Дидар АМАНТАЙ

САУЫҚ МӘДЕНИЕТІ
Эссе

Тегі, асқақ эстетика тегіс сауық мәдениетіне айналды. Өнердің еліктіретін, елдің көңілін аулайтын қасиеті болмаса, ол – пайдасыз кәсіп.
Көзқарасы жат, түсінігі бөтен, танымы өзге, жаңа ғасыр жетті. Бөлек архитектуралық тіл қалыптасты, жалаң нәтижелер қоғамы бой берді. Туғызушы себеп жаратқан салдарынан кейін көрінді. Ықшам сәулет орнады. Дәл, анық, нақ. Модерндік талаптар постмодерндік контекстен, ақпараттық кеңістік әлемінен көрінді. Енді, көркем шығарма елді зеріктірмеуі тиіс, езу тартқызатын сайқымазақтың заманы туды, оқырман, тыңдарман, көрермен нәсілі қасиетінен айрылды, табиғаты өзгерді.
Сергітетін, серпілтетін өнер жеңді. Ой салатын туындылар аттан түсті. Көп ойланғанды жақтырмайтын, жиі сөйлегенді ұнатпайтын орта пайда болды.
Сізді әр уақ алдандыратын, жұрт қаяу салған қам көңіліңізді жұбата алатын, уайым-қайғыдан айықтырып, қалжыңға шақыратын, күлкіңізді келтіретін өнер-мәдениет түрі – дайын халықтан қолдау тапты, қоғамнан сый-құрмет, әлеуметтен абырой-мәртебе иеленді.
Саясат ескі қалыптан шықты, өзгерген заманға бейімделді, көпшілік айбалтаны алаңдардан көрген жоқ, оны экрандардан байқады, әсерлі музыка алып шоуларға ұласты. Формалық ізденістер шындыққа деген постмодернистік мазмұндарға толды: ақиқатқа енді ешкім үстемдік құра алмайды, шындықты айтуға бүкіл ғалам, бар дүние, қалың әлеумет, тіпті, қоғамның әр мүшесі дайын, телевизияларды жүздеген интернет-арналар бәсекеге шақырды, қолайлы, жылдам, виртуалды еркін теледидарлар қаптап ашылды, идеология жайлы ой қозғайтын институттар көбейді, рух майданы бір ғана құзырдың меншігі еді, елде күресетін алаңдар саны артты. Идеялық қақтығыстар Жер бетін жаулады. Күрес әділ, тең, бейбіт жүрді. Білім шешеді, кесімді технология айтады.
Күрделі пассаждардың орнына түсінуге жеңіл месседждер келді.
Пассаж – көлемді, терең, іргелі ой-толғамдар, құндылық-қасиеттерді орнықтырған ой-толғаныстар. Болашақтың пішіні, ақыл-ой өнегесі.
Месседж – үзік-үзік телеграммалар. Ватцап немесе инстаграмм, тіпті, твиттер, фейсбукте ғана ойға орын бар, сөзге жөн, пікірге – еркіндік. Қысқа сөйлем терең болады, бірақ, басқа масштабқа шығу үшін жаңа көлемдер, орасан зор кеңістіктер қажет.
Ықшам ақпар, шағын хат-хабардың міндеті төменге жоғарыдан белгі беру. Емеурін көркем тәсілде ұтымды, мәлімет жолдағанда – күңгірт. Сәлемі ұзақ, сілемі анық болса, елге де тез жетеді, мұратын да дәл табады.
Белгі – идеология квинтэссенциясы. Нығыз, сығымдалған нәрі. Бірақ, нәрдің өзі емес, образы. Белгісі, сілтемесі. Елесі.
Негізі, белгіге сену керек. Егер белгі сенім туғызбаса, тозығы шыққан үлгісін ауыстырған абзал. Зады, грамматикалық ережесін қалыптастырған белгі біртіндеп тілге айналды. Таңба дыбыстан озды. Саясат – шын сөз емес, белгісінде жалған пафос бар, елді адастыратын асқан пафостың асқақ эстетикаға түк қатысы жоқ.
Пафос – фальштің қорғаны. Жалған сөздің өмір сүру формасы – пафос. Саяси хат-мәтін қандай жолмен болса да көрсетілген мекенжайына жеткізілуі тиіс. Қол созған мұраты – мүдде мәні. Саясат айсберг тәрізді, ұшын көреміз, су астында жүзіп келе жатқан үлкен бөлігін байқамаймыз. Ол – титандар күресі.
Әсілі, титан тағдырдан “Титаниктер” туады. Титандар – мұзтауларды, мұзтаулар “Титаниктерді” қиратады. Ештеңе кедергі емес. Саясат мұхитында бәрі алға жүреді, кідіргені кейін қалады, ұмтылғаны ілгері озады, ұмытылғанға – өмір жоқ.
Саясат пен поп-жұлдыздың өлермендігі – тете. Бір туған, бірге өмір сүреді. Атағы кетсе, ажалы келеді.
Ол – қысқа мерзімді әлеует. Әлі жеткенше күреседі, жағасы жыртылғанша жағаласады. Күшінен айырылғанда күшене сөйлегені ғана қалады. Саясат – сауық атаулыға ағайынды.
Сауық – шындықты жасыруға аса қолайлы тетік. Ол – саясаттың уақытша серігі. Дәуірі жүргенде, туыс, дәурені өткенде – қасы.
Қоғам сауықты жақсы көреді. Сондықтан сайлауды мерекеге айналдырады. Сауықты сүйген – саясатқа да адал.
Саясат күлкісі келмесе де күледі, жылағысы келмесе де жылайды, ойнағысы келмесе де ойнайды. Шынайы емес. Саясатта ашық адам жоқ. Ойнаймын дегені опық жейді, ойнамаймын дегені өкініште қалады.
Еріксіз қатарына қосып алады. Талаптанған адамға талап қатты. Саясатта бейтарап позиция жоқ. Дос емесі – жау, дұшпандығы жоқтың қалауы бір.
Үш түйсіктің үлкені.
Бесенеден белгілі, сауықшыл елді басқару оңай. Сауық арманы – шексіз қызық. Тарқамаған қуаныш, үзілмеген – ән, әуез, сарын.
Әдетте, сауықшыл елдің үкіметі тойшыл. Той – тойғандықтың белгісі емес, аштықтың көрінісі. Күнде ет жеп, сорпа ішкен күнде той күтіп жүрмейді, күнде ет жеп, сорпа ішеді.
Үлкен той – кедейшілік салдары. Өскен-жеткенін өстіп көрсетеді. Сондықтан, әр бағдарлама – той. Халықтық қуаныш, рас па – әрине, тырнақша ішінде.
Саясатқа ілінген дөңгеленеді. Дөңгеленген – төртбұрыштанады. Саясатқа білім керек емес, оның іздегені – өлермендік пен өтірік, өсек пен жалған өсиет.
Жалған өсиет – ескіліктің белгісі. Өсиеті көп саясаттың өтірігі де көп.
Саясат – сауық. Бойын тез үйренеді, сойын тез бүлінеді, ойын тез өзгереді. Топқа кіргенде, Сырдың суы тобығыңнан келеді. Жалдай бер – Сыр қашанда терең…

22.11.2019

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here