Дидар АМАНТАЙ

ПОДОНОК-2
(Ш. қаласында тұратын алаяқ ректор Шейір Зұлқарнай туралы)
Әңгіме

1.
– Иә, сонымен… – деп бастады қаламгер сөзін, – сендер, кіші ұрпақ,
білмейсіңдер, подонок туралы көркем шығарманы ең бірінші рет қазақтың заңғар жазушысы, ұлы Мұхаң – Мұқтар Мағауин жазды.
Сосын, үнсіз қалды. Біраз ойланып отырып:
– Екінші – мен, – деді.
– Е, неге біз білмейміз?
– Білесіңдер ме?
– Иә.
– Жөн екен.
– Подоноктану бүгінде үлкен ғылыми салаға айналып отыр.
– Рас.
– Сіздікі не жайлы?
– Өкінішке қарай, подоноктор нәсілі мәңгі жасайды.
– Иә.
– Олар ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқан өлермен
подоноктық қасиетке ие.
– Дәл үстінен түстіңіз.
– Біздің подонок – анау-мынау емес, әккі коррупционер подонок.
– Говорят, настоящий коррупционер.
– Да. Всех купил.
– Никто не может его остановить?
– Он же вор. У него уйма денег.
– Расхититель государственного имущества.
– Әдетте, подоноктардың бәрінің бет-әлпеті бірдей жылтыр келеді.
Сөзі майда, мінезі жұмсақ, елге жұғысты, қунақ, шегір көзі шегіртке жанарындай жансыз, тесіле қарағаны, әлде ұйықтап тұрғаны белгісіз, жылдам сөйлеп, зыр жүгіріп, есіңді шығарады.
Үнемі – көзге түспейін деп көзәйнектің ту сыртында тығылып жүреді. Подонок – жалған ғылым иесі – қолдан жасалған доктор. Көбіне тарихты қаузайды, аты бар, заты жоқ, беймәлім конгрестерді жағалайды. Жәукемдеуге оны ыңғайлы көреді, өзін – епті санайды.
Подонок – ғазиз жанның бір сәттік әлсіздігін, дегдар тұлғаның бір күндік дәрменсіздігін, зиялы жақсының бір жылдық қорғансыздығын пайдасына асырған алаяқ жауыз адам. Ақеділ пенденің сеніміне кіріп – адалдығын арамдаған қара жүз пенденің өзі, қаскөй. Біреуге не бір елге қарсы қасақана жасалған қастандық иесі.
Біз өзіміз тапқан арсыз подоногымызды жерлемей, былғамай, қорламай Шейір Зұлқарнай деп атадық. Шайыр деп атауымызға да болар еді, бірақ, Шейір дұрыс. Алғашқы мес қарын, қомағай, жуан әрпін ауыстырып жібердік.
Меніңше, жақсы есім, жалпы, подоноктор бір-біріне ұқсас туады, бір-бірінің тағдырын қайталайды. Бір-бірінің ізін басады. Үлкені ректор болса, кішісі – көмекші, алдыңғысының қызметі өссе, соңғысына орнын тастап кетеді.
Бірақ, кез келген уақыт – бажа. Әуелі, балдызды-жезделі ағайын бажа еді, енді қос аяқ, екіұрық подонок – етек бажа, паршагүлдерге дос, туыс, серік (партнер), тік тұрған , нық тұрған, қаз тұрған – жуандар! Күні ұзақ аңдығаны – ұрғашы, кеше, дәулеті шалқыған екеуі де, қандай ғанибет, дер кезінде бір қорадан табылды. Бір мезгілде табылды. Бірақ, қорадағы үлкен көзді, кең етекті ұрғашы ірі қара кейде ақ джип/көк джиптегілер бауырынан да пана табады.
Иә, сонымен… бірді айтып, бірге кетіп жатырмыз.
Көп өткен жоқ, осыдан дәл бір-екі жыл бұрын, жиырма сегізінші сәуірде, Ш. қаласына жұмысқа барған бір қаламгердің есеп-шотына бес жарым миллион тенге ақша түсті. Өзіне осыншама көп ақша түскенін ол білген де жоқ.
Уақиға былай басталып еді.

