. Ақ көйлекті жігіттер ішіп-ішіп жіберіп ыдыстарын тротуарға сындырады. Бір-ақ ұрады. Шынылар жан-жаққа шашылады. Қыздары мәз болады. Кенет оны көріп, өздеріне шақырды.
– Бері кел, бауырым.
Ол тақады.
– Мың теңге беремін, екі жүз граммды тартып жіберші.
Жақып ойланқырады.
– Екі мың теңге – төрт жүз грамм.
– Тоқтамай ма?
– Тоқтамай.
– Жарайды.
Ол жұрт ұсынған екі фужер конъякты қолына алды. Жүздеріне қарады. Бәрі күтіп тұр.
– Дем алмай?
– Дем алмай.
– Е, Алла, сақтай гөр!
Жақып ішіп салды. Уағда бойынша іле-шала екіншісін босатты. Сосын, теңселіп кетті. Екі-үш қадам ілгері басып, құлап қалды. Басы айналып жерде жатыр. Қыран-топан күлкі. Екі қолында – екі фужер.
– Тағы?
– Үш мың, – деді ол.
Олар бес мың берді.
– Ертең тағы осы жерде тұрамын, – деді Жақып.
– Үйіңе қайт, – деді біреуі.
Жақып тонып оянды. Түн іші. Даңғылдың бойында ешкім жоқ. Қалтасында бес мың теңге жүр. Есіне қызы түсті. Пісіріп жатқан тамағы қайта-қайта пешке қойған соң, күйіп кеткен шығар. Ол үйіне қарай жаяу кетті. Мағжан Жұмабаевқа шықса, жолды көлденең қиып алады. Сосын, төтелеп тез жетеді.
– “Мен жастарға сенемін”!
Қарсы алдынан полиция көрінді. Көк жолақ автомобилі қатарласа бере тоқтай қалды. Ішінен екі жігіт шықты.
– Құжаттарыңыз.
– Үйде.
– Кеттік.
– Қайда?
– Бөлімшеге.
Әуелі бес мыңын тәркіледі.
– Жігіттер, – деді Жақып, – қызым күтіп қалды.
– Штрафты кім төлейді?
Олардың ойларын түсіне қойған Жақып алдарына тізерлеп жығыла кетті.
– Ағатайлар-ау, ақшама тиіспеңіздерші.
Екеуі бір-біріне қарады.
– Жартысын тастап кет.
Ол өкіріп жылап жіберді.
– Ағатайлар-ау, ақшама тиіспеңіздерші.
– Тұр.
Біреуі бір тепті.
– Тіс жарма.
– Ешкімге айтпа.
– Жақсы, жақсы.
Олар ақшаның тең жартысын алып қалды да, оны босатып жіберді. Жақып таңғы суықта қалбалақтап келе жатты. Өз көзіне өзі сенбеді. Аяжан шапан жамылып есік алдында тұр. Жақып жүгіре жөнелді.
– Көке-ау, қайда жүрсіз?
Жақып күлімсіреді. Жүзі бал-бұл жанды. Бір құпия сырды айтқысы келгендей, қызының құлағына ақырын сыбырлады.
– Біз баймыз, – деді ол.
– Бір мың теңге ме?
– Қайдағы, – деді Жақып, – екі жарым.
Қызы қуанып құшақтай алғанда, ол ары қарап үнсіз жылап тұрды.

24.22.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here