Дидар АМАНТАЙ

ЕКЕУ ЕДІК
Эссе/ Әңгіме

Расында, кейде өзімді-өзім, он сегіз мың шексіз ғалам аспаны, сүрлеу-соқпақтарымен адымдап жүріп келе жатқан ұлы Тәңірдің, тас төбемнен құлаған, қалың түскен, ұзын көлеңкесінен, қарайған (жарқыраған) әсем сұлбасынан қалып қоймайын деп жанталасып, соңынан ілесіп қозғалып бара жатқандай сезінемін.
Тәңірім, қуат бере гөр!
Кеш сыйынғаныма өкінетін сыңайлымын, жанымды азапқа байлаған, белінен бейнеті басқан, кешегі сылыңғыр, сұңғыла нәсіл енді бүгін ауыр сынағына төтеп бере алмай қаламын ба деп қорқады.
Басыма күн туды.
Беу, жалған-ай. Жасымда Иманжүсіп едім, бозбала шағымда кафе кездім, ресторан араладым, қыз-қырқын құшағымда, қара мақпал шашы жібектей сусып жүзімді жауып кететін.
Еркім өзімде, емін-еркін түн қатып, тас өрілген алакөлеңке көше-бульварлар бойында, қаптай тізілген таверна-барларға кезек-кезек бас сұғып, біресе шығып, біресе кіріп, екі ортада сенделіп, Тәкең екеуміз кешті батырып, таңды атырып, қысқы тонымызды сүйретіп, қыдырып жүретін едік.
Жаз күндері түнгі шамның түбінде отыратынбыз. Шам төңірегіне көмескі жарық түсіріп, терасса алдымызды көлегейлеп, өтіп жатқан машиналардың дыбысы ғана естіліп тұратын.
Қызық көп еді. Кешіп тауыспайтындай мол қызық ұшты-күйлі жоғалды. Тып-типыл. Енді – ештеңе жоқ. Бірден, сап тыйылды. Пышақ кескендей. Бәрі естелікке айналып кетті. Қиналамын. Сор күтіп тұрған екен. Қызық соңынан қиындықтар, рақат артынан – зауал…
Бір жартыны рюмкалап тауысамыз, күрең конъякті фужерлеп ішеміз. Әңгіме қыза түседі. Әр шөлмегі қып-қызыл ақша тұрады. Бетіне қарамаймыз. Қызған сайын шашамыз.
Ол қайдан келіп жатыр. Белгісіз. Қалтамыздан шыға береді. Өмір мен өлім, достық пен сатқындық, сүйген жар мен көрген ұрпақ жайлы әңгімелесеміз. Біз бойдақпыз, бейсауат көп жүреміз, бір кафеден бір айдай сұлу қыз кездесіп қалатындай көрінеді. Шынымен, біреу-екеуді табамыз, ертеңіне өкініп жатамыз, күліп еске аламыз, бірақ ешқашан бұның бәрі күнә, кейін алдымыздан шығатыны туралы ойланып көрмеппіз.
Шәкірт кезімізде пәлсапаны оқыдық. Биге құмар едік. Уитни Хьюстон марқұмды тыңдап жатып ұйқыға кететінбіз. Әр сенбіде би ұйымдастырамыз. Би болмаған кеште қатты қамығамыз. Бос өткен уақыт өзегімізді өртейді. Бір кезде фойеден музыка шыққанда, бәріміз дәлізге жүгіреміз.
Мен әуелі қостанайлық Айгүлді жақсы көрдім. Сосын, Керекуден Жанарды, іле-шала Динара бізді сүйіп қалды, біздің құмарымыз Ирина болды. Қазір, не керек, бәрі ұмытылды.
Екінші курста өрісіміз кеңейді. ҚазПИ-ден Сәуле, қызылордалық, Сәтбаев көшесінен Гүлнәр, Қазақфильм ықшам ауданынан – Шынар.
Қарағандыдан – Гүлмира, Қарағайлыдан – Бота. Түркістан қаласынан – Маржан. Орбита жақтан – Зәуре.
Біз сүйдік, олар сүйді. Сосын, жындыға ұрындық.
Тәкеңді Астанадан күтіп жүретін едік. Асқат деген боксшы досым екеуміз студенттік жылдар тонның ішкі бауындай етене араластық.
Бұл күнде жалғыз қалдым. Пенде ризығы, адам өмірі, кісілік туралы жиі ойланамын. Істеген ісіміздің, жасаған еңбегіміздің мәні бар ма өзі. Қойған сұрақтарыма жауап бере алмай қиналып кетемін. Неге бұлай болды, қайтіп басымызға бұлағай тағдыр бұйырды, ең қатты адасқан жерім қайсы, Тәңірім неге мені аямады, білмеймін.
Мен жігерлі адаммын. Мазамды алған тоқсан тоғыз сауалдың, бәрібір, бір жауабын табамын. Сол кезде дертім де шегініп, мен, кәдуілгі мен, Дидар Амантай, жаңа өмір бастаймын.
23.11.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here