2.
Бірде, ерні күл-парша, беті быт-шыт, төртбұрышты Паршагүл деген ханым айтып қоймаған соң, жазушы қарызға ақша сұрап білдей бір университеттің ректоры Шейір Зұлқарнайдың алдына барады. Шегір көз, шегіртке айғырындай бойы бар, қоңыз теріп қоң жинаған, дәреті ұстамайтын, алайда, ышқыры бос әнші қатынға үйір… Қарызға сұраған үш жүз мың теңге ұзақ әңгімеге айналды.
Қу еді, ректор өз мекемесі атынан жазушыға кітап жазуға тапсырыс жасайық деген ұсынысты алға тартады. Тақырыбын өзі айтады, қаламақысы – үш миллион теңге, бірақ, енді сен өзіңе тиісті ақшадан маған тең жартысын бере тұр, мені бір адамдар қысып жатыр, алдағы уақытта қайтарып беремін, деп емеурін білдіреді.
Есінде, бұл, шамамен, ақпан-наурыз айлары болса керек. Алайда, тақырыпқа сай дайын кітап бар болса, қазір жібере бер, біз баспаға беріп қояйық, келісім-шарт кейін жасала жатар, деген ректор Шейір Зұлқарнайдың сөзіне жазушы сеніп қалады, электронды пошта арқылы қолжазбаны А. (антұрған) деген ректор көмекшісіне жөнелтеді. Көмекші – ректордың туысы.
Жазушыны ректорға жіберген Паршагүл ханым еді, кейін ол бәрін ұйымдастырған ректордың, яғни Шейірдің өзі, көмекшісі қолдау білдірді, сөйтіп, қылмыстық топ құрды, менің еш кінәм жоқ, деді, керек болса, аяғыңа жығылайын… жығылды, бәтеңкесін сүйді, төпілиін жалады.
Дайындаған шарты бар ма, жоқ па, болса, өздерінде, қолдарында, уыстарынан шығармайды, не хабарласпайды, не бас тартпайды. Сөйтіп жүргенде, жазғытұрым болады, сәуір туады. Жым-жырт. Қолжазбаны алғаннан бері тып-тыныш, үнсіз жатыр.
Бір күні, көкек айының соңына қарай, дәлірек жиырма сегізінші сәуірде, таңертеңгілік мезгіл ректордың көмекшісі телефон шалады: “Бәленбай-түгіленбай банкіде жолығайық, біз ақша аударып қойдық, келісім-шартқа мөр бастық, енді Сіздің мүбәрак қолтаңбаңыз ғана қалды, қаламақыңызды тұтас аласыз. Шұғыл жетіңіз”, – дейді.
Қулық-сұмдықты білмейтін жазушы сенеді. Күмәндануға еш себеп, негіз жоқ, белгілеген уақытында қаржы үйінің табалдырығын аттайды. Ол кешігіңкіреп келеді, жалғыз өзі.
Келе сала дүрсе қоя берді, ойбай, құрыдық, Тәңірі төбемізден ұрды, банк қазір жабылады, тәптіштеп қарайтын, жете танысатындай ештеңе жоқ, мерейі асқан, мейлі, – досыңыз, алдайды, жер қаптырады дейсіз бе, қаламақы келісілген мөлшерде, тез қол қойып жіберіңіз, кассаға ақша түскелі жатыр, аудардық, мен асығыспын, шаруа көп.
Әдейі апыр-топырын шығарады. Ол безектеп, қолды-аяққа тұрмай, қырық құбылады, жазушыға жылдам қол қойғызады да, кассадан үш миллион бес жүз мың теңгені тез санап, пакетіне жақтаудан қотарып салып алады, сосын, алды-артына қарамай, Ғабең сомдаған қашқын кейіпкердей зыта жөнеледі, жәрдемдесіп жатыр деп ойлаған ректор көмекшісі тонауға, шабуға келгенін көреді.

3.
Жазушы дереу келісім-шартты алып, көз жүгіртіп бір қарап өтсе, үш миллион теңге орнына бес жарым миллион теңге жазып қойыпты. Ең бастысы, жазушыны тапа-тал түсте, алдап, арандатып, тиісті қаламақысын бермей, тонап, қашып кеткені. Жазушы не істерін білмей қалады. барлық қағазда қолы тұр, бірақ, қалай өңін айналдырса да, бұл қарақшылықтың нағыз өзі емес пе! Жазушы ойынша, бұл күресте оны жорналшы қауым, тіпті, қазақ елі қолдауы тиіс.
Кейін құпиясы ашылды, естуі бойынша әрі көрген-түсінгеніне сүйенсе, ректор мен Паршагүл екеуі бірігіп, ақылдасып отырып жасаған ортақ қылмыс екен.
Ректор Шейір Зұлқарнай тұтқасын көтермейді.
Подонок!

2017-2019 жылдар

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